ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2700-ге жуық адамнан коронавирус анықталды

«Бірінші болып сүйікті қызым құттықтады»: Иманбек сұхбат берді

Музыкант алдағы жоспарымен бөлісті

Музыка үшін берілетін әлемдегі ең мәртебелі сый - Grammy жүлдесін жеңіп алған қазақ диджейі Иманбек Зейкенов жеңісін туған жерінде (Павлодар облысы Ақсу қаласы) атап өтпек. Бұл туралы ол ресейлік Energy радиосының жүргізушісіне берген сұхбатында айтты.

Әңгіме басында музыканттың әлі де толқып тұрғаны байқалды.

«Әзірге ойымды толық жинақтап үлгерген жоқпын. Бойымды түрлі сезім билеп тұр. Бұл таңқаларлық жайт», - деді диджей.

Grammy жүлдесін жүлдесінің жеңімпаздарын жариялау салтанаты 14 наурыз күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 04.00-де өтуі тиіс болған. Алайда онлайн ұйымдастырылған байқау екі сағатқа ерте басталды.

«Шынымен де қатты толқыдым. Барлығы күтпеген жерден болды. Өйткені байқау белгіленген уақыттан екі сағатқа ерте басталды. Барлық шаруамызды тастап, кеңсеге бардық. Бірден камераларды қосып, дыбыс пен байланысты тексеріп, барлығын ретке келтірдік. Содан соң модератор 10 минуттың ішінде «Үздік ремикс» номинанттарының жеңімпазы хабарланатынын айтты», - деді Иманбек.

Отандық музыкантты айтулы жеңісімен бірінші болып Айби есімді сүйікті қызы құттықтағаны белгілі болды. 

«Жақындарымнан бірінші болып сүйіктім құттықтады. Содан соң мен анама хабарлама жаздым. Өйткені, анам байқаудың екі сағатқа ерте басталғанын білген жоқ», - деді.

Иманбек Зейкенов музыкалық жүлдесін ең алдымен туған жеріне апарып, алғашқы жеңісін жақындарымен атап өтуді жоспарлап отыр.

«Ең алдымен Аксуға барамын. Біздегі дәстүр бойынша соғым сойып, қуырдақ жасап, жақындарымызбен дастархан басына жиналамыз деген ойдамын», - деді музыкант.