Отандық медициналық өнім, нейроxирургия және ғылым. Нейрохирургпен сұхбат
Маман қандай ғылыми зерттеу жүргізгенін айтты
Қазір мемлекет ғылым саласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Әсіресе, медицина саласындағы зерттеулер мен тәжірибелерді жүзеге асыру аса маңызды. Медицина саласындағы ғылыми зерттеулерге грант бөлу, жастарды қолдау, ғылымды бәсекеге қабілетті ету бойынша бастамалар әлі де болса қажет. Ғылымды дамытуға құштары мол, елдің денсаулық сақтау саласының ілгерілуіне үлесін қосып жүрген медицина қызметкерлері де ортамызда баршылық. Олардың бірі - ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығында еңбек ететін дәрігер-нейрохирург Исламбек Мұсабеков. Дәрігермен ғылыми зерттеулер мен еліміздегі ғылыми медицинаны қолдау бойынша әңгімелескен едік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Исламбек Мұсабеков ғылымға, медицинаға деген қызығушылығы қашан басталғанын айтып берді.
«Мен орта білімді Шымкент қаласындағы №66 Қазығұрт орта мектебінде алдым. Бұл мектеп білім сапасымен ғана емес, ауқымдығы мен оқушылар санының көптігімен ерекшеленетін. Төрт ауысымды мектеп болып, 10-нан аса параллель сынып болған кездер болды. Мектептің өз ішінде өтетін олимпиадалар тартысты дода болатын. Оның ішінен іріктеліп шыққандар қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысатын еді. Осылай мектеп қабырғасынан бастап ғылыми олимпиадаларға қатыса бастадық. Кейін мақсатым жетелеп Қарағанды медициналық университетке оқуға түсіп, 7 жыл сонда білім алып, хирург мамандығын меңгеріп шықтым», - деді Мұсабеков.
Исламбек Қамбарұлы жоғары оқу ордасынан кейін білімін әрі қарай шыңдау үшін Астана қаласындағы «Ұлттық нейроxирургия орталығы» АҚ резидентурасына түседі.
«Биыл осы орталықтың түлегі болып, «нейрохирург, оның ішінде балалар нейрохирургы» мамандығын иеленіп шықтым. Дәрігер маманы болғандықтан науқастармен әңгімелесуде компетенттілік қажет. Себебі бізге науқастар ем іздеп келеді. Республикалық деңгейдегі аурухана болғандықтан, өңірлерден келетін науқастар саны да баршылық. Сондықтан оларға консультация жасау барысында емделуге деген дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Дәрігер бір сөзбен науқасты емдеп те алады, ауруын асқындыра да алады деп айтады ғой. Науқастарды қарау кезінде - сөйлесіп, танысып, шағымына мән бере отырып, оларды консервативті немесе оперативті емге бағыттаймыз. Нерохирург маманы бас, жұлын және перифериялық жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдейді», - деді Исламбек Мұсабеков.
Маманның айтуынша, ол ғылыми жұмыспен Қарағандыда білім алып жүргенде айналыса бастаған.
«Интернатурада оқып жүргенде бірқатар халықаралық конференцияға қатысып, сондай деңгейдегі журналдарға мақалаларымыз шықты. Болашақ xирург өзінің зерттеу жұмысын жасайтын еді. Қарағанды медициналық университетінде Дүниежүзілік дәлелді медициналық база - Cochrane китапxанасына кіру студенттер үшін ашық болды. Кез келген оқырман үшін кітапxана қабырғасында басқа елдерде қандай зерттеулер жүргізіліп жатқанымен танысып, ғылыми мақалаларға сараптама жасап, сол кездегі медицинамен таразылау мүмкіндігі болды. Оқытушыларымның, атап айтқанда профессор Абатов Нуркаси Толепбергенұлы және Phd Бадыров Руслан Муратовичтің ұсынысы және қолдауы арқылы тек xирургия саласымен айналысып қана қоймай, сонымен қоса ғылыми ұжымға, зерттеулерге бет бұра бастадық», - деді ол.
Нейрохирургтің айтуынша, зерттеуге негіз тышқан, егеуқұйрық сынды жануарларға ота жасау кезінде мидың ішкі жүйесінде өзгерістің болуы немесе болмауы болған.
«Бос күндері университет вивариінде тышқан және егеуқұйрықтарға соңғы екі жыл көлемінде ғылыми зерттеу жүргіздік. Хирургия саласындағы алдыңғы құрсақ қабырғасының жарығы болатын анатомиялық өзгерістерді орнына келтіру бойынша зерттеу жүргіздік. Сол кезден бастап ғылымға деген кірігу жұмыстары болған. Кейін Астанадағы резидентура кезінде әрбір резиденттің өзінің зерттеу тақырыбы болатын. Ол бойынша өзіміз ғылыми зерттеу жүргіздік. Мен Қарағандыда жүргізген зерттеудің жалғасы ретінде мидың қатты қабығын биологигиялық ксенотрансплантат байламын қолдану арқылы пластика жасауға қатысты тақырыпты алған болатынмын. Осылайша, халықаралық медициналық базаларға ашық дереккөздер арқылы әдебиеттік шолу жасадық. Бұл - ғылыми жұмыстың алдында жасалатын процесс. Ұлттық нейрохирургия орталығында ғылыми нейроxирургиялық журнал клубы болатын. Ол белгілі бір мерзімде, ғылым бөлімінің жетекшілігімен кем дегенде айына 2 рет өткізілетін нейроxирург және невролог резиденттерімен дәрігерлердің арасындағы пікірталас ғылыми отырысы болатын», - деді Исламбек Қамбарұлы.
Оның айтуынша, журнал клубы аясында қызықты жаңалықтарға, жаңа емдеу әдістерге, ғылыми медициналық эврикага толы баяндамалар жасалады.
«Қазір ол материал, ксенотрансплантат халықаралық стандарт тіркемесін алған. Оған X-graft деген атау берілді. «Young researcher alliance» ұжымының құрамына мүше болып, осы жас ғалымдар қолдауымен жиі болып тұратын «Ғылымтану» отырысында ой-тәжірибе алмасу, коллабарация жасау арқылы ғылымға деген көзқарасты шыңдай түсті. Бұл - идеяны гранттық негізде жалғастыру бұйырып, 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға өтінім бердік. Бұл зерттеудің мақсаты эксперименталды жануарларға ауторансплантат пен табиғи коллагенді алмастырғышпен салыстырғанда мидың қатты қабығы пластикасындағы жасушадан тыс ксеноішастар матриксінің имплантация аймағының иммунологиялық реакциясын және патоморфологиялық өзгерістерін зерттеу және операциядан кейінгі жаралардың жазылу мәселелерін шешуге бағытталған клиникалық зерттеуде қолдану мүмкіндігін бағалау болып табылады. Жараның жазылмауы немесе баяу жазылуы операциядан кейінгі өлім-жітімнің артуына әкеледі", - дейді ол.
Басым нейрохирургиялық операцияларда міндетті кезең мидың қатты қабығын кесіп, кейіннен оны қалпына келтіру болып табылады.
«Кейбір жағдайларда нейрохирург жиі мидың қатты қабығындағы ақауды толық жабу үшін материал жеткіліксіз болған кезде тап болады. Өз кезегінде, қатты ми қабығының ақаулары пациент үшін де, хирург үшін де маңызды мәселе болып табылады, өйткені толық жабу жұлын сұйықтығының ағып кетуіне және онымен байланысты асқынуларға әкелуі мүмкін. Әріптестерімізбен бірлескен жұмыс болды», - деді Ислам Қамбарұлы.
Дәрігер атап өткендей, бас миына операция жасау кезінде бас сүйегі ашылады.
«Қазақстанда алғаш рет осы жоба аясында нейрохирургиялық практикада қолдану үшін ксенотрансплантат медициналық мақсаттағы бұйымдарды әзірлеу міндеті қойылды. Оң нәтижелер кейіннен мидың қатты қабығының пластикасында ксенотрансплантатты қолдану - кейінгі клиникалық зерттеуге сәтті өтуге, Қазақстанның нейрохирургия тәжірибесінде кеңінен қолданумен және шет елдерге импорттау арқылы отандық медициналық өнімнің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттырады деген үміт бар. Ұсынылып отырған отандық өнім Қазақстан Республикасында көп мөлшерде қолжетімді шикізат материалының болуы есебінен өзіндік құны төмен бола отырып, шетелдік өнімнен кем түспейді, одан да асып түсуі мүмкін», - деді ол.
Исламбек Мұсабековтың айтуынша, осы ғылыми зерттеу аясында олар ғылыми дағдыларын шыңдай түскен.
«Соңғы 5 жылда еліміздің сапалы ғылыми мақалалары артып келеді. 2021 жылғы дүниежүзілік Web of science импакт-факторы бар журналдарда бұрынғы КСРО елдерінің ғалымдары (Ресей Федерациясынан басқа) жариялаған мақалалар мен шолулардың саны ашық дәлел.Деректер көзі-InCites.Ол бойынша ғылым саласындағы статистика жарияланады. ТМД елдерінің ішіндегі рейтинг бойынша ТОП-5 елдің ішінде Қазақстан бар. Корсеткіштерге сәйкес Украина, Литва және Эстония елдерінен кейін 4-орында тұрмыз. Латвия, Беларусь, Армения, Әзербайжан бізден кейін келе жатыр. Көрші елдермен салыстырғанда деңгейіміз ауыз толтырып айтарлықтай, дегенмен әлі жасайтын жұмыс жетіп артылады», - деді ол.
Оның айтуынша, шетелде дәрігерлер ғылым мен тәжірибені бірге алып жүреді.
«Жапондар өз әдісі бойынша, америкалықтар өздерінше емдеу жасайды. Олар ғылыми тұрғыда тәжірибелеу арқылы, салыстырмалы түрде зерттеу жүргізіп, өздеріне тән әдісті таңдайды. Олар тек операциялық тұрғыда емес, эксперимент түрінде жасалуы мүмкін. Қазақстан Орта Азия елдерінде нейроxирургия бағытында көш бастап отыр деуге де болады. Себебі елімізде жасалып жатқан операциялар сапасы шетелдің беделді клиникаларынан кем түспейді. Көптеген қазақстандық емделуге шетелге, қыр басып, тау асып ота жасатады. Алайда біздің елде де ондай оталардың көп бөлігі жасалады. Олардың барлығы портал арқылы тегін емделеді»,-дейді маман.
Исламбек Мұсабековтың айтуынша, ғылыми жұмыстарды дамыту қажет.
«Шетелде ғылыми жұмысты жасайтын идея пайда болса, оны бірден патенттейді. Яғни, оған авторлық құқық алады. Ғылыми жұмыстар жарияланған соң, стартаптар жүзеге асырылады. Олардың да бірнеше кезеңі болады. Стартап деңгейінен кейін ол нарыққа, xалықаралық деңгейдегі көрмелерге шыға бастайды. Осылайша, кез келген ғылыми жұмысқа өмір бітеді. Бұл- ғылым мен оны ілгерілендіретін ұйымның арасындағы үзілмейтін жүйелі қарым-қатынас. Біздің де елде көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Алайда ғылым мен бизнесті ұштастырып, коллаборация жасауға ден қойған дұрыс. Яғни, ғылымға инвестиция қажет. Оған отандық кәсіпкерлер тартылуы керек. Отандық ғылымды отандық кәсіпкерлер қолдаса, бұл медицина саласына оң әсерін тигізетін еді», - деді ол.
Нейрохирургтің айтуынша, ғылым саласына келетін жастардың қатары сиреп бара жатыр.
«Егер де бұл үрдіс әрі қарай жалғасатын болса, ғылыми ұжым қатары сұйылады. Ал көп ғылыми жаңалық жастардың тарапынан шығады. Студенттердің арасында ғылыми байқауларды өткізсек, жаңа леп, жаңа мамандар қатары көбейетін еді. Оларға берілетін жүлделі орындар да жас ғалымдарды ынталандыратын еді. Ғылыми жаңалық, зерттеу жасайтын жастардың әлеуеті мен қызығушылықтары бар. Ғылыми орталықтарын жаңа ғылыми қондырғылармен толықтырса, нұр үстіне нұр болатын еді. Жаңа қондырғыда жұмыс істеу жұмысты жақсы жаққа бағыттайды. Ғылыми зерттеу орталықтарының стандартқа сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Гранттық жұмыстардың қатарын да арттыратын еді», - деді ол.
Дәрігер маманның айтуынша, медициналық жастар резидентураны тәмамдаған соң олар жұмыс істеу немесе ғылыммен айналысуды PhD-ді таңдау керек.
«Ал екі бағытты бірге алып жүру өте қиын. Оған материалдық жағдай да әсер етеді. Ал елімізде тек ғылыммен айналысатын адамдардың жағдайын жасап, оларды ынталандырса, ғылым деңгейі жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік береді. Институттарда ғылыммен айналысып жүрген жастардың басын қосу маңызды. Сол кезде біз бәсекеге қабілетті ел боламыз», - деді ол.
Нейрохирургтің айтуынша, медицина саласындағы зерттеу гуманитарлық салаға қарағанда ерекшеленеді.
«Себебі ол затқа немесе қағазға жасалатын дүние емес. Адам ағзасына жасалатын оталар болғандықтан, ол өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бір зерттеу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Себебі ол адамдарға қолданылмас бұрын бірнеше дәлелдемелі сатыдан өтуі керек. Жалпы Қазақстандағы медициналық ғылым саласы жаман емес. Осы қарқынды жақсартып, жастарға қолдау көрсетсе, бұл саланың шығар шыңы, болашағы алда және бар», - дейді ол.
Марья Айдарбаева