Әсет Ахметов: «Сергек» үшін пәтерімізді саттық

«Сергек» қожайыны жоба туралы бар шындықты айтты

Фотолардың авторы: Әлиақбар Қадырбаев

Павлодарлық Әсет Ахметов алғашқы кәсібін студент күнінде бастаған. Қазір ол қатарында елге белгілі «Сергек» жобасы бар «Көркем Телеком» компаниясының директоры. «Azattyq Ruhy» тілшісі жас новатормен кездесіп, Қазақстанның IT саласындағы, ақпараттық қауіпсіздік пен «Сергек» бақылау камерасы төңірегіндегі көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға жауап алып қайтты.

АЛҒАШҚЫ КӘСІП

Қарапайым отбасынан шыққан Ахметовтер мектеп кезінен бастап түрлі пәннен олимпиадаға қатысып, республикалық, халырақалық деңгейде алтын, қола жүлделерді иемденген. Әсет Алматыдағы Сүлейман Демирел атындағы Университеттің, ал ағасы Қайрат Мәскеудегі физико-техникалық институтының түлегі. Ағайындылар жеке кәсіптерін ерте бастаған, ол кезде Әсеттің жасы небәрі 18-де болған. 

«Ең алғашқы кәсібіміз интернет-кафеден басталды. Қайрат Мәскеуден келгенде менің жасым 18-де болды. Сол жылдары интернет Қазақстанның ірі қалаларында ғана болатын. Содан біз Алматыда жақсы бір интернет-кафе ашып, кәсіпкерлікте тәжірибе жинай бастадық. Бір қызығы, кафеге қандай компьютер қажет, оларға қандай бағдарлама керек деген мәселеге бас ауыртқан жоқпыз (күліп). Көбіне әкімшілік жұмыстарға келгенде қиналдық. Себебі, салық комитеті, өрт қауіпсіздігі жұмыстары бар, кафеге оқушылар көп келетіндіктен мектеп директорларымен проблемалар туындап жататын. Қазірдің өзінде компаниядағы 200 қызметкердің оннан үші IT саласының мамандары болса, басқалары менеджер, есепші, заңгерлер. Әкімшілік жұмыстарға қатысты тәжірибе бізде сол кезден бастап қалыптасты. Көптеген IT компаниялардың қызметінің тоқтап қалуы әлеуметтік, әкімшілік жұмыстардағы тәжірбиенің аздығы», - дейді Әсет Ахметов.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ IT НАРЫҒЫ КІМДЕРДІҢ ҚОЛЫНДА?

Бас-аяғы он жылға жуық уақыт ішінде Ахметовтер үлкен команда жинап, 2011 жылы «Көркем Телеком» компаниясын құрған. Бүгінде аталған компанияда республика бойынша 200-ден астам адам қызмет етеді.

«IT саласы сан түрлі.  Біз 10 жыл ішінде бағытымызды айқындадық. Ол ең негізгі үш бағыт: бағдарлама жазу, аппараттық жүйелер және телекоммуникация саласы. Аталған үш бағыт кез келген IT компанияда кездеспейді. Себебі үшеуі үш түрлі бағыт. Аппараттық жүйемен жұмыс істейтін адамдар телекомға бағдарлама жазуға келмейді. Ал біздің «Сергек» жобасы сол үш бағыттың қосындысы. Біз тек қана бағдарлама жазсақ, оның аппараттық кешені өте қымбатқа түсер еді», - дейді.

«Сергекке» дейін Қазақстанның ірі қалаларындағы жолдарға бақылау камераларын ресейлік, қытай компаниялары орнатқан. «Өз нарығымызды неге өзгелерге беріп қоямыз?» деген Ахметовтер осылайша «Сергек» жобасын ойлап тапқан.

«Бұған дейін қала көшелерінде тұрған камералардың бәрі еуропалық және қытай компанияларына тиесілі еді. Біз оларды зерттегенде, еуропалық кешеннің өзі де, сервистік қызметі де өте қымбат болды. Оған қоса, олардың өнімі біздің климатқа сай емес, Қазақстанның заңымен де сәйкес келмейді. Және олар біз үшін арнайы нұсқа жасамайды. Ал «Сергек» Қазақстанның заңдарын, полиция жұмысын ескере отырып құрастырылды.

«Сергекті» үкіметке ұсынбас бұрын, алдымен өзіміз тексердік. Жалпы өзіміздің кез-келген жобамызды алдымен өз лабораториямызда сынақтан өткіземіз. Оның  бірден ешқандай коммерциялық пайда әкелмейтіні тағы бар. Біз өзімізге қызық емес жобамен коммерциялық мақсат үшін ғана айналыспаймыз. Лабораториямызда біз ресейлік кешенді алып, «Сергекті» соған сәйкестендірдік», - деп түсіндірді компания басшысы.

Ахметовтер «Сергектің» бизнес моделін жасағаннан соң ғана жобаны «Экспо» көрмесі кезінде сол кездегі қала әкімі Әсет Исекешевке таныстырған. Әкім жобаға бірден сенім білдірмесе де, жас кәсіпкерлерге мүмкіндік сыйлаған. Осылайша, «Экспо» шарының айналасында алғаш рет «Сергек» камералары пилоттық режимде өз жұмысын бастады. 

«СЕРГЕК» ҮШІН ПӘТЕРІН КЕПІЛГЕ ҚОЙҒАН

Ахметовтер өте қарапайым отбасынан шыққан. Аналары – зейнеттегі педагог, әкелері – инженер. «Сергек» жобасын әкімдік сынап көруге рұқсат бергеннен кейін, пилоттық жобаның өзіне 20 миллион теңге қаржы қажет болған. Одан бөлек, жұмысшылардың айлығы бар, басқа да шығындарды өтеу үшін олар тәуекелге барып, ата-аналарының пәтерін сатқан.

«Біздің компаниямыз, командамыз бар болғанымен, «Сергек» сияқты үлкен жобаны жүзеге асыруға көп қаражат қажет болды. «Сергектің» макетін көрсету үшін бізге 20 миллион теңге қаражат керек еді. Содан біз әке-шешеміз тұрған пәтерді саттық, одан кейін өз үйімді кепілге қойдық. Әлі күнге дейін сол пәтерімізді кепілден алған жоқпыз», - дейді новатор.

Бизнесті батыстық үлгімен жасамақ болған Ахметовтер кеңсе ішінде қызметкерлер үшін қажетті барлық жағдайды жасаған. Компания қызметкерлері таңғы асты тегін ішіп, жұмыс уақытында сергіп алу үшін түрлі ойындар ойнай алады. Жаңа жұмыс орнында жаттығу залы да қарастырылған. «Сергек» арқылы түсетін айыппұл көлемі ауыз толтырып айтарлықтай болса да, ол мемлекет қазынасына түседі. Сол себепті аталмыш компания әлі қыруар табыс тауып жатқан жоқ.

«Әлемдегі Джек Ма, Стив Джобс, Илон Маск сынды кәсіпкерлерге қарап, біз де сондай табысты бизнес модель үлгісін жасауға тырысудамыз. Сенсеңіз, «Сергектен» компания әлі табыс көрмеді. Дегенмен, біз компания қызметкерлерінің табысты болғанын қалаймыз. Үздік мамандарымыз шетелдік компанияларда емес, өзімізде жұмыс істейтіндей жағдайға жету керекпіз. Алдағы 3-4 жылда біз сол деңгейге жетеміз деген мақсат қойып отырмыз», - дейді Әсет Ахметов.

АФРИКА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАННАН АЛДА

Әсет Бәкібайұлы «Сергектің» негізгі мақсаты ақша табу емес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты. Бізге автожолдағы жылдамдықтың әсерін егжей-тегжейлі түсіндірген маман еліміздегі көлік жүргізушілердің әлі күнге дейін жауапкершілігі төмен екенін айтты.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын ақпараттық порталдардың бірінен жаяу жүргінші өткелінде бірінші сыныпқа енді барған оқушыны көлік қағып кеткені туралы жаңалықты оқып, дел-сал күйге түстім. Содан отырып «Біз қай жерде қателесіп отырмыз?» деген сұраққа жауап іздедім. Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша рейтингте жүзден аса мемлекеттің ішінде ең төменгі орында. Тіпті, Африка елдері бұл тұрғыда бізден алда тұр. 2018-2019 жылдары Нұр-Сұлтанда болған жол апаттарын зерттеп көріп, төбе шашым тік тұрды. Статистика адам шошырлық. Бізде халық жол-көлік апатынан адамдардың қаза табуын қалыпты жағдай деп қабылдайды. 2019 жылы елордада көлік апатынан 36 адам көз жұмды. Сол 36 адамның отбасы, анасы, әкесі, бала-шағасы бар. Ойлаңызшы, 36 әулет қара жамылды. «Сергек» іске қосылғанға дейін Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын орта есеппен 60-тан астам адам жол апатынан қаза тапса, бүгінде бұл көрсеткіш 50 пайызға қысқарды. Осының өзі оң нәтиже. Жол апаты қала ішіндегі көшелерден бөлек, қала сыртында да жиі болып жатады. Әрине, кәсіп болған соң ақша табуымыз қажет, бірақ басты миссиямыз – көлік апатын азайту, еліміздегі жүргізушілердің жолда жүру мәдениетін қалыптастыру», - дейді кейіпкеріміз.

«СЕРГЕКТІҢ» ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯҒА ҚАТЫСЫ ҚАНША? 

Бірнеше ай бұрын халық «Сергек қытайлықтарға ақпарат таратады» деген қауесет шығарды. Тіпті айыппұл төлеуден қашқан жүргізушілер Өскемендегі «Сергек» құрылғыларын сындырып тастаған. Халықтың мұндай қадамға баруы жоба жетекшілерін де бей-жай қалдырмаған.

«Аталған жаңалықты естігенде біртүрлі болдық. Себебі, біз Қазақстанның IT саласы  дербес болғанын қалаймыз және осы жолда жұмыс істеп жүрген жандармыз. IT өте ауқымды сала, әскерде болсын, өндірісте болсын, қазір күнделікті тұрмыста да онсыз қиын. Осы салада біз шетелдіктерге тәуелді болмай, дербес дамуымыз маңызды. Әсіресе «Сергек» сияқты жобаларда. Біз қазақстандық компания болғандықтан, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ешқандй күмәнді нәрселер жоқ екенін дәлелдеу үшін кодтарды ашып көрсеттік. Негізі оны көрсетуге міндетті емеспіз. Мысалы, шетелдік компания ешқашан ол кодтарды көрсетпейді. Біз әлі күнге дейін ноутбуктардың камераларына скотч жапсырып қоямыз, себебі, ол техникалардың коды бізге ашық келмеген. Яғни, сіз алдыңыздағы құрылғы арқылы не істеп, не қойып жатқаныңызды шетелдіктердің бақылап отырғанынан бейхабар болуыңыз мүмкін. Ал «Көркем Телеком» компаниясы әрбір камераның программалық кодын ҰҚК-ге ашып көрсетті және арнайы сертификациядан өтті. Сондықтан, «Қытайға ақпарат беріп жатыр» деу мүлдем негізсіз. Керісінше, біз еліміздің қауіпсіздігіне үлес қосып отырмыз. Мұндай камераларды шетелдік компаниялар орнатса, әлбетте елдің ақпараттық қауіпсіздігі сақталмайды. Камера ғана Қытайдың өнімі, ал оның ішіндегі бағдарлама біздікі. Қазақстанда камера шығардық десек, адамдар күлетін еді. Себебі мұндай техника шығаратын дүниежүзілік кәсіпорындар Қытай, Тайвань сияқты елдерде ғана бар. Оны Америкада немесе Қазақстанда шығарудың қажеттілігі жоқ, өйткені, Қытай арзан, сапалы етіп шығара алады. Ең маңыздысы - алгоритм мен бағдарлама, камера тек қаңқа», - деп түсіндірді.

«СЕРГЕК» ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ІСТЕМЕЙДІ?

Кейбір жүргізушілер «Сергек» камерасы жартылай ғана іске қосылған, халықты «қорқыту» үшін ғана тұр» деген ақпарат таратуда. Алайда, Әсет Ахметов көлік жүргізушілерін мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Бұл жалған ақпарат. Баяғыда сары түсті камераларда ондай практикалар болған, ал «Сергектің» барлық камерасы толық жұмыс істейді. «Сергек» электр қуаты сөніп қалғанда ғана істен шығады, қалған уақытта ол үзіліссіз қызмет көрсетелі. Боран кезінде айыппұл көлемі де азаяды, себебі, халық ақырын жүреді, тайғақтан қорқады. «Сергекті» ұнатпайтындар - әдетте жол ережесін бұзып, кейін айыппұл төлеуден қашатындар. Жол ережесін сақтаған адам ешқашан айыппұл төлемейді. Сондықтан, ондай жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын!», - дейді.

«СЕРГЕК» ЖҮЙЕСІ ТАШКЕНТТЕ ДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Бүгінде «Сергек» жүйесі Өзбекстан астанасы Ташкентте де пилоттық режимде жұмыс істеп тұр екен. Отандық өнімге украиналықтар да қызығушылық танытқан. Жоба авторлары жуырда Украина премьер-министрімен кездесіп, «Сергек» жүйесін таныстырған.  

«Біздің жобаның қызмет көрсету құны шетелдік компаниялармен салыстырғанда арзан және функциясы өте көп. Біздің мақсатымыз - 500 қаланы қамту. Қазақстанда қала саны аз, сондықтан дүниежүзілік нарыққа шығып жатырмыз», - деп түсіндірді бұл жайлы.

Тағы бір айта кететін жайт, «Көркем Телеком» компаниясы мектеп оқушыларына арналған танымдық ойындар құрастырған. Онда оқушылар жолда жүру ережесін үйренеді. Сондай-ақ компания аталған ойынның электронды нұсқасын барлық мектептерге тегін таратқан.

Сұхбаттасқан - Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Сұхбат
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты