Пандемия кезінде ана мен балаға қатысты әлеуметтік төлемдер тағайындауда қандай өзгеріс болды?
Сарапшы маңызды 5 сұраққа жауап берді
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Алмас Құрманов Қазақстандағы ана мен баланы әлеуметтік қорғау жөнінде бірқатар сұраққа жауап берді.
- Алмас Мұхаметкәрімұлы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша былтыр Қазақстанда 425,6 мың бала дүниеге келген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға артық. Бұл статистика мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаумен байланысты ма?
- Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы жауапкершілікті бөлуді көздейтін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі моделі енгізілген.
Ана мен баланы әлеуметтік қорғау кешенді түрде жүргізіледі. Мемлекет бала туған кезде бюджеттен әлеуметтік жәрдемақыны қамтамасыз етеді. Ал, жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерді әлеуметтік сақтандыру қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жұмыскерлердің жарнасы есебінен зейнетақы жинақтары қалыптастырылады.
Жұмыс істейтін әйелге жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы жүктіліктің 30 аптасынан бастап қалыпты босану кезінде күнтізбелік 126 күнге, оның ішінде босануға дейін күнтізбелік 70 күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік 56 күнге беріледі.
2008 жылға дейін бұл еңбекке жарамсыздық парағына жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленді.
2008 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»атты Қазақстан халқына жолдауы шеңберінде жұмыс істейтін әйелдердің мүддесін қорғау мақсатында жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы жүктілігі және босануы бойынша төлем тағайындау үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) беріледі.
2008-2020 жылдары 2 миллионға жуық болашақ анаға МӘСҚ-дан 636 млрд теңге төленді.
Жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің соңғы жұмыс жасаған жылы үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар төленген табысынаа және жүктілігі және босануы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санына байланысты болады.
- Бала туғаннан кейін отбасы қандай төлемдер алады?
- Бала туғаннан кейін баланың әкесіне немесе анасына еңбек қызметін жүзеге асыру асырмауына қарамастан, бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленеді. 2021 жылы көрсетілген төлем мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 110 846 теңгені, төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК немесе 183 771 теңгені құрайды.
Егер баланың анасы жұмыс істемесе, оған бюджеттен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. 2021 жылы жәрдемақы мөлшері баланың туу кезектілігіне байланысты айына 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін құрайды.
Егер баланың анасы жұмыс істесе және ол үшін МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар түссе, онда ол бала туғаннан кейін МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына ай сайын әлеуметтік төлем алатын болады.
Бұл төлемді алудың негізгі шарттары - кірісті жоғалту және 1 жасқа дейінгі балаға нақты күтім жасау. Төлем мөлшері әйелдің бала туғанға дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ын құрайды. Бұл ретте, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының ең төменгі мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспауы тиіс, яғни 2021 жылы 119 000 теңге.
2008-2020 жылдары МӘСҚ-тан көрсетілген әлеуметтік төлемді жалпы сомасы шамамен 711 млрд теңгеге 2,8 млн адам алды.
- Жаңа туған баланы күту бойынша демалыста болу кезеңі жұмыс өтіліне қосыла ма?
- Заңнамаға сәйкес, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемнен 10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады.
Сонымен қатар, әйелдердің зейнетақы жинақтарының деңгейін арттыру мақсатында бюджет қаражаты есебінен қосымша МЗЖ субсидиялау енгізілді. Бұл 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде әйелдердің жинақтаушы зейнетақы шоттарына МЗЖ қосымша аударылатынын білдіреді.
Осылайша, 1 жасқа дейінгі бала күтімі кезеңінде, егер әйел жұмыс істеген болса, міндетті зейнетақы жарналары БЖЗҚ-ға да түседі.
Бұл ретте, зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес жұмыс істемейтін ананың немесе жұмыс істемейтін әкенің (ол нақты күтімді жүзеге асырған кезде) жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыты зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептеледі.
- Егер әйел 2020 жылы төтенше жағдай кезеңінде 42 500 теңге алса, әлеуметтік төлемдер қалай тағайындалады?
- Жүктілікке және босануға, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балаға күтім жасауға байланысты кірісінен айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлемдер соңғы 12 ай және сәйкесінше 24 ай үшін әлеуметтік аударымдар төленген табыс негізінде тағайындалады.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшерін азайтпау үшін төтенше жағдай кезеңінде 42 500 теңге төлем алған және жалақысы сақталмайтын демалыста болған айлар есептеуден шығарылады және көрсетілген кезеңнің алдындағы басқа айлардың кірістерімен ауыстырылады.
- Егер жұмыс беруші пандемияға байланысты 2020 жылы әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылса, әлеуметтік төлемнің мөлшері қалай анықталады?
- Егер жұмыс беруші 2020 жылы әлеуметтік аударымдарды төлеуден босатылғандар санатына жатқызылса және ҚР Үкіметінің шешіміне сәйкес әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесіне «0» түзету коэффициентін қолданса, онда әлеуметтік төлемдердің мөлшерін айқындау кезінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, сондай-ақ кіріс жұмыс берушінің беретін анықтамалары негізінде ескеріледі.
Өтініш беруші бұл анықтаманы МӘСҚ-тан тиісті әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінген кезде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына ұсынады.
Анықтама нысанын МӘСҚ www.gfss.kz интернет-ресурсының «маңызды ақпарат» бөлімінен жүктеп алуға болады.