ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2700-ге жуық адамнан коронавирус анықталды

«Болашақ» бағдарламасының шарттары мен талаптарында соңғы бір жылда не өзгерді?

Халықаралық бағдарламалар орталығы президенті Айнұр Кәрібозовамен сұхбат

Фото автордан

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы № 1394 қаулысы негізінде бекітілген. 27 жылда қанша қазақстандық азамат шетелдің ең үздік университетінде білім алып келді? Басымдық қай мамандықтарға берілді?

Әлемде әлі күнге дейін баламасы жоқ бағдарламаның нәтижелері мен жаңалықтары жөнінде Azattyq Ruhy тілшісіне «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы президенті Кәрібозова Айнұр Бағдатқызы айтып берді.

Қазір «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде оқыту мониторингінде 1 302 стипендиат бар. Оның ішінде 2 адам – бакалавриат бағдарламасы бойынша, 1 053 адам – магистратура, 165 адам – докторантура, 1 адам клиникалық ординатура бойынша және 81 адам тағылымдама бағдарламасы бойынша оқып жатыр.

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

«2020 жылғы 6 мамырда Үкімет қаулысымен үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітілді. «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруда кешенді өзгерістер болды. Біріншіден, құжат қабылдау мен конкурстық іріктеу толық автоматтандырылды.

Жаңа іріктеу ережесіне сәйкес, екінші өзгеріс – конкурстың іріктеуі 6-дан 3 кезеңге қысқартылды. Олар: кешенді тестілеу, тәуелсіз сараптама комиссия мүшелерімен сұхбат және қорытынды кезең - Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы. 

Үміткерлердің ұсыныс хаттары мен негіздеме хаттарын бағалау, мемлекеттік тілді, шет тілді білу деңгейін айқындайтын тест – осы 3 кезең алынып тасталды. Яғни, енді үміткер өз бетімен ЖОО-на құжат тапсырады. «Болашақ» бағдарламасы ұсынған ЖОО тізімі мен басым мамандықтар сәйкес болуы шарт. Осылайша, әр үміткер мемлекеттік тілді өз бетімен тапсырып, ЖОО шақырту алады да, дайын құжаттарды электрондық үкімет порталы арқылы тапсырып, конкурстық іріктеуді арнайы жасақталған онлайн платформада өтеді. 

Сонымен қатар мемлекеттік тілді игеру талабы күшейтілді. Бұған дейін А2 деңгейі (150 сұрақтың 50 пайызына дұрыс жауап беру) талап етілсе, қазір кемінде В1 сертификаты (150 сұрақтың 75 пайызына жауап беру) қамтамсыз етілу керек.

Тағы бір маңызды өзгеріс – алдын ала тілдік курстары енді тек ауылдан келген азаматтарға ғана берілетін жеңілдік. 2019 жылға дейін 7 жеңілдетілген квоталық санаттағы үміткерлер болған. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми-педагогикалық, медиа, мәдениет-спорт, медицина-денсаулық сақтау, инженерлік-техникалық бағыттар бойынша үміткерлер арнайы жеңілдікке ие еді. 2008-2012 жылдар аралығында 1,5 жылға дейін, 2012-2019 жылдарда 1 жылға дейін арнайы тілдік дайындық курстарын өтетін. Енді 2020 жылдан бастап өз бетімен түсу алға тартылғандықтан, жеңілдетілген квоталар алынып тасталды. Енді тілдік курстар қарастырылмайды. Сол арқылы ең маңызды қол жеткізіліп отырған нәтиже – конкурстық іріктеу барысындағы тең мүмкіндіктер, әділ бәсекелестік. Барлық үміткерлерге талап бірдей», - деді Айнұр Бағдатқызы.     

Бағдарлама іске асқан 27 жылда 14 156 стипендия тағайындалды

1994 жылдан 2004 жылға дейін – 785 стипендия, 2005 жылдан 2020 жылға дейін – 13 371 стипендия. 13 371 стипендияның 3379-ы – бакалавриат, 7379 – магистратура, 35 – аспирантура, 87 – клиникалық ординатура, 366 – докторантура, 2125 – тағылымдама бағдарламасы бойынша оқуға берілді.

ТАҒЫ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛДЫ?

  • Конкурстық іріктеудің 1, 2-кезеңі – кешенді тестілеу бұрынғыдай пәндік сұрақтардан емес, вербалдық, сандық, дағдылық – 3 типті сұрақтардан тұрады.
  • Пандемия кезінде құжат қабылдау толық онлайн өтті. Арнайы портал жасақталды. Әр үміткердің жеке кабинетінде дара код қосылып, жеке деректері көрсетілген жоқ.
  • Көшіріп алу амалы жасалған жағдайда, anti-cheating қосылып, үміткерді жүйеден шығару қарастырылды.
  • Сараптама комиссиясы 3-тен кемінде 5 мүшеге дейін көбейтілді. Оларды іріктеу талаптары қатаңдатылды. Сұрақтар регламенті де шектелді.
  • Конкурстық іріктеудің 1,2-кезеңі аудио, видео фиксацияланды. Бұл конкурстың ашықтығы мен әділдігі үшін жасалған.

Соңғы жылдары «Болашақ» стипендиясының иегерлері мына елдерді таңдайды: Ұлыбритания мен Ирландия – 45,5%, АҚШ пен Канада – 26%, Еуропа елдері – 12,9%, Азия елдері – 8% және РФ – 7,6%.

«Болашақ» бағдарламасын іске асырудың барлық кезеңінде 11 121 маман даярланды. Түлектердің жалпы санының 54,8%-ы гуманитарлық, 36,2%-ы техникалық, 7,2%-ы медициналық және 1,8%-ы шығармашылық мамандықтар бойынша оқуды аяқтады.

«БОЛАШАҚ» ТІЗІМІНДЕГІ ЖОО САНЫ 3,5 ЕСЕ ҚЫСҚАРДЫ

«Болашақ бағдарламасында екі негізгі алғышарт бар. Ол – басым мамандықтар мен әлемнің ең үздік ЖОО тізімі. Басым мамандықтар тізімі әр түрлі еңбек нарығындағы ұйымдар, ғылыми-зерттеу институттары, аймақтардан, өндірістерден келген сұраныстар нәтижесінде ҚР Білім және ғылым министрлігімен еңбек нарығындағы қажеттіліктердің ортамерзімді болжамын ескерумен жасақталады. 27 жылдағы мамандықтар бағыттарын сараласақ, 50 пайыздан астамы гуманитарлық-әлеуметтік, 30 пайызы инженерлік-техникалық, 7-8 пайызы медицина, 1-2 пайызы шығармашылық мамандықтары. Қазір оны еңбек нарығына қажетті бағытта дайындау қолға алынуда.

"ЖОО тізімі де сапалық тұрғыдан өзгерді. 2019 жылы 537 университеттен тұрса, және оның 20 пайызы ғана жоғары рейтингтегі университеттер болса, 2020 жылы тізімге 138 ғана оқу орны кірді. Тізім 3,5 есе қысқарды», - дейді Айнұр Бағдатқызы. 

«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫН АЙРЫҚША ЕТЕТІН ФАКТОРЛАР

«Студентті толық қаржылай қамтамасыз ететін және концептуалды тұрғыда ұйымдастырылған әлемде тұп-тура балама жоқ. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы Британдық Кеңес пен Герман академиялық алмасулар қызметінің зерттеулері қорытындысы бойынша АҚШ-та өткен Going Global VIII халықаралық конференциясында осыған ұқсас 11 бағдарламаның арасында үздік стипендиялық бағдарлама деп танылды. Себебі, «Болашақ»-ты айрықша ететін фактілер бар. Олар: іріктеу барысының толық ұйымдастырылуы, еңбек нарығындағы сұранысқа сай жасалған мамандықтар бағыты және ЖОО тізімі. Жай ғана шетелге барып оқып келу емес, студенттің оқуын толық қадағалау, елге қайтару, алған білімі мен тәжірибесін нақты мерзімде еліміздің игілі үшін жарату талабы – Болашақтың ерекшелігі», - деді Айнұр Бағдатқызы.

Айта кетерлігі, «Болашақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес, оқу ақысы, ай сайынғы шәкіртақы, медициналық сақтандыру, виза, әуежол шығыстары, семестр сайын оқулықтарға бөлінетін көтермеақы толық қамтылады.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан