Мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту

Автор: Azattyq Rýhy

Nur Otan өкілімен сұхбат

Келер жылдың 10 қаңтары – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай, «Nur Otan» партиясы Атырау облысы Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевтен партияның сайлауалды дайындықтары жөнінде айтып беруін сұрағанбыз.

– Өмірболат Өтегенұлы партияның тарапынан биыл қандай жұмыстар істелді.

– Елімізге таралған пандемия көптеген салаларда шектеулер қойылып, оларда белсенділіктің төмендеуіне алып келді. Осыған орай мемлекет тарапынан экономикалық іскерлік белсенділікті қолдау және сыртқы әсерлердің теріс ықпалын азайту үшін ауқымды шаралар қабылданды. 1700 аз қамтылған отбасыларға «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден берілді. 2272 мүгедек жанға, 270 мүгедек балаға, олардың күтімімен айналысатын 270 ата-анаға, жұмыссыз мәртебесін жоғалтпаған жұмыспен қамту шараларына тартылған 1766 азаматқа әлеуметтік көмек төленді. 397 бала кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етілді. Еріктілер арқылы 613 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мен қарияларға тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті үлестірілді. 2020 жылы қоғамдық жұмыстарға – 1169, кәсіптік оқуға – 100, 110 адам жастар практикасына жіберілді. 100 адамға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға гранттар беріледі. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 2 инвестициялық жобаны іске асыруға 757,7 млн. теңге бөлінеді. 190 жұмыс орындары ашылады, оның 50 пайызына, яғни 95-іне жұмыспен қамту органдары арқылы тіркеуге алынған азаматтар жолданды. 27 коммуналдық мекмелердің жалға алу төлемдері 3 айға тоқтатылды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін кәсіпкерлерге 82 жобаға 200 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттар бөлінді.

– Қазір Қазақстан Республикасы Мәжілісі депутаттарының сайлауына дайындық басталып кетті. Еліміздегі жетекші партияның бірі «Nur Otan» да бұл бағаттығы жұмыстарға кіріскенінен хабардармыз. Аудандық филиалдың қандай жоспарлары, бағдарламалары бар?

– Бүгінде барлық азамат «Nur Otan» партиясынан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтуде. Ол үшін біз жүйелі партиялық қайта жүктеуді және ашық партияішілік сайлау – праймериз өткіздік. 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлауға келсек, бұл енді барлық партия мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейтін науқан. Сол себепті 2020 жылғы 10 қарашада партияның аудандық филиалының кезектен тыс XXXI конференциясы өтіп оның №001PQ қаулысымен «Nur Оtan» партиясының Құрманғазы ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама «Ахуалды жақсарту бойынша шаралар», «Дамудың жеті басымдылығы» атты бөлімдерден құралған. Соңғысы, «Экономикалық тұрақты аудан», «Жайлы аудан», «Әлеуметтік қызметке бағытталған аудан», «Жастарға бағытталған аудан», «Экономикалық тұрақты аудан», «Тарих пен мәдениетті дамыту», «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар», «Қауіпсіз аудан» атты жеті басымдықтан тұрады. Оның әрқайсысы бойынша атқарылар жұмыстар нақты көрсетілген. Мұндағы басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасау. COVID-19 індеті еңбек нарығына түзетулер енгізді, жұмыспен қамту және халықтың табысы саласындағы белсенділікті айтарлықтай әлсіретті. Біліктілігі төмен және тұрақсыз жұмыс істейтін жұмысшылар даяшылар, жүк тиеушілер, тазалаушылар, сатушылар, ас үй жұмысшылары және басқалар ең көп зардап шекті. Бұл ретте жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға өсіп отыр. «Nur Otan» партиясы әр адам өзіне және отбасына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуі үшін тұрақты жұмыс орындарының санын ұлғайтуға ықпал ететін болады. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерлікті, туризм және ауыл шаруашылығын дамытуға және өнімдер шығаратын жаңа өндірістер ашуға баса назар аударылады.

– Сайлауға дайындық бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Nur Otan» партиясының сайлауалды қоғамдық штабы құрылды. Оның аппаратында 13 адам бар. Округтердегі мүшелерін қосқанда 70 адам. 19 округте 39 сайлау учакесі құрылды. Аудан бойынша 2009 партия мүшесі болса, соның праймеризден өткен 5-і облыстық, 26-сы аудандық мәслихатқа депутат ретінде түскелі отыр. Барлығына да партияның бағдарламасы, тезистері, жадынамалар таратылды. Арнайы кездесу кестелері бекітілді. Кандидаттар одан хабардар. Олармен жұмыс жасауды жеңілдету үшін «Telegram» әлеуметтік желісінде «Кандидаттар», деген топ ашып, үнемі байланыс жасап отырмыз. Біз Құрманғазы ауданының дамуы мен өркендеуі үшін тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен идеялар алмасуға, ынтымақтастыққа дайын екенімізді мәлімдейміз. «Nur Otan» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде халқымыздың бірлігіне, еліміздің гүлденуіне және әрбір қазақстандықтың игілігіне жұмыс жасауды жалғастырады. Алдымызға халықтың сенімін ақтауды міндет етіп қоямыз. Ауданның әрбір тұрғынының жайлы өмір сүруін, өзіне-өзі жағдай жасауын, ауылдарымыздың дамуын жүзеге асыруы үшін барлық мүмкіндіктерге ие болатын бақуатты қоғам құрамыз.

 – Әңгімеңізге рахмет! Халық игілігі үшін жасалар жұмыстарды жүзеге асыру үшін алдағы сайлауда сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Қ.Ғұмаров

«Nur Otan» партиясы Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сайлау қорының қаражатынан төленді