$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.12.2020, 13:25
Сұхбат

Адамға құйылған қанмен бірге донордың геніндегі ақпарат қоса берілуі мүмкін бе?

Дәрігер-трансфузиолог Динара Қалуовамен сұхбат

Адамға құйылған қанмен бірге донордың геніндегі ақпарат қоса берілуі мүмкін бе?
Фото: ашық дереккөзден

Ресми деректерге сүйенсек, өмірде әрбір үшінші адам донорлардың көмегіне жүгінеді. Әлем бойынша, ең кең таралған І-қан тобына ие адамдар 45 пайызды құрайды. Ал ең сирек, ІV-қан тобы Жер шарындағы адамдардың жеті пайызына ғана тиесілі. Azattyq Rýhy тілшісіне осы және басқа да қызықты мәліметтер жайында СҚО Қан орталығы донорларды жинақтау бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы, дәрігер-трансфузиолог Динара Қалуова айтып берген еді. 

- СҚО-да қанша қан доноры бар? Олардың саны жеткілікті ме? Донорлар қандай талаптар бойынша таңдалады?

- Донорлықты дамыту және медициналық мекемелерді донорлық қан, оның компонентерімен толықтай қамтамасыз ету – барлық қан орталықтарының басты мақсаты мен қызметі. Жалпы, облыстық қан орталығының базасында 2010 жылдан бастап, 59 350 донор тіркелген. Кезеңді түрде қан тапсырып тұратындар саны 5 мыңнан асады. Жыл сайын 4 мыңнан 6 мың литрге дейін донорлық қан дайындайды. Көрсеткіштер біздің дұрыс бағытта жұмыс істеп келе жатқандығымызды дәлелдейді. Өкінішке қарай қан тапсырғысы келген адамдардың барлығы донор бола алмайды. Оның арнайы талаптары мен көрсеткіштері бар. Мәселен, созылмалы, жұқпалы, туабітті ауруға шалдыққандар, ішімдік ішу, темекі шегу сынды зиянды әдеттері бар адамдардан қан алынбайды. Бұл ең алдымен донордың өзіне, содан кейін науқасқа зиян тигізбеу мақсатында жасалады. Жалпы, барлық қан қызметінің жұмысы «Донорға минимальды зиян, науқасқа максималды пайда әкелу» ұраны бойынша атқарылады.

- Донорларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Әрбір қан тапсырушы тегін донорлық медициналық тексерістен өтеді. Заң бойынша өз қанының көлемі мен ағзаның әл-ауқаты шығындарын толтыру үшін 0,25 АЕК мөлшерінде сыйақы беріледі немесе жұмыс орнынан 2 күнге жалақысы сақталатын демалыс алуға анықтама беріледі. Сонымен қатар, донорлық қанды 40 реттен, қанның компоненттерін 70 реттен көп тапсырғандар ДСМ-нің «Денсаулық сақтау жүйесіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталады. Оған қоса, қан орталығында өзіміз де жыл бойы түрлі акциялар ұйымдастырамыз. 14 маусым – Дүниежізілік қан доноры күніне орай, донорларды марапаттаулар мен сыйлық беру шаралары жүргізіледі.

- Қан тапсырып тұру ағза үшін пайдалы деп жатады. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады? Қанды араға қандай мерзім салып тапсырған дұрыс?

- Иә, оған зерттеу нәтижелері мен мамандардың тәжірибиесі дәлел. Қан тапсыру адамның денсаулығына пайдалы. Донор болған адамның қан айналымы жақсарып, жүрек-қан тамыр, қатерлі ісік аурулары мен тұмауға сирек шалдығады, иммундық жүйе жұмысы жақсарады. Ал ең бастысы, қан тапсырған адам өз денсаулығын тексеріп алады, донор үнемі қан орталығында медициналық бақылауда болады, талдау нәтижелері мен денсаулығы жайлы хабардар болып отырады. Қан тапсырған кезде регенерация үдерістерінің өтуіне байланысты ағза жасарады. Дәлелді медицинаның ғылыми зерттеулері бойынша дені сау адамның стандартты, 450 мл көлемде қан тапсыруы физиологиялық қалыпты көлем, бұл –  адамның қан жоғалту қаупін туғызбайды. Донор қан тапсыру алдында міндетті түрде толықтай дәрігерлік қаралудан өтеді, сондықтан да дәрігер оған кері әсер тигізетін жағдайға жол бермейді. Дәрігердің қорытындысы бойынша қан тапсыру мөлшері тағайындалады. Стандартты 450 мл қанды әр екі ай сайын тапсыруға болады.

- Адамға құйылған қанмен бірге оның иесінің геніндегі ақпарат та қоса берілуі мүмкін бе? Жалпы, қан құйылған науқастардың мінез-құлқында өзгерістер бола ма?

- Науқасқа донорлық қан құю қатаң көрсеткіштер бойынша ғана жүзеге асырылады. Оның жалпы жағдайы лабораторлық және трансфузионды асқынуды болдырмауға бағытталған. Бұл өте үлкен және жауапкершілікті талап ететін процедура, сондықтан ең бастысы, науқас қанының иммунологиялық жағдайы есепке алынады. Барлық үйлесімділік анықталғаннан кейін, науқастың жалпы жағдайы бақыланады, трансфузия орынды өткен жағдайда науқастың жалпы жағдайының жақсаруы, диагнозына байланысты негізгі ауруының женілдеуі, қан корының қалпына келуі, лабоарторлы және гемостаз көрсеткіштерінің қалпына келуі бақыланады, науқастың кейінгі мінез-құлқының өзгеруі қан кұюға тікелей байланысты деуге негіз жоқ. Бұл – қате пікір.

- Елімізде донорлар санын көбейту үшін қандай шараларды жүзеге асырған жөн деп санайсыз?

- Әлемде миллирадтаған адам қан құюға мұқтаж, яғни әрбір 3-ші тұрғын өмірінде 1 рет донорлық жәрдемді қажет етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша әр мемлекет ұлттық қан қорын еріктілердің көмегі арқылы 100% жеткізу тиіс, әр азамат донор болуға келеді.

Сондықтан өтеусіз донорлықты дамыту – адам бойындағы қайғыға ортақтасу, тілеулестік, қол ұшын беруге дайындық қасиеттерін оятады, ал бұл қасиеттер бүгінгі қоғамға аса қажет.

Біздің орталығымызда акциялық шаралар кезеңді түрде өткізіледі. Екіжақты келісім арқылы өткізілетін шараларға, медициналық, жеке кәсіпорын, мемлекеттік мекемелердің, білім орталықтарының жыл сайын белсенділігінің жоғарылауы қуантады. Адамдардың біздің тіркеу бөлімімізде қоңырау шалып керекті мағлұмат алып, өздерінің донорлыққа қатысуға ниеттерін білдіріп жатады. 

Жыл сайын жастар, белсенділер, жас ұйымдар демеушілік көмегін көрсетіп жатады, бұл донорлық қызметтің дамуына үлкен септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар, интернет желісі арқылы көп адамдар ақпарат алып, хат жазып көмегін тигізеді.

Осы адамдардың шұғыл жағдайда бірінші болып үн қосқаны, бірінші болып қол ұшын бергені қан қызметін қадірлеуді, қан қызметіне деген сенімді арттырады.

- Донор болуға ниеттеніп, бірақ жүрексініп жүрген адамдарға не айтар едіңіз?

- Донордың артықшылығы туралы бәрі біледі, бірақ қан тапсыруды бірнеше адам ғана бел буады.  Көбі қан тапсыру процедурасынан, инфекциядан және өзін нашар сезінуден қорқады.

Донор болар алдында адамдарда қорқыныш сезімін тудыратын өте жиі кездесетін мифтер бар. 

Бірінші миф – қан алу кезінде ине шаншу. Шынында, адам ауырсынуды сезбейді. Біз орталықта  тегіс инелерді қолданамыз.

Екінші миф – бұл процедура ұзақ болады. Бұл дұрыс емес. Қан тапсыру 5-12 минуттан аспайды.

Үшінші миф – қандай да бір ауруды жұқтыру. Бұл тіптен мүмкін емес, барлық шығын материалдары – стерильді және бірреттік, ал медициналық қызметкерлер үнемі тексеріліп отырады. Біздің медициналық персоналдарымыздың көпжылдық мол тәжірибесі бар. Донор қан тапсырған кезде 100% қауіпсіз ортада болады.

Төртінші аңыз – қан тапсыру денсаулыққа зиянын тигізеді, донор өзін нашар сезінеді. Әл-ауқаттың нашарлауы шынымен де болуы мүмкін, бірақ сіз кез келген қан тапсыруға дайын болуыңыз керек. Таңертең ерте қан тапсыруға келгеніңіз жөн, ал таңғы ас кезінде көмірсутегі бар тағамдарды ішкеніңіз жөн: судағы ботқа, майсыз сэндвич, бірақ майсыз ірімшік немесе кішкене қайнатылған ет. Қуырылған, ысталған және майлы тағамдар алынып тасталады. 

- Қандай қан тобы сирек кездесетін топқа жатады? Осы орайда донорлық мәселесін қалай шешесіздер?

- Әлем бойынша ең кең таралған 1-ші қан тобына ие адамдар – 45%; 2-ші қан тобына ие адамдар – 35% шамасында; 3-ші қан тобы 13% ғана құрап отыр, ал сирек кездесетін 4-ші қан тобына ие адамдар 7% ғана құрайды.Оның резусі оң жиірек кездессе, теріс резусті қан тобы өте сирек кездеседі.

Резусі теріс қан тобы бар адамдар 14% шамасында. Біздің орталығымыз үшін барлық қан топтары маңызды орында түрады. Сондықтан да донор болуға ниет білдіріп келген әр адамға қуаныштымыз!

- Өзіңіз қан тапсырып тұрасыз ба?

- Әлбетте. Біздің орталығымызда донорлық қан тез арада керек болған жағдайда қызметкерлердің барлығы көмек көрсетіп, донор болуға дайындығын білдіріп отырады. Басқа донорлар сияқты медициналық тексерістен өтеді, қарсы көрсеткіштері болған жағдайда, донорлықтан уақытша немесе мерзімсіз шеттетіледі.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

 
Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #донор