Кибералаяқтарға алданатын алматылықтардың көбі 40 жасқа толмаған
Қазақстанда киберқылмыс көбейіп, интернет алаяқтарына алданатындар саны күрт артып кеткен. Кибершабуылға тап болған азаматтардан алынған қаражат миллиардтап саналса да, бірде бір шетелдік алаяқ осы күнге дейін ұсталмапты. Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Игорь Пудовкиннің сөзінше, ақшасынан айрылған бірде бір адам қаражатын қайтарып ала алмаған. Подполковник азаматтарды қаржылық алаяқтардан сақтанудың жолын түсіндірді.
- Игорь Вячеславович, интернет алаяқтардың еш қымсынбастан адамдарды алдауы күнделікті әдетке айналды. Бұл ненің белгісі? Олардың тым еркінсінуінің себебі ұсталмайтындарына тым сенімді болуында ма, әлде полиция, өзге де бақылаушы органдарды қауқарсыз деп басынуында ма?
- Шетелдік алаяқтар Қазақстан азаматтарының кез келгеніне арнайы интернет бағдарламалары арқылы жергілікті, ішкі ұялы байланыс номерлері арқылы хабарласа алады. Мәселен, сіздің номеріңіз арқылы танысыңызға немесе әріптесіңізге хабарласып, сіздің атыңыздан оны балағаттай алады. Бірақ сіз оны білмейсіз, ал танысыңызбен арада реніш туады. Детелаизация көрінбейді және бұндай бағдарламалар өте көп. Шабуылдаушылар ҚР ұялы байланыс провайдерлерінің түрлі нөмірлерінен қоңыраулар жасайды, сондай-ақ WhatsApp мессенджері, SMS бойынша сервистерден алынған абоненттік нөмірлерді пайдалана отырып қоңыраулар соғады. Анықтамалық-интернетте абоненттік нөмірлерге қол жеткізуді ұсынатын сайттар бар. Бұл проблемалық мәселе болып отыр, өйткені мұндай сервистердің серверлері ҚР-дан тыс жерлерде.
Алаяқтар адамдардың сенгіштігін және құқықтық сауатының төмендігін пайдаланады. ҚР-дан тыс жерлерде алаяқтарды анықтау қиын, өйткені қылмыскерлер өзі орналасқан жерін жасыру үшін әртүрлі бағдарламалық жасақтаманы (VPN қызметтері, SIP қызметтері, SMS) пайдаланады.
- Қаражатынан айырылған жәбірленушіден арыз түскен жағдайда, істі анықтауға қанша уақыт кетеді? Департаментте ғаламтор қарақшыларымен күресетін мамандар жеткілікті ме?
- Департаменттегі жеке құрамда 7 адам бар. Оның төртеуі техникалық білімі бар арнайы мамандар. Олар арыз түскен жағдайда істі тіркеп, екінші деңгейлі банктермен байланысқа шығып, ақшаның шыққан жолдарын анықтайды. Қалғандары жедел тергеу тобы.
Интернет алаяқтарымен күресетін мамандар саны аз, жетіспейді. IT-мамандары жалақы жоғары болмағандықтан полицияға келмейді, әрі бұл жерде жұмыс көп, ал олар еркін, жалақысы жоғары компанияларға барғанды қалайды. Полициядан қарағанда азаматтық қоғамда жақсы жалақы табу мүмкіндігі жоғары. Интернет алаяқтыққа қарсы күресетін басқармаға тек патриоттар ғана шыдайды.
Бір арыз түсті делік, оны толыққанды анықтау үшін кемі екі-үш апта уақыт кетеді. Бірақ қаражатты алған шетелдікті анықтап ұстау әзірге мүмкін емес. Олар көбіне электронды есепшоттарға аударту арқылы ақша жымқырады.
Бізде мамандар жетіспейді. Өзге аудандардағы да шұғыл топ көмекке келеді. Киберзертхана, киберорталыққа қызметкерлерді жіберіп, біліктілігін көтереміз. Бірақ мамандар бәрібір тұрақтамайды, түрлі себептермен жиі ауысады.
- Осы күнге дейін интернет алаяқарын ұстай алмау – бұл саладағы мамандарыдң осалдығын білдіреді десек қате пікір болмас...
- Жоқ, ел ішінде алаяқтықпен айналысқан азаматтарды ұстау үнемі жүргізіліп келеді. Мәселен, біз зейнет жасындағы алматылық әйелдің оқиғасы бойынша 7 күдіктіні ұстадық. 1960 жылы туған алматылық әйел алаяқтарға алданып, 23 млн теңгесінен айрылған. ҚР ҚК 190 бабының 4 бөлімімен іс қозғалды. Өзгелерге сабақ болсын деген оймен оқиғаны баяндап берейін...
Биыл 13 маусымда бір қыз «Kaspi Bank-тің» өкілі ретінде хабарласып, зейнеткердің атынан біреулердің 15 млн теңге рәсімдегенін айтқан. Бейтаныс қызға сеніп қалған әйел өзінің есепшотында 500 мың теңгесінің бар екені айтып, ағынан жарылған. Бұдан соң ол әйелге әртүрлі адамдардан көптеген қоңырау түсіпті. Оның біреуі Алматы қалалық ПД бастығы ретінде хабарласса, келесісі Ұлттық банктің бастығы Алексей Владимирович болып сөйлескен. Сол күні өзін Алексей деп таныстырған жігіт жәбірленушінің атына екінші деңгейлі банктер арқылы «Kaspi Bank» бойынша 2,5 млн теңге, «Home Credit Bank-тен» 1 млн және «Банк Центркредит» арқылы тағы 1 млн теңге рәсімдеген. Жәбірленуші рәсімделген ақшаны алаяқтардың нұсқауы бойынша аударып жіберген. Кейін бұл аз болғандай, зейнеткер әйелдің пәтерін алаяқтар өздерінің атына аударып алуы мүмкін деп тағы хабарласқан. Қорыққан тұрғын олардың айтқандарына сеніп, алаяқтар берген риелтормен байланысқан. Жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын агенттік қорыққан әйелдің келісімімен 21 маусымда пәтерді сатып жіберген. Бұдан соң әлгі алаяқтар тағы да хабарласып, қаражатты сенімді есепшотта сақтау туралы ақыл айтады. Қырықтан астам банк терминалдары арқылы ақшаны жәбірленуші жергілікті делдалдардың есеп-шотына аударып жіберген. Ал транштың бірі Павлодар қаласындағы тұрғынға аударылған. ІІМ, Алматыда ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шұғыл түрде Павлодарға аттанып, жұмыссыз тұрғынды ұстадық. Күдікті азаматтың сөзінше, олар ақша табу туралы жарнаманы Telegram-каналдан көріп, ұсынысқа келіскен. Ұялы телефон номерін және банктен есеп-шот ашқан. Түскен ақшаны шешіп алып, белгісіз адам көрсеткен адреске аударып отырған. Бұл қызметі үшін павлодарлық тұрғын 40 мың теңге ақы алған. Ал қомақты ақшаны кімге жіберіп отырғанын да білмеген. Өзге де аударымдарды тексеру барысында павлодарлық тағы 3 тұрғын мен Алматыдан 4 адамды ұстадық. Олар да осы схема бойынша әрекет еткен. Олар жұмыс іздеп Алматыға келген жамбылдықтар. Ұсталғандардың бірі ресейлік тұрғын, барлығы 7 адам ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Бұл азаматтар нұсқау бойынша танымайтын шетелдіктердің есепшоты бойынша қаржыны криптовалютаға салып келген. Бірақ бұлардың бәрі елдегі делдалдар. Ал әйелдің 23 миллион теңгесі сол қалпы қайтарылмады. Өйткені, шетелдік алаяқтың әлемнің қай бұрышында отырғанын білу бізге әзірге мүмкін емес. Ал ұсталған 7 адамның соты жуырда басталады.
- Әлеуметтік желілерде түрлі алдап-арбауға арналған жарнамалар, тоқтаусыз қоңыраулар үзілмейді. Ел билігінің бұған тосқауыл қоюға қауқары жетпей отыр ғой...
- Қазақстандықтар шетелдік алаяқтардың шабуылынан қорғалмаған. Яғни, халықты телефон алаяқтарынан қорғайтын елімізде бағдаралма жоқ. Қытайда, Америкада, тіпті Өзбекстанның өзінде алаяқтардың арбауынан қорғайтын бағдарлама бар. Алаяқтар өзгенің атынан басқа адамға хабарласып, алдай алмайды, ондай мүмкіндік жоқ, бұғатталған. Ал бізде ондай бағдарлама жоқ. Бұл тікелей Бағдат Мусин басқаратын министрліктің жұмысы. Министрліктің хабарлауынша, олар осы салада жұмыс істеп жатыр, жылдың соңына дейін халықты алаяқтардан қорғайтын жүйе іске қосылу керек. Бұл біздің ең проблемалық жұмыстарымыздың бірі саналады. 2020 жылдан бері осы интернет алаяқтық мәселесін көтеріп келеміз. Қазақстан аумағында телефон арқылы кибершабуылдарды бұғаттайтын жүйе жұмыс істемегендіктен, олармен күресу бізге өте қиын.
- Тым болмағанда интернет алаяқтарының қай елден жиі хабарласатынын болжауға бола ма?
- Интернет алаяқтарының көбі Ресей Федерациясы мен Украинада отырады. Бұл елдермен меморандум бар болса да, әлі бірде бір рет криптовалюта бойынша қылмыскерді анықтап ұстау болған емес. Біз тек ақшаны шешіп, оларға жіберіп отырған делдалдарды ғана ұстап жүрміз. Ал елді алдап, қаражатын жымқырып келгендерді ұстауға мүлдем мүмкіндік жоқ. Өйткені, криптовалютаны бақылау өте қиын. Олар бір күндік электронды есепшотпен жұмыс істейді.
Алматыда интернет алақтық бойынша соңғы тоғыз айда 1873 арыз тіркелген. Бірақ келген шығын көлемі белгісіз. Біз де интернет алаяқтары хабарласқан жағдайда не істемеу керек екенін есте сақтайтын арнайы сақтандырудың жолдарын жасадық. Соңғы бес жылдың статистикасын алсақ, жыл сайын жапа шегушілердің көбейіп жатқанын байқаймыз. Сосын алданып қалатындардың көбі 40 жасқа дейінгі азаматтар.
Құрметті азаматтар, Алматы қаласының полиция департаменті интернет-алаяқтықтың жиілеп кеткен жағдайлары туралы ескертеді, осыған байланысты Сізден онлайн қызметтерді пайдалану және интернет арқылы тауарларды сатып алу кезінде абай болуыңызды сұраймыз:
1. Банктік картаңыз туралы деректерді, сондай-ақ жеке басыңыздағы деректерді ешкімге бермеңіз (куәліктің фотосуреті, банк картасының фотосуреті, картаның артқы жағындағы 3 таңбалы CVV коды).
2. Интернеттен сатып алынған зат үшін депозит жасамаңыз, өнімді сатып алмас бұрын интернет-дүкеннің беделін мұқият тексеріңіз.
3. Сіз тауарларды, жылжымайтын мүлікті немесе автокөлікті мобильді қосымшалар арқылы сатқан кезде абай болыңыз, жеке кездесу кезінде төлем алған жөн, «бейне қоңырау» арқылы сатып алушының сенімділігіне көз жеткізіңіз немесе таныстарыңыздан сатып алушымен кездесуді сұраңыз.
4. Егер тауарды, автокөлікті сату, пәтерлерді жалға алу туралы хабарландыруда алдымен депозит салу керек немесе сатушымен байланыс тек WhatsApp арқылы көрсетілсе, ешқашан депозит жасамаңыз.
5. Күмәнді сілтемелерден өтпеңіз және белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша «Anydesk», «Teamviwer» қосымшаларын жүктемеңіз, олар сізге әртүрлі мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы жібере алады, өйткені бұл смартфонға немесе дербес компьютерге қашықтан қол жеткізуге және басқаруға арналған бағдарламалық жасақтама, бұл шабуылдаушыларға ұялы телефондағы ақшаңызға қол жеткізуге мүмкіндік береді банкинг.
6. Банктік картаңыздың мәліметтерін әр түрлі сайттарға енгізбеңіз, өйткені бұл сіздің жеке ақпаратыңызды жинау үшін арнайы жасалған фишингтік сайттар болуы мүмкін, олар кейінірек сіздің банктік картаңыздан рұқсат етілмеген төлем үшін пайдаланылады.
7. Интернет желісіндегі күмәнді конкурстарға қатыспаңыз, онда олар сіздің ақшаңызды көбейтуге уәде береді немесе сізге үлкен ақшалай пайда туралы хабарлайды.
- Сұхбатыңызға рақмет