$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.04.2021, 11:56
Сұхбат

Каирде Абайды танып, қазақ тілін үйренгісі келетін араб жастары көп – Рабиға Төлебай

Тіл маманы Египетте қазақ құндылықтары қалай дәріптеліп жатқанын айтты

Каирде Абайды танып, қазақ тілін үйренгісі келетін араб жастары көп – Рабиға Төлебай

Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай әлемнің өзге елдерінде қазақ мәдениетін, тілі мен тарихын, әдебиетін насихаттап жүрген қандастырымыз «Абай» медалімен марапатталған болатын. Олардың қатарында Египетте араб жастарына қазақ тілін үйретіп жүрген Рабиға Төлебай да бар. Небәрі 5 жасында ата-анасымен Мысырға қоныс аударған қазақ қызы бүгінде Каирдегі Әл-Азһар университетінде дін мамандығын меңгеріп жүр. Ол Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін араб тіліне аударып, оны жергілікті халық арасында кеңінен насихаттауда.

Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген Рабиға Египеттегі оқу жүйесінің ерекшелігі, араб жастарының қазақ тілі мен дәстүріне деген қызығушылығы жайында айтып берді.

- Рабиға, Египетке ертеректе ата-анаңызбен көшіп кеткеніңізді білдік. Ол кісілер қазір немен айналысады, сол елдің азаматтығын алды ма?

- Мен негізі Жезқазған қаласының тумасымын. Иә, кішкентай кезімде әкемнің оқуы бойынша Египетке отбасымызбен қоныс аудардық. Жастайымнан сол елде білім алып, араб тілінде сөйлеп үйрендім. Әкем – дінтанушы, анам – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Анамның қатаң бақылауының арқасында қазақ тілін ұмытпадым деуге болады. Себебі, ол кісі үнемі қазақша кітаптарды оқуымызды қадағалап отыратын. Өз тілімізге үлкен құрметпен қарауды үйретті.

Египетте тұрып жатқанымызға көп болса да, ата-анам Қазақстанның азаматы, азаматтығын ауыстырған жоқ.

- 14 жасыңызда мектепті уақытынан бұрын бітіріп, университетке оқуға түсіпсіз. Бұл жаста ЖОО-ға түсу қалыпты құбылыс па, әлде сіз вундеркиндсіз бе? Мамандығыңыз не?

- Қазір Әл-Азһар университетінде дін негіздерін зерттеу мамандығында білім алып жатырмын. 14 жасымда университетке түскеніме көбі таң қалады. Бірақ, бұл Египетте қалыпты құбылыс. Мысырда мектеп оқу 12 жыл. Мен 6-сыныпқа дейін құрдастарыммен бірге оқыдым. Мұнан кейін мектеп оқушыларына жоғарғы оқу орындарына түсуге мүмкіндік алу үшін түрлі емтихандар болады. Әл-Азһар университетіне түсу үшін алдын ала емтихан тапсырдым. Емтихан алдымен ауызша, кейін жазбаша тапсырылады. Ауызшадан жақсы нәтиже көрсетіп, жазбашаны да үздік бағамен тапсырып шықтым. Осылайша, жақсы оқығанымның арқасында 6-сыныптан 11-сыныпқа аттап өттім. 11-ді оқып жүріп 12-сыныптың жарысы болады дегенді естіп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Ол жарыстан да жақсы көрсеткіш көрсеттім. Сөйтіп, 14 жасымда студент атандым.

Қазір магистратураның диссертациясын қорғайын деп жүрмін. Мысырда магистратураны қорғау үшін 2 жыл толықтай оқу керек болса, диссертацияғада кем дегенде тағы 2 жыл кетеді.

Арабтар да қазақтар секілді, шақырылған жерге кешігіп келеді...

- Тілі, мәдениеті мүлдем бөлек халықпен ортақ тіл табысу алғашқы уақытта қаншалықты қиынға түсті? Араб тілін үйренуге қанша уақытыңыз кетті?

- Араб тілін өзім қатты жақсы көремін. Алғашқы себебі: Құран тілі, жұмақ тілі болса, тілдің әдеби тереңдігі мен белгілі бір түсінікті жүзден астам сөз арқылы жеткізуге болатыны қатты ұнайды. Арабтармен тіл табысуда қиналдым деп айта алмаймын. Дегенмен, үйрене алмау көбіне тіл жағынан емес, жалпы түсінік, тазалық, бір мәселеге деген көз қарастың келіспей қалатын кездерінде болып жатады. Сондай кездерде қиналып кететінімді жасырмаймын. Ал, басты ұқсастықтың бірі – дініміз ислам болса, екіншісі – шақырылған жерге кешігіп келу. Сөйлесу жағынан мүлдем қиналмаймын.

«Не ексең соны орасың» демекші, балаға да кішкентайында не үйретсең соны тез алып кетеді емес пе?! Кішкентайымнан осы елде тұрғандықтан, жергілікті тілді тез үйрендім. Мысыр халқы көшеде «аммия» тілінде сөйлесе, кітаптары «фусһа», яғни Құран тілімен жазылады. Мен екеуін қатар алып үйрендім, кітап оқу үшін «фусһа» тілін қолдансам, көшеде «аммияда» сөйлеймін.

- Қазақстанның Египеттегі елшілігі ұсынысымен Каир университетінің студенттеріне қазақ тілін үйретіп жүрсіз. Оқушыларыңыздың арасында арабтар көп деп өзіңіз бұған дейінгі сұхбатыңызда айтыпсыз. Арабтарға қазақ тілін үйрену не үшін қажет, біздің тіл халықаралық тіл емес, Қазақстанды әлемдік держава деп те айта алмаймыз. Яғни, араб жастары қазақ тілін қандай мақсатта үйреніп жүр?

- Менің студенттерімнің барлығы араб балалары. Ішінде басқа ұлт өкілдері мүлдем жоқ. Олар қазақ тілін қызығып оқиды. Жалпы, қазақ елін жақыннан танып, әдет-ғұрыптарынан хабардар болғысы келеді. Қазақ тілі халықаралық тіл болмауы мүмкін, бірақ, арабтардың елімізге деген қызығушылығын көрсеңіз ғой, қазақ тілі әлемге әйгілі болса несі жаман?! Керісінше, кеңінен таныстырып, дәріптеп жүруіміз керек. Бірақ, ол үшін алдымен өз тарихымызды, мәдениетіміз бен тілімізді өзіміз толық меңгеруіміз керек.

Каир университетінде қазақ тілі 2019 жылдан бері ресми пән ретінде оқытыла бастады. Биыл арабтардың қазақ тілін оқып жүргеніне үшінші жыл. «Бір тіл – бір адам» демекші, тіл үйрену ешқашан артықтық етпейді. Араб жастары еліміздің мәдениетімен жақын танысып, қазақ халқымен қазақ тілінде араласқысы келеді.

- Тіл үйретуде өзіңіздің арнайы амал-тәсілдеріңіз бар ма?

- Әр ұстаздың өзіндік методикасы мен жаттығулары бар деп ойлаймын. Әли бин Әбу Талиб бір сөзінде «Кім өзін тани білсе ол Раббысын танығаны» дейді. Адам өзін жақсы таныса, өзіне не керек екенін, не жетіспей тұрғанын біліп, соны толтыруға тырысады. Ең маңыздысы, алып жатқан білімін іштей ұнатып, өзіне пайда әкелетінін сезінуі қажет.

- Жуырда «Абай» медалімен марапатталдыңыз. Ұлы Абай Египетте қалай дәріптеліп жатыр? Оның шығармаларымен арабтар қаншалықты таныс? Өзіңіз де тіл үйреткенде жергілікті жастарға ақынымызды насихаттайтын боларсыз?

- Мысырда Абай атамыз жоғары деңгейде дәріптеліп жатыр. Ұлы ақынды таныстырғанда оның ғұлама екенін айта отырып, өз ақындарына ұқсас жерлерін түсіндіре, Абайдың өз ерекшелігін көрсетуге тырысамын. Ақынның аударылған кітаптарының бірнеше нұсқасы Мысырдағы лауазымды кісілерге табысталды. Оның ішінде Египет президенті Абдул-Фаттах Ас-Сисидің діни кеңесшісі болған доктор Усама Әл-Азһариге арабша нұсқасын өзім табыстадым. Ол кісі оқып, Абайдың қандай ойшыл, ғалым екеніне сүйсініп, тек қазақ еліне ғана емес, жалпы түркі тілді елдерге арнаған ойлары мен насихаттарының олар үшін маңыздылығын айтты. Өз басым, қазақтың ұлы ақыны Абайдың туындыларын дәріптеуге аз болса да үлес қосқаныма қуанамын.

Қазақ тілі оқытыла бастағаннан осы күнге дейін студенттеріме Абайдың өлеңдерін жаттатып, қара сөздері жайында жиі дәріс оқып тұрамын.

- Алдағы уақытта Қазақстанға көшіп келу ойыңызда бар ма?

- Әрине, бәрі Алла қалаған уақытта болады деп ойлаймын. Елге қуана-қуана келер едім.

- Уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет!

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары