Елімізде құлдыққа түсетін әйелдер Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы елдеріне жиі тасымалданады - полиция қызметкері
Адам саудасы бойынша әйелдерді жыныстық қанау, притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық бойынша қылмыс түрлері жиі тіркеледі
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес Қазақстанда жыл сайын адам саудасының 100-ден астам фактісі анықталады. Еркінен тыс жұмысқа салынатындардың басым көпшілігін әлеуметтік әлсіз топ мүшелері құрайды. Қылмыскерлер оларды алдау арқылы және мәжбүрлі түрде қажетіне пайдаланады.
Azattyq Ryhy тілшісі адам саудасына қатысты қылмыс түрлері және олардың алдын алу жолдары жөнінде Астана қаласы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Руслан Сафиоллинмен сұхбаттасты.
Маман адам саудасы бойынша елордада тіркелген қылмыс түрлерін атады.
«Жыл басынан бері Астана қаласында адам саудасына қатысты бір ғана қылмыстық іс тіркелді. Атап айтсам, Грузия мемлекетінің азаматымен серіктескен Республикамыздың бір топ азаматтары алдын ала сөз байласып Қазақстан азаматшасын саудалау жөнінде келісім жүргізген. Соның салдарынан А есімді азаматша өзіне қол жұмсап мерт болды. Аталған қылмыс бойынша ҚР ҚК 128 бабы 4 бөлігімен алдын - ала тергеп тексеру өндірісі тіркелді.
Адам саудасы бойынша әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар ұйымдастыру мен жеңгетайлық және қанау бойынша қылмыс түрлері жиі тіркеледі. Сонымен қатар, әдетте еркінен тыс адамдар мал бағуға және құрылыс жұмыстарына салынады. Құлдыққа түсетін азаматтар мен азаматшалардың орташа жас аралығы 18-25 жас. Атап айтқанда, әлеуметтік әлсіз топтың мүшелері, қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектер және алкогольге тәуелді, жеңіл жүріске салынған әйелдер мен еңбек мигранттары қылмыскерлердің арбауына жиі түседі», - дейді полиция қызметкері.
Қазақстанда адам саудасына қатысты арнайы қылмыстық бап жоқ. Ішкі істер министрлігі осы мәселеге қатысты «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Руслан Сафиоллин елімізден құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы елдеріне жиі тасымалданатынын айтты.
«Адам саудасымен айналысқан тұлғалар ҚР ҚК 125, 128, 135, 308 және 309 баптарымен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Адам сатумен айналысып жүрген азаматтарды жедел іздестіру және арнайы жедел іздестіру шараларын жүргізу арқылы анықтап әшкерлеп қылмыстық жауапкершілікке тартамыз.
Адам саудасы мәселесі қазіргі өркениетті қоғамда да әлемнің басты проблемаларының бірі. Елімізде адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу. Қазақстаннан құлдыққа, яғни жезөкшелікке түсетін әйелдер шет мемлекеттерге, әсіресе Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге тасымалданады. Туризм, жұмыс істеу мақсатында шет мемлекеттерге барып, сол жерден құлдыққа түсетін отандастарымыз аз емес. Бұл аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысы бар. Сондай-ақ, көршілес Орталық Азия елдерінен, яғни Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келіп, тәнін саудалайтын әйелдердің саны азаймай отыр. Аталған елдердің Қазақстанға құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Бұл да сол елдердегі экономикалық жағдайдың әсері болса керек. Адам саудасы фактілерінің көші-қон үрдістерімен бірге өсетін мониторинг жұмыстары дәлелдейді», - дейді ол.
Сарапшылардың айтуынша, адам саудасына қатысты қылмыс Шымкет, Астана және Алматы қалаларында жиі тіркеледі.
«Адам саудасына қатысты қылмыс бірінші Шымкент қаласында екінші Астанада жиі тіркелуінің себебі, екі қаланың үлкен мегаполис болуына байланысты. Үлкен қалаларға әдеттегідей жақын маңдағы ауыл-аймақтардан әлеуметтік әлсіздікке байанысты күнкөріс мақсатында халық көп қоныс аударады. Түрлі елдімекендерден келген адамдар қылмыскерлердің алдын-ала құрған қылмыстық схемасымен жасалған әр түрлі алдамшы жарнамаларға алданып, құрыққа түседі. Атап айтқанда көбінесе студенттер және еңбек мигрантары жәбір көреді.
Осы тұста өз тәжірибемде адам саудасына қатысты, есімде қалған бір ерекше оқиғаны бөліскім келіп тұр. Астана қаласында бір отбасында жолдасы мен жұбайы сөзге келісіп жанжалдасып қалады. Жұбайы ұрыс салдарынан жолдасының досымен ашу үстінде төсек қатынасына барады. Досы екеуінің жыныстық қатынасқа түскендерін бейне таспаға түсіріп алып, келіншекті бопсалайды. Бопсалау арқылы келіншекке ойына келгенін жасап, кейін қылмыстық ой туып, ол досының жұбайын түсірген бейне таспаны интернет желісіне «ақшаға интимдік қызмет көрсету» тақырыбымен жүктеген. Ол осылайша досының әйелін мәжбүрлеп басқа азаматтармен төлем ақысына жыныстық қатынасқа түсіріп саудалаған. Саудалау арқылы заңсыз ақша табуды табыс көзіне айналдырған. Алайда, мұндай ессіздікке шыдамаған жәбірленуші, біздің басқармаға келіп арызданды. Біз өз тарапымыздан арнайы жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында әлгі келіншектің жолдасының досын толық дәлелдермен әшкерлеп құрықтадық. Соның салдарынан аталған оқиға бойынша күдікті азамат соттың үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл оқиғада атап өткім келіп отырғаны, өздеріне жақын санап жүрген азаматтың өзі жәбірленушінің қауқарсыз жағдайын пайдаланып құлдыққа алу ойы туған. Ал, елімізде мұндай бізге арызданбай жүрген, біз білмей жүрген қаншама адам саудасы оқиғалары бар. Сол себептен менің нақты обьективті ойым, осы сияқты және басқа да адам саудасымен жазаланып жатқан және жүргізілген іс-шаралар бойынша, берілетін жазаны халыққа жеткізу жолдарын көбейту керек. Атап айтқанда, халықтың арасында ақпаратты тарату жолдарымен, трейнингтермен және интернет желісі арқылы таратылып, жеткізілу керек. Көп адамдар құлдыққа алдап алып кететіндердің амалдарынан бейхабар», - дейді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы.
Ол адам саудасының алдын алу үшін жүргізілетін жұмыстарға тоқталды.
«Дүниежүзінде есірткі мен қару-жарақ сатудан кейінгі кең таралған қылмыстық іс - адам саудасы. Жас қыздарды әйелдерді сату, сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу, мәжбүрлі қайыршылыққа тарту, қарулы қақтығыстарға пайдалану, дене мүшелерін трансплантациялау, жұмыс жасауға мәжбүрлеу мақсатымен некеге тұру, оның ішінде «пошта арқылы қалыңдық іздеу» жүйесін ұйымдастыру және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асырады.
Қазір адам саудасын алдын алу мақсатында студенттер арасында тренинг өткізіземіз. Ондағы мақсат алданып қалып басқа қалаға немесе шетелге «құлдыққа» сатылып, алып-сатарлардың қолына түсіп қалудан сақтандыру, жақындарына, айналысына да ескерту шараларын жүргізуіне себепші болу. Тренинг барысында қалаға жаңадан келген студенттерге жұмысқа, шет елге оқуға шақыратын жарнамалардағы, интернеттегі ақпараттарды мұқият оқып, оған байланысты қандай деректерді тексеру керек, қандай байланыс телефондарын білу керек, кері байланысы жоқтардан сақ болу керек екендігі түсіндіріледі. Сондықтан, ұсынылған жұмысқа бірден келісе салмай, барынша абай болу керек.
Құлдықтан босаған жандарға біздің Департамент психологтарымен және әлеуметтік қолдау көрсету ұйымдарының қызметкерлері тарапынан көмек көрсетіледі. Оларды құлдықтан кейін күнделікті өмірге бейімдеу оңай жұмыс емес», - дейді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Руслан Сафиоллин.