Көмірді газға ауыстырғаннан Алматының ауасы тазармайды – эколог Тимур Елеусізов

Сағыныш Ибрагим

Ол қаладағы экологиялық проблеманы шешу жолдарын ұсынды

Алматы ауа ластануы жағынан Қазақстанда ғана емес, әлемдегі көшбасшы қалалардың бірі. Жергілікті билік тығырықтан шығудың басты жолы – жылу электр орталығын (ЖЭО – авт.) көмірден газға ауыстыру деген болатын. Алайда, эколог Тимур Елеусізовтің пікірінше, көгілдір отынға көшу арқылы Алматының ауасын тазарту мүмкін емес.

ECO FUND TABIGAT қорының төрағасы Алматы өңіріндегі осы және өзге де проблемаларды Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Тимур, жақында алматылық белсенділер экологиялық митинг ұйымдастырды. Қалада еркін дем алу мүмкін болмай барады дейді олар. Алматының ауасын тазарту үшін не істеу керек? ЖЭО-ны көмірден газға ауыстыру арқылы проблеманы шешуге бола ма?

- Есте болса, 2020 жылы жаппай карантин енгізілгенде Алматының ауасы қаншалықты тазарғанын көзбен көрдік. Демек, қаланың ауасын ластайтын басты фактор – автомобиль газы. Көлік қозғалысы мен құрылыс орындарындағы шаң жоғарыға көтеріліп атмосфераның төменгі қабатында жиналады. Соның әсерінен жерге жарық пен таза ауа толық кіре алмайды. Желдің қалыптасқан түтінді итеріп, айналымға келтіреуге мүмкіндігі болмайды. Ал, ЖЭО-ға келетін болсақ, көмірден келетін шаң-түтін қаланың ішіне өте сирек кіреді. Менің бақылауым бойынша көмірден келетін түтін жылына 10 рет желдің ауысу бағыты бойынша қалаға кіреді, бірақ жел оны қайта үрлеп шығарады. Оны біз желдің бағыты бойынша қарай аламыз. Бұны сізге сенімді түрде айта аламын.

Бірқатар еуропалық елдер бүгінге дейін жылыту орталықтарында көмірді қолданып келеді. Сондықтан, көмірді газға ауыстыру экологияға өзгеріс әкеледі деу бос сандырақ. Газ қосылса тарифтер аз дегенде екі есеге өседі. Доллардың курсын және мұнай өнімдерінің қымбаттауын қоса алғанда газ арзан болмайды.

- Тығырықтан шығудың жолы қандай?

- Қаладағы экологиялық мәселені шешу арзанға түспейді. Мемлекет бұл мәселені ең алдымен заң аясында шешуі керек деп ойлаймын. Табиғы ресурстардың есебін жүргізу керек. Қазір ондай есеп жүргізілмейді. Судың әр литрі санаулы, бақылауда болуы қажет. Бәрі суды оңды-солды пайдаланады. Мысалы, көлік жуу орталықтары заң бойынша қайталама суды пайдалануы керек болғанымен бастапқы суды қолданады. Былайша айтқанда, ішетін сумен көлік жуады. Пайдаланылған суды кәсіп иелері тазаламайды. Себебі, міндетіне кірмейді. Көптеген мейрамхана, моншалардың бәрі суды көп қолданатындардың қатарына кіреді. Біз суды өте көп мөлшерін тұтынамыз және жай ғана ағызып жіберіп жатырмыз. Толық тазармаған судың құрамында түрлі ауру тудыратын бактериялар болуы мүмкін. Оны фермерлер пайдаланып, егіс алаңдары суарылады. Одан шыққан өнімді сіз бен біз тұтынамыз. Проблеманың негізгі циклі осылай өрбиді.

Алматыдағы экологиялық проблеманың шешу жолында біздің қор жұмыс істеп жатыр. Қазір қала бойынша үлкен зерттеу жүргізіп жатырмыз. Қандай шешімге келгенімізді алдағы уақытта міндетті түрде хабарлап айтатын боламыз. Сонымен қатар, ауаны тазалау жолдарын қарастырудамыз. Бұл жөнінде де толығырақ айтамыз.

- Тұщы су демекші, алдағы бірнеше жылда ауыз су тапшылығынан оңтүстіктің халқы жаппай солтүстікке көшеді деген болжам айтылып жүр. Сіз осы тұжырыммен келісесіз бе?

- Қазақстан тыйым салынған су дәуіріне кірді. Еуропалық ғалымдар осыдан 10 жыл бұрын елге келіп, біздегі мұздықтар мен жерасты суларын зерттеген болатын. Алматы облысының аудандары сол жылдары төтенше жағдай режимінде болды. Ылғал жетіспеушілігінен егін қурап қалды. Суды дұрыс пайдаланбаудың әсері, өте үлен булану көлемі және мұздықтардың 60 пайыз еруі үлкен проблемаға айналып отыр. Қазір бізде анау айтқандай мұздықтар да қалмады.

Елдегі урбаниканың үлкен бөлігі, инфрақұрылымның дамуы тұтынушыларды көбейтеді. Кәсіп иелері суды жер астынан сорып алып отырғандықтан, көптеген бұлақ жоғалады. Мысалы, Үндістан мен Қытай жерасты суларын көп пайдаланғаны соншалық, қазір арнайы құбырлар арқылы сол судың орнын қайта толтыруда. Осылайша табиғи қауіптің алдын алып жатыр. Сондықтан бұл сұрақ өте күрделі.

Егер Алматы, Алматы облысын алатын болсақ, таудың үстіне жекеменшік үйлер көп салынды. Қалада қиындық тудыратын басты мәселе – септик. Септиктегі лас су жер асты суына араласуы әбден мүмкін. Ол суды адамдар қайта пайдаланады. Мұның бәрі адам денсаулығына зиянын келтіреді.

Су ресурстарына келсек, көршілерге тәуелдіміз. Мысалы, Іле өзені – Қытайдан, Ертіс – Ресейден, Сырдария Өзбекстаннан келеді. Әр ел өзенге құятын судың 50 пайызын алуға құқығы бар. Қазір әлем бойынша шағын өзен-көлдердің жоғалуы байқалып жатыр. Бұл да қауіп төндіретін мәселелердің бірі. Тұщы су тапшылығымен тек оңтүстік халқы емес, республиканың барлық аумағы кездесуі мүмкін.

- Алматы мен Алматы облысынан бөлек, қазір Қазақстанда экологиялық ахуалы ушығып тұрған қандай орындар бар?

- Қазақстанның барлық өңірі экологиялық дағдарыста тұр деп айтуға болады. Жалпы, еліміз экологиялық проблеманың эпидорталығында тұр. Өскемен, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларының экологиясы баршаға аян. Ақтау, Атырау қалаларында түрлі компаниялар жұмыс істейді. Көптеген зиянды қалдықтар Каспиге төгіліп жатыр. Күкірт қалдықтары көп шығарылады. Мұның бәрі алдымен адам денсаулығына кейін табиғатқа қауіп төндіреді.

Ел аумағы бойынша көгалдандыру бар болғаны 4,8 пайызды құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Көгалдандыру мәселесіне көп көңіл бөлінуі керек. Ол біріншіден жаһандық жылынудың алдын алады, екіншіден су ресурстарының булануын қысқартады, жағалауларды қатайтады.

- Билік бұл проблемаларды шеше ала ма?

- Әрине, бірінші кезекте табиғатты қорғау заңына зерттеу жүргізу керек. Мысалы, бізде әкімшілік кодексте су ресурстарының өзара қарым-қатынасы және су көздерінің ластануы мәселелері реттеледі. Әкімшілік жауапкершілік тек кәсіпорындарға қарастырылған. Адамдардың көбі пайдаланған қалдықтарын өзен-көлдерге төгіп жатады. Ол үшін ешқандай арнайы бап, жауапкершілік жоқ. Сондықтан, бұл жердегі басты сұрақ заңда болып тұр. Заңда көрсетілген кодекстердің тәжірибеде қалай жүріп жатқанына зерттеу жүргізу керек.

Көлік құралдарына бақылауды күшейту өте маңызды. Экология – ауқымы кең мәселелердің бірі. Себебі ол экономика, кәсіпкерлік және басқа да бағыттарға тікелей әсер етеді. Бұл мәселеге мұқият мән беру керек. Ертерек әрекет жасалса проблеманы шешуге болады.

- Қазақстанда экологиялық партия құрылса Сіз оның белсенді мүшесі боласыз ба?

- Әзірге ешқандай партияға мүшелік ету жоспарымда жоқ. Болашақта мүмкін өз партиямызды құрып қалармыз. Проблеманың бар екенін тек айтып қана қоймай оны шешу керек деп санаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.