Жапырақ. Пышақ. Сурет. Карвинг өнерін меңгерген шебермен сұхбат
Қанат Нұртазин Disney-ге «Холодное сердце 2» және «Малефисента» сюжеттерін жасаған
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Қанат Нұртазин – ерекше өнер иесі. Шебердің қолына түскен ағаштың қарапайым жапырақтары нағыз өнер туындысына айналады. Ол мультфильм кейіпкерлерінен бастап, көлемді картиналарға дейін жасайды. Бір қызығы, суретшінің бұл салада арнайы білімі жоқ. Бәрін тоқтаусыз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында үйренген. «Сурет салудың 100 әдісі» жобасының авторы Nickelodeon және Disney компанияларымен әріптестік орнатқан. Назарбаев Университетінің аға менеджерімен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Жапырақты ойып, сурет салу – ерекше өнер. Оның пайда болу тарихына тоқтала кетсеңіз. Бұндай өнердің атауы бар ма?
- Оның тарихы жайында білмейді екенмін. Ол туралы ойланып та көрген емеспін. Мен жапырақтан сурет ою дегеннен гөрі, «карвинг» сөзін қолданамын. Ағылшын тілінен аударғанда «ойып салу» деген мағна береді. 2013 жылы Куала-Лумпурдегі Asia Pacific University of Technology and Innovation оқу орнын «Халықаралық-менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдадым. Жоғары оқу орнының дипломы қолыма тиген соң, жұмыс іздеуді бастадым. Ал бос уақытымды зая кетірмес үшін сурет салуды қолға алдым. Бұған дейін де бұл өнермен шұғылданып жүретінмін. Біртіндеп кескіндерді қағаздан ою идеясы келді. Содан кейін шайдың жапырақтарына көштім. Суреттерді салу үшін ағаштардың жапырағын да пайдалана бастадым. Өз елінің патриоты ретінде ең алғашқы еңбегім – Қазақстанның мемлекеттік туы болды. Коллекциям түрлі жұмыстармен толыға берді. Содан кейін «Сурет салудың 100 әдісі» атты шағын жобамды бастадым. Оның аясында сурет салудың сан-алуан әдістерін пайдаланамын. Карвинг - солардың бірі. Ерекше өнер көпшілікті қызықтыратыны рас.
- Өзіңіз бұл өнерді қайда меңгердіңіз?
- Қандай да бір курс өтіп, немесе дәрістер тыңдап, апрайы білім алған емеспін. Барлығы қателесу мен оларды түзету, еңбектену мен ізденіс арқасында келді. Ұзақ уақыт бойы салатын картинаның идеясын жинаймын. Ойша барлық жұмыстың бүге-шүгесіне дейін сценарийін елестетіп, қиялға берілемін. Қажетті материалдарды іздеймін. Қолда бар заттарды пайдалануға басымдық беремін. Дегенмен, арнайы тапсырыс беріп жататын кездер де болады. Кейде бір суретті салу жарты жылдап жалғасуы мүмкін. Ал кейіде екі-үш сағатта еңбек дайын болады. Бәрі шабытқа байланысты. Ал мен оны жақсы кино, әсерлі музыка, жеке ойларым мен әлемде болып жатқан жаңалықтардан тіпті әлеуметтік проблемалардан да аламын.
- Жапырақты әдемі өнер туындысына айнылдыру үшін қандай аспаптар қажет?
- Жапырақтың өзі, кеңсе пышағы және сурет. Әдетте оны мен жапыраққа жапсырамын. Ол оны нығайта түседі, тез жыртылмайды. Жалпы алғанда жапырақ өте нәзік табиғи дүние. Онымен жұмыс істуе оңай емес. Сәл ғана қателіктің кесірінен жапырақ жыртылып, ойдағы дүние шықпай қалуы мүмкін. Жалпы көп қателестім, қайта түзеттім. Мақсатым – барлығын өз қолыммен жасау.
- Жапырақты таңдап аласыз ба? Көбіне қандай ағаштардың жапырақтарын пайдаланасыз?
- Әдетте қолыммен сипап, жапырақты сезініп таңдау жасаймын. Маған қалың, бойында ылғалы аз жапырақтар керек. Көбіне үйеңкі жапырақтарын кәдеге жаратамын. Олардың формасы өте әдем және күздің қанық түстеріне бай.
- Әлемде жапырақтан ойылып салынған суреттер көрмесі, байқаулар ұйымдасырыла ма? Сіз қатысып көрдіңіз бе?
- Шынымды айтсам, бұл мәселе жайында ойланып көрмеппін, тіпті қызыққан да емеспін. Дегенмен, ұйымдастырылып жатса, қуана-қуана қатысар едім.
- Қалай ойлайсыз, осы өнер арқылы пайда тауып, табысқа кенелуге бола ма? Сізге тапсырыс жасайтындар бар ма?
- Бұл - менің хоббиім. Оны табыс көзіне айналдыру жөнінде ойланып көрген емеспін. Сұраныс әрқашан да бар. Әдетте мен олардың ең қызықтыларын ғана қабылдаймын. Мен үшін Nickelodeon мен Disney сынды компаниялардан түскен ұсыныстар. Nickelodeon менімен 2018 жылдың тамыз айында байланыс орнатпақ болды. Инстаграмдағы парақшама хабарлама жолдапты. Мен бастапқына оған сенген жоқпын, фейк деп ойладым. Дегенмен, хат ресми акунттан келгенін көргендіктен, жауап беріп, өзім жайлы мәліметтерді жолдадым. Ары қарай не боларын көргім келді. Арада бір ай өтті. Өтірік хабарлама деген байламға келдім. Бірақ олар маған жауап беріп, қызметін пайдаланушылар тізіміне қосты. Ал Disney-мен әріптестік өткен жылы басталды. Компания өкілімен телефон арқылы сөйлестік. Оларға менің ұсыныстарым ұнады. Өз еңбектерімді жолдадым, барлығы көңілдерінен шықты. Басты шарт – берілген жұмысты уақытылы тапсыру мен ешқайда жарияламау болды. Олармен жұмыс істеу мен үшін өте жеңіл әрі қызық.
- Сіз жасаған танымал кейіпкерлер бар ма?
- Nickelodeon-ға Арнольд, Спанч Боб және Сквидвард, Чаки мен Пепа торайды салдым. Бұл ең атақтылары ғана. Disney-ге «Холодное сердце 2» және «Малефисента» сюжеттерін жасадым.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Эльмира Мәмбетқызы