Пандемияда үнемделген қаражат, ғалымдарға мүмкіндік, жаңа мамандықтар жайлы ХБО президентімен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау 4 мамыр – 28 қазан аралығында өтеді

Айнұр Кәрібозова, ХБО президенті

«Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурсқа құжаттар қабылдау 4 мамырда басталды және 28 қазанға дейін жалғасады. Бұл жолы конкурстық іріктеу 3 лекпен өтеді. Осы және өзге де жаңалықтар жөнінде Azattyq Rýhy тілшісі Халықаралық бағдарламалар орталығы президенті Айнұр Кәрібозовамен сұхбат құрды.

ҚҰЖАТ ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ ПОРТАЛЫ АРҚЫЛЫ ІСКЕ АСАДЫ

Аталған уақыт аралығында үміткерлердің жеке деректері мен ЖОО тізімінде бекітілген оқу орнынан шартсыз шақыру қағазы электронды Үкімет порталында қабылданып, әрі қарай конкурстың 2 негізгі кезеңі – кешенді тест пен тәуелсіз сараптама комиссиясымен сұхбат 2020 жылы арнайы жасақталған онлайн порталда өтеді.

«Іріктеуді 3 лекпен өткізудегі мақсат – оқудың басталу мерзіміне сәйкес, үміткерлер келісімшарттары мен құжаттарын жасау және оқуға аттандыруды ұйымдастыру. Мәселен, оқу семестрі тамыз айында басталатын (көбінесе, бұл АҚШ-тың ЖОО-ы) үміткерлер маусым айында іріктеліп, шілде айының басында республикалық комиссия шешімімен стипендия тағайындалады. Дәл осылай тамыз айындағы іріктеуге басым көпшілігі қыркүйек-қазан айларында оқуы басталатын, соның ішінде континенталды Еуропа мен Ұлыбританияға өз бетімен түскен азаматтардан сәтті өткендері қыркүйек айының басында республикалық комиссияның шешімімен стипендия иегері атанады. Қазанның 28-не дейін құжат тапсырған үміткерлер соңғы үшінші лекке қатысып, өткендері желтоқсан айының басында стипендиат атанып, оқуының басталуына байланысты – келесі жылғы қаңтар айы немесе көктем, жаз айларында оқуға аттанады», - деді Айнұр Бағдатқызы.

Айта кетерлігі, 2020 жылы 6 мамырда Үкімет қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеу ережесі өзгеріссіз қалған. Яғни, басты талап – басым мамандықтар тізімі мен бекітілген ЖОО тізіміне сәйкес құжат тапсыру. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді игеру деңгейі Қазтест бойынша кемінде Б1 көрсеткішін қамту.

217 МАМАНДЫҚ ЖӘНЕ 207 ЖОО

ХБО президенті бұл жолғы басымды мамандықтар мен ЖОО тізімінде сапалық тұрғыда біршама өзгерістер барын айтты.

«Қазір пандемия жағдайында басымдығы жоғары бағыттар бойынша мамандықтар тізімі 7 бағыттан тұрады. Олардың ішінде жаңа бағыттары – инновациялы жаңа технологиялар, өндірістік инженерия. Одан кейін, әрине, денсаулық сақтау саласы мен білім беру өз басымдықтарын сақтады. Мысалы, денсаулық сақтау бойынша тапшы және маңызды мамандықтар – вирусология, иммунология, реабилитология, инфекциялық аурулар, онко-, кардио-, нейрохирургия бар. Ал білім беру саласы бойынша барлық оқу бағдарламалары бойынша қашықтан оқу методикасы мен методологиясы, инклюзивті білім беру, стемп саласындағы білім беру, білім беру саласындағы басқару, педагогика сияқты мамандықтар тізімге енді», - дейді ХБО президенті.

Спикердің айтуынша, биыл басымдық берілген мамандықтар тізіміне «креативті индустрия» жаңа бағыты енгізілді. Ол шығармашылық және өнер саласындағы мамандықтарды біріктіреді.

«Бұл жерде арт-менеджмент, вокалдық, режиссерлік, продюсерлік іс деген сияқты маңызды мамандықтар шоғырланды. Сонымен, 2021 жылы басымды мамандықтар тізіміне 217 мамандық ұсынылды. Оның 80-і академиялық магистратура, докторантура және медицина үшін резидентура болса, қалған 137 мамандық тағылымдама шеңберінде», - деп түсіндірді Айнұр Бағдатқызы.

БИЫЛ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНДА ҒАЛЫМДАР ҮШІН АРНАЙЫ САНАТ БЕКІТІЛДІ

«Тағылымдама жөнінде қысқаша тоқталсам, 15 сәуірдегі шетелде кадрларды дайындау республикалық комиссиясының шешімімен 2021 жылғы «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде тағылымдаманың 5 санаты белгіленді. Соның ішінде «ғалымдар» санатын бекітудегі басты мақсат – өткен жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысының халыққа жолдауында айтқан тапсырмасы, жыл сайын қазақстандық 500 ғалымды әлемнің алдыңғы қатарындағы ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өткізу үшін бекітілді. Келесі 4 тағылымдама санаты – педагогтер, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер, инженерлік-техникалық және мемлекеттік қызметкерлер. Осы 5 тағылымдама санаты бойынша үміткерлер құжаттарын тапсыра алады», - деді ол.

2021 жылы бекітілген жаңа ЖОО тізімі әлемдік 3 академиялық рейтингке (QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) сәйкес жасалған. Тізімге 27 елдің 207 ЖОО-сы енді. Бір айта кетерлігі, бұл тізім алғаш рет 3 жылдық форматта бекітілді. Яғни, 2021-23 жж. кезеңде күшінде болады.

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ШАРТЫН ЖАСАУДАН КІМДЕР БОСАТЫЛҒАН?

«Кепілдік нысаны ретінде жылжымайтын мүлікті ұсыну талабы академиялық бағдарламалар, соның ішінде магистратура, докторантура және резидентура шеңберінде сақталуда. Ал тағылымдамадан өтуге аттанған стипендианттар 2 жеке тұлғаны кепілгер ретінде көрсетсе жеткілікті. Бұл жеңілдікке ауылдық мекендерден келген үміткерлер де ие бола алады. Сонымен қатар, жылжымайтын мүліктен босатылумен қатар, олар тілдік курстардан өту мүмкіндігіне ие жалғыз санат», - деді Айнұр Бағдатқызы.  

Пандемия жағдайында был сәуірден бастап 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін «Болашақ» 506 млн теңгені үнемдеген.

«Болашақтың» 343 стипендиаты білім алатын 25 оқу орны (18 ЖОО және 7 тілдік мектеп) бізге 10 пайыздан 50 апайызға дейін оқу төлемақысы бойынша жеңілдік жасады. Алайда, 2021 жылғы жағдайға келетін болсақ, АҚШ ЖОО-лары керісінше оқу төлемақысын көп жағдайда өсіріп жатыр. Сондағы олардың аргументі – дәстүрлі форматтан қашықтан оқыту форматына көшірерде ресурстар біршама есе көп жұмсалады. АҚШ-тың ЖОО-да оқу ақысын өсіру үдерісі бар», - дейді спикер.

2020 жылы пандемия жағдайында форс-мажорға байланысты (шекараның жабылуы, оқудың онлайн форматқа көшірілуі) Қазақстан аймағында қалып қойған стипендиаттарға арнайы оқу нормасын бекітілген.

«Ай сайынғы шәкіртақыны төлеу үшін, стипендиант оқып жатқан елінде болу керек. Ал енді Қазақстанда қалып, оқуын жалғастыруға мәжбүр болғандары үшін 163-бұйрыққа сәйкес ай сайын берілетін шәкіртақы бекітілді. Оның көлемі – 280 мың теңге. 130 мыңы тамақтануға болса, қалғаны пәтер жалдау үшін қарастырылған. Бұл жолы да күзгі семестрге қарай ЖОО біз оқу форматтарын зерттейміз. Өткен жылмен салыстырғанда, әрине, жағдай салыстырмалы түрде жақсарды. АҚШ және Ұлыбритания ЖОО дәстүрлі немесе гибридті оқу форматына ауысып жатыр. Сондықтан, стипендия иегерінің таңдауына сәйкес емес, ең алдымен оның оқу барысын сапалы әрі қауіпсіз етіп, оқу еліндегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқуды ұйымдастыратын боламыз. Қазақстанда қалып, онлайн оқуын жалғастыруға мәжбүр болатын стипендия иегерлеріне 280 мың теңге, ал оқу жоспарына сәйкес, шәкіртақы Ұлыбританияда орташа есеппен 1900-2000 доллар, АҚШ-та 2000-2200 долларды құрайды», - деді Айнұр Бағдатқызы.

2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша, қалған 500 стипендия «ғалымдар» тағылымдасының жаңа санаты бойынша беріледі.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан