$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.10.2021, 15:50
Сұхбат

«Қайырымдылықты тек ауқатты адамдар емес, қарапайым халық та жасайды»: еріктілер жақсылық жасап жарысуда

2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы деп бекітілген еді

«Қайырымдылықты тек ауқатты адамдар емес, қарапайым халық та жасайды»: еріктілер жақсылық жасап жарысуда

Елімізде қымбатшылықпен бірге азық-түлікке мұқтаж отбасылардың да қатары артып келеді. Осындай қиын кезеңде еріктілерден құралған түрлі топтар оларға көмек қолын созу үшін қайырымдылық шараларын өткізуді әдетке айналдырған. Елордада пайда болған «AQ.nietpen» жобасының өкілі Асылбек Абдурашитов Azattyq Rýhy тілшісіне астаналық еріктілер қандай қайырымдылықпен айналысатынын айтып берді.

Асылбек, «AQ.nietpen» жобасы қашан және қалай пайда болды?

Қазіргі қоғамның жастары зиянды әрекеттерден аулақ болып, қайырымды істер атқарса деген ниетпен, өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін осындай жобаны құруды көздедік. Идея авторлары: мен, Бақытжан Мерекеев және Бағжан Нұрахметов деген азаматтар. Былай айтқанда, еріктілерден құралған топтың арқасында пайда болған жоба.

Былтыр елде коронавирустың індеті өршіп, республика бойынша қатаң карантин жарияланған кезде көптеген отбасы тығырыққа тірелді. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларды пандемия сан соқтырды. Осылайша сәуір айында біз осы жобаны іске асыруды көздедік. Ал шілде айының соңында ресми түрде есепшотқа қаражат жинауды бастадық.

Қайырымдылық ретінде жиналған қаражатқа нақты қандай көмек көрсетіледі?

Бірден айта кетейін, бұл жоба ешқандай коммерциялық мақсатты көздемейді. Біз жиналған қаражатқа күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын сатып аламыз. Сауда орындарына, әсіресе базарға барған кезде тауарларды көптеп алып жатқан кезімізде сауда жасайтындар «мұның бәрін қайда алып жатырсыңдар?» деп сұрап жатады. Біз өз тарапымыздан бұл қайырымдылық шарасы екенін айтамыз. Міне, сондай кездерде базардағы қарапайым сатушылардың өздері де қайырымдылық жасап, кейбір тауарларын тегін беріп жатады. Бұл да үлкен сауапты іс деп білемін. Яғни, бүгінде қайырымдылықты тек ауқатты адамдар ғана емес, қарапайым халық та жасауына мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайлар жиі болып тұрады.

Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін қайдан аласыздар?

Отбасылардың тізімін өзіміз сияқты еріктілерден құрылған үкіметтік емес ұйымдардан, қайырымдылық қорларынан және мешіттерден аламыз. Сондай-ақ, отбасына барған кезде олар да өздері сияқты көмекке мұқтаж жандардың телефон нөмірлерін беріп жатады. Міне, тізім осылай жалғаса береді. Қиындыққа тап болған түрлі отбасыларды кездестіріп жатамыз. Кейбірінде бір ғана бағушысы бар, алайда оның өзі де мүмкіндігі шектеулі жан болып жатады. Тіпті жұмысқа жарамсыз болып қалған ер кісілерді де көрдік. Ондай жандарға көмектеспеу мүмкін емес.

Қаражат жинаудың өзіндік тәртібі бар ма, әлде ақша кез келген уақытта жинала бере ме?

Алғашқы кезде ақшаны осы жобаны ұйымдастырушылар мен олардың достары, туыстары, әріптестері жинап бастады. Кейінірек олардың саны арта түсті. Осылайша бұны жүйелі түрде жүзеге асыру керектігін түсіндік. Қазір қаражат жинау әр апта сайын бейсенбі мен жұма аралығында жүзеге асырылады. Ал, сенбі күні таңертең тауарлар сатып алынып, түсте барлығы таратылады.

Бүгінде қанша отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етіп үлгердіңіздер?

Көмек көрсеткен отбасылардың саны 100-ден асады. Олардың 80-ге жуығы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Сонымен қатар, елордаға іргелес жатқан Қосшы, Талапкер, Қоянды елдімекендеріндегі азаматтарға да қол ұшы созылды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Алматы қаласында да 15-ке жуық отбасыға көмек көрсеттік.

Бір сенбінің ішінде шамемен неше отбасыға көмек көрсетесіздер?

Әр кезде әрқалай, барлығы жиналған қаражатқа байланысты. Ең көп дегені – бір күннің ішінде 12 отбасыға азық-түлік таратып шықтық. Біз еріктілер болғандықтан барлық мекенжайларға өз көліктерімізбен барамыз. Яғни бізге ешкім арнайы көлік бермейді. Қаражат көп жиналған кезде бір көлік 2-3 отбасына кіріп шығады.

Жобаның тұрақты салымшылары бар ма?

Әрине, шамамен 50-ден астам тұрақты салымшылар бар. Олар апта сайын осы игі іске ақша аударып отырады. Кейбір азаматтар бір реттік қомақты қаражат беріп жатады. Ең көп дегені 60 мың теңге аударған.

Әлеуметтік желіде көмек сұрайтындар көп пе?

Біз өзіміздің жұмыстарымыздың нәтижесін Instagram желісінде міндетті түрде жариялап отырамыз. Барынша белсенді болуға тырысамыз. Себебі бүгінде дәл осы әлеуметтік желінің кез келген қайырымдылық жобасына пайдасы өте зор. Жекеге тек көмек сұрайтындар ғана емес, одан бөлек көмек көрсеткісі келетіндер де жиі хат жазып тұрады. Олар қаражат берумен ғана шектелмейді. Жомарт жандар өздері де демалыс күндері игі іске тікелей ат салысып, азық-түліктерді таратуға көмектеседі.

Жалпы, қайырымдылық жасау барысында қандай да бір шектеулер немесе ережелер бар ма?

Біз отбасыларға ақшалай көмектеспейміз. Өйткені құрылғанымызға бір жыл ғана болғандықтан, әзірге тек азық-түлікпен ғана қамтамасыз етеміз деп шештік. Оның үстіне бұл апта сайын атқарылатын жұмыс. Яғни қаражат айлап немес жылдап жиналмайды. Екі күннің ішінде жиналған ақшаға бірден барып қажетті тауарларды аламыз. Біздегі жүйе осындай. Былай айтқанда бұл орташа көмек.

Неліктен дәл осы бағыттағы көмекті таңдадыңыздар?

Кейбір еріктілер, әсіресе студенттер жер үйде тұратын қарт кісілер мен көпбалалы аналардың шаңырақтарына барып, қыстыгүні қарын күреп, жаздыгүні бау-бақшасына көмектесіп жатады. Бұл да қуантарлық жағдай. Өйткені бұл жастардың бір-бірлеріне үлгі болуына ықпал етеді. Ал біз аптаның 5 күнінде жұмыстамыз. Оның үстіне көбі отбасылы адамдар. Демалыстың бір күнін осындай игі іске арнап, жексенбі күні әркім өз жанұясына көңіл бөлуге тырысады. Уақыттың тығыздығына байланысты біз ең болмаса осылай қайырымдылық жасайық деген шешімге келдік.

Бүгінде елімізде қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын ұйымдар саны артып келеді. Олардың тарапынан бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныстар түспеді ме?

Әзірге ондай ұсыныстар түскен жоқ. Жалпы жақсылық жасап жарысқан жақсы деп ойлаймын. Егер де ондай ұйымдар келіп, қайырымдылық шарасын бірлесіп атқарайық десе, нұр үстіне нұр болады деген ойдамын. Жыл соңына дейін тағы бірнеше қалада осы жобаны жүзеге асырсақ деген жоспарымыз бар.

Істеріңіз алға бассын, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары