Рафаель Гонсалез АҚШ-тың Қазақстандағы дипмиссиясында жұмыс істейді
Осыдан 10-15 жыл бұрын қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтындардың қатары көп еді. Қоғам белсенділері, қазақтілді басылымдар ана тіліміздің жоғын жоқтап, билікке жиі үн қатып жататын. Ал, қазір жағдай 180 градусқа өзгеріп кетпесе де, айтарлықтай оңалды деп айтуға болады. Қазақ тілін үйреніп жатқандар қатарында өз қазағымыздан бөлек, елдегі өзге ұлт өкілдері, сондай-ақ шетелдіктер де бар. Яғни, мемлекеттік тілге деген сұраныс артып, оны қолдану аясы да кеңейіп келеді.
Қазақ тілін үйреніп жүргендердің көбі оның күрделі екенін айтады. Дегенмен, АҚШ-тан келген Рафаель Гонсалез біздің қазақша сөйлеуді небәрі 10 айда үйреніп алғанын айтады. Ол қазір тілді ғана емес, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін де меңгеріп жүр. Azattyq Ruhy тілшісі америкалық жігітпен сұхбаттасып, қазақ тілінің оған не үшін керек болғанын сұрап білді.
- Рафаель, Қазақстанға қашан келдіңіз, мұнда немен айналысып жүрсіз?
- Мен өзім АҚШ-тың Солтүстік Каролина деген штатында туып-өскем. Бірнеше жыл бұрын Ресейдің Екатеринбург қаласында көшіп барып, былтыр жазда Қазақстанға қоныс аудардым. Әйелім мен балаларым да жанымда. Ресейде жүргенде қазақ елінің тұрмысына, салты мен мәдениетіне, жалпы осындай ерекше мемлекетке қызықтым. Барып көргім келді. Ақыры жолым түсіп, Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдім.
Қазір осында АҚШ-тың елшілігінде жұмыс істеймін, виза берумен және осындағы АҚШ азаматтарына көмек берумен айналысамын.
- Қазақ тілін жұрт күрделі тіл деп жатады, сол рас па?
- Қазақ тілін 2019 жылдан бастап меңгеруді қолға алған болатынмын. Бірақ, түрлі кедергілер болды, бұл процесс ұзаққа созылып кетті. Кейін бар зейінімді салып, осы тілде еркін сөйлеуді қолға алдым. Барлығы 10 ай уақытымды жұмсадым. Оның үстіне, елшілікте жұмыс істегендіктен, бізге осы елдің мемлекеттік тілін білу – міндет.
Қазақ тілін арнайы мұғалім жалдап оқыдық, менімен бірге тағы екі отандасым болды. Үшеуміз күніне бес сағаттан тіл оқитынбыз. Қазақ тілі расымен де күрделі тіл, еркін сөйлеп кеткенше қаншама рет қайталадым, бір күн де демалған емеспін. Өз арамызда және жергілікті тұрғындармен тек қазақ тілінде сөйлеп машықтандым. Газет мақалаларын оқып, оны мұғаліммен бірге талдайтынбыз. Бағымызға орай, өте білікті ұстаз жолықты. Соның да арқасы шығар, қазақ тілін жұмыс үшін деп емес, ерекше қызығушылықпен үйрендік.
Тіл үйренуіме кедергі болған басты жағдай – карантин. COVID-19 пандемиясы салдарынан біз оқуымызды офлайннан онлайнға ауыстыруға мәжбүр болдық. Жат тілді үйреніп жүрген адамға бұл өте қиын. Бұрын бетпе-бет отырып әңгімелесіп, білмегенді дереу сұрап, практика жоғары деңгейде өтсе, онлайн оқуда керісінше болды. Бірақ, АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті ұсынған технологиялық ресурстар мұны да жеңілдетті.
- Біздің тілдің ерекшелігі неде, сізді несімен қызықтырды?
- Ең бірінші, қазақ тілі өте бай, тілді толық меңгеріп алмасам да, күннен күнге осыған көзім жетіп келеді. Мәселен, бір сөздің бірнеше мағынасы болуы мүмкін немесе бір құбылысты бірнеше сөзбен жеткізуге болады. Кейде ұзақ, терең ойды бір ауыз сөзбен қысқа қайыруға болады.
Мен үшін қиын болған тұсы – қазақ тілінде етістік сөйлемнің соңында келеді. Ағылшын тілінде керісінше, бас жағында. Мен соған дағдыланып қалғам. Қазақша сөйлескен кезде кейде бірінші етістіктен бастап қалатыным бар.
Жалпы, тілді үйрену арқылы бүтін бір қазақ халқының мәдениетін де, дәстүрін де меңгеруге болатынын түсіндім. Бірақ ол үшін тағы біраз уақыт керек, осы халықпен бірге етене араласуым керек, соған көзім жетіп отыр.
Қазақ тілін мынанша уақытта үйреніп алуға болады деп айтуға болмайды. Жаңа айтып өткенімдей, бұл жай ғана сөйлесу құралы емес, бұл тілдің астарында бір ұлттың мәдениеті мен тарихы, салт-дәстүрі жатыр. Менің өзіме әлі біраз уақыт керек. Әркімнің қабілеті әр түрлі ғой...
- Жалпы, қанша тілде сөйлейсіз? Қазақстаннан басқа бірнеше елде өмір сүргеніңізді айтып қалдыңыз.
- Ана тілім – ағылшын тілі. Бұдан бөлек қазақ, орыс, испан тілдерінде еркін сөйлеймін. Мұнымен шектеліп қалмаймын, алдағы уақытта өзге де тілдерді үйренуге ниетім бар.
- Отбасыңыз қазақша сөйлей ме?
- Біз Ресейде төрт жыл өмір сүрдік. Әйелімнің алғаш үйренген шет тілі де осы орыс тілі болды. Қазақстанға келгенде жергілікті тұрғындармен орысша сөйлесіп жүр. Ал, балаларымды қазақ мектебіне бердім, қазір үйреніп жүр қазақша сөйлеуді. Үйде негізінен ағылшын және орыс тілдерінде сөйлесеміз.
- Қазақ тілін өзіңіз секілді үйреніп жүрген азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең алдымен талпыныс керек және осы тілге деген қызығушылық немесе мұқтаждық қажет. Күнделікті жаңалықтарды қазақ тілінде оқыңыздар, ақпараттың бәрін қазақ тілінде алыңыздар, сол кезде тіл үйрену процесі жылдамдайды. Интернетті қазақ тілінде пайдаланған жөн. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен көп сөйлесу керек, жақын араласу керек. Қазақтар сөйлесуге әрдайым қуана келісіп, көмектесуге дайын тұрады. Бастысы – қате сөйлеуден қорықпау керек, уақытымен бәрі түзеледі.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан