Ол өз кәсібін сүйген адам ғана жұмыстан ләззат алатынын айтады
Гүлнәр Иманбаева – Солтүстік Қазақстандағы санаулы неоанатолог мамандардың бірі. Ол 30 жылдан бері облыс орталығындағы перинаталдық орталықта еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында талай сәбидің дүниеге келу сәтінің куәсі болған. Салмағы 500 грамм мерзімі 22 апталық талай шақалақты аяғына тұрғызған білікті дәрігермен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Гүлнәр Ғаниқызы, не себепті таңдауыңыз дәрігер мамандығына, оның ішінде неанатологқа түсті?
- Біз қазіргі Жамбыл ауданы, Айымжан ауылында тұрдық. Үйдің тұңғышымын. Соңымнан үш ұл ерді. Әкем марқұм үнемі «Менің қызым дәрігер болады. Жақсы маман атанып, қартайғанда біз ауырып қалсақ емдейді» деп үнемі айтып отыратын. Сол сөздерді құлағыма сіңіріп өстім. Мектеп бітірер сәтте мамандық таңдау сәті келгенде ойланып қарасам, қолымнан дәрігерлік пен мұғалімдік қана келетін сияқты. Медициналық училищеге оқуға түстім. Қолымызға диплом тиген сәтте қазіргі балалар ауруханасы ашылды. Бір жылғы түлектер, 100-ден артық адам бірден емдеу мекемесіне жұмысқа қабылдандық. Сондай көңілді кезеңдер еді. Бірге оқыған достармен еңбек жолын бірге бастадық. Сол кезде Петропавлға Целиноград мемлекеттік медициналық институтынан комиссия келді. Жұмыс істеп жүріп еш дайындалмастан емтихан тапсырып, оқуға түстік. 7 жыл білім алдым. Неанатолог бағытын таңдадым. Сол кезде осы педиатриялық орталық ашылды. Содан бері міне, 30 жылдан асты, еңбек етіп жүргеніме. Үйдің үлкен болғандықтан ба, балажан болып өстім. Інілерімді, көршінің баларын бағатынмын. Әрісесе кішкентайларды жақсы көремін. Қазір өзімді басқа мамандық иесі ретінде елестете алмаймын. Өзімді әр сәбиден, жас анадан сарқылмас энергия алатындай сезінемін.
- Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Әулетте Сізден басқа дәрігерлер бар ма?
- Мен келін болып түскен отбасында 4 дәрігер бар, менімен бесеу болды. Дүниеге 3 қыз әкелдім. Олар менің жолымды қуған жоқ. Өзіндік себебі де бар. Олар кішкентай кезде тым көп жұмыс істедім. Мамандар жетіспегенде тоқтаусыз бір жарым тәулік перзентханада жүрген кездер болды. Балаларға күйеуім бас-көз болатын. Соны көрген қыздар кішкентай кезінен дәрігерліктен бас тартты. Тәуліктеп үйге бармай жұмыс істеу – мамандығын қатты жақсы көретін адамның ғана қолынан келеді. Қазір сол кездер есіме түссе, өзім де таң қаламын.
- Неонатолог жұмысының ерекшелігі неде?
- Бұл – микропедиатрия, жаңа туған кішкентай балаларды қарайсың. Кезекшілік болғанда туған сәбилердің барлығын өзің қабылдайсың. Операцияға қатысасың. Кез келген жағдайға дайын болуың керек. Әсіресе шала туған балаларға ерекше күтім қажет. Қазір ДДҰ талабы бойынша 22 апта және салмағы 500 грамға толатын шақалақтар – бала деп есептеледі. Бұрын олар түсікке жатқызылатын, емделмейтін. Қазір сондай кішкентай ғана болып туған сәбилер адам болып кетіп жатыр. Кейбіреуі айлап жатады. Қазір балалардың шала, даму кемістігімен туу жиіледі. Оның барлығы ананың денсаулығына байланысты. Сондықан осы бастан қыздардың құлағына олардың ана болатыны, денсаулығын сақтау керектігін құю керек. Бір кезде жетекшілеріміз бізге үйреткен тәжірибесін жастарға беріп жүрміз. Жұмысқа мерекеге барғандай асығамын. Өзіме қатты ұнайды. Бұл салада жұмысыңды жақсы көрмесең жұмыс істеу өте қиын.
- Петропавлда тұратын Татьяна Култышеева – Қазақстанда дүниеге ең көп сәби әкелген әйел ретінде танылды. Жұмыс барысында көпбалалы анамен жолыңыз түйісті ме?
- Иә, әрине. 17 баланың біразының дүниеге келуіне көмектестік. Өзі жүктілік бойынша есепке де тұрып үлгермейді. Кішкентай балалары болғандықтан үйден шыға алмайды. Сараптама жасатып, ультрадыбыстық зерттеу де өткен емес. Перзентханаға бірден келіп босанады. Өзі шағын ғана, нәзік әйел. Ал балалары 3,5 келі салмақтан асып туады. Соған таң қаламын. Денсаулығы жақсы.
- Тәжірибеңізде есте қалған тағы да қызықты оқиғалар болды ма?
- Осыдан он жыл бұрын төртем дүниеге келді. Сәбилердің анасы кесір тілігі арқылы босанды. Бірі жыласа, екіншісіне үлгере алмай жататыны есімде. Сәбилер реанимация бөлімінде біраз жатты. Қазір барлығы әп-әдемі қыз болған. Одан кейін жұмыс барысында үшем, егіздер кездесді. Басқа төртем болған жоқ. Бұл сирек құбылыс.
- Жалпы әйелдер неше жасқа дейін «ана» атанғаны дұрыс, тәжірибеңізде кездескен ең жас және ең ересек ана жайында айтып берсеңіз?
- Оның барлығы әйелдің денсаулығына байланысты. Ең жасы үлкен ана 50-де болды. Сәбиімен қауышар сәтті тағатсыздана күтті. Алғашқы сәбиі екен. Өмір бойы күткен. Қуанышында шек болмады. Перзентханадан шығарда бәрімізге алғысын жаудырып, жақсы көңіл-күймен қоштасып кетті. Ал ең жас ана – 13 жастағы мектеп оқушысы болды. Егі босанды. Өзі ірі денелі болса да, балалардың салмағы аз болды. Ауруханада көп жатты. Содан кейін біздің бөлімнен басқасына ауыстырылды. Солай шамамен 6 айдай уақыты емдеу мекемелерінде өтті. Кейінгісін білмеймін.
- Қазір даму кемістігімен туатын балалар жиі кездесетінін айттыңыз. Оның жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балаларға қатысы бар ма?
- Жоқ. Менің тәжірибемде жасанды жолен ұрықтандыру арқылы кінаратпен туған балалар кездескен жоқ. Өйткені аналары жүктілікке дейін де, жүктілік кезеңінде де дәрігерлердің бақылауында болады. Денсаулыққа зиян келтіретін өнімдерді тұтынбайды, уақытылы серуендеуге дейін мамандардың ақыл-кеңесін орындайды. Елдің демографиялық жағдайын жақсартуды ойласақ, әр әйел 4 бала туғаны дұрыс деп ойлаймын. Ол үшін қыз балалар кішкентай кезінен күтінуі шарт.
- Қазір екінші рет мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, не істер едіңіз?
- Тағы да медицинаны және басқа емес, осы неанатолог мамандығын таңдар едім. Өз кәсібімді шексіз жақсы көрем. Күн сайын 10-15 баланың дүниеге келген, ата-аналарының қуанған сәтін көремін. Сәбилі болу – адам өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі, өзгелер соны бізбен бөліседі. Біз де олардан көмегімізді аямаймыз.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО