Колония қызметкерімен сұхбат
Алматылық ЛА-155/6 түзету мекемесі 14 пен 21 жас аралығындағы қылмыскерлерге арналған. Бүгінгі күні колонияда ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 49 бозбала жазасын өтеп жүр. Олардың ең кішісі 15-те.
Мұнда жасөспірімдер 18 жасқа дейін болады. Кәмелетке толған соң өтініш жазып жазасын өтеуді аталған мекемеде жалғастыра алады немесе өз қалауы бойынша ересектерге арналған колонияға ауысады. Қоғамнан оқшауланған балалар қандай қиындықтарға тап болады, олардың заңға қайшы қадам жасауына тосқауыл болу үшін не істеу қажет? Қылмыстық атқару-жүйесі комитетінің тәрбиелік және психологиялық жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бибігүл Мұңайтпасова Azattyq Rýhy тілшісіне осы және өзге де мәселелер жайында айтып берген еді.
- Сотталғандардың нешеуі толық және толық емес отбасынан шыққан, жазасын өтеушілердің қатарында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері бар ма? Осындай мәліметтерді саралау мақсатында қандай да бір статистика жүргізіле ме?
- 49 адамның 18-і толық емес отбасында тәрбиеленген. «Толық емес» деген сөздің астарында қандай да бір себеппен отбасында әкесі немесе анасының болмауын айтып отырмын. Нақтылайтын болсақ, 18 баланың 4-ін тек әкесі ғана тәрбиелесе, қалғаны жалғызбасты аналарының қолында өскен.
Бүгінгі күні балалар үйінен келгендер жоқ. Өзіңіз байқап отырғандай, мәселе отбасының құрамына байланысты емес. Егер отбасы туралы айтар болсақ, біз басқаға емес, оның ішкі қарым-қатынас сапасына мән беруіміз керек.
- Колонияға түскен балалар қандай қиындықтарға тап болады?
- Алғашқы кезде бейімделуі оңай болмайды. Жасөспірімдер үшін бұл процесс өте қиынға түседі. Біріншіден, олар туған-туыстарын көрмейді, соның өзі үлкен стрестік жағдай. Үйренген жүйе мен қоршаған ортасынан айырылады. Колонияға түссе де, балалар ересектердің қамқорлығына мұқтаж екенін ұмытпағанымыз жөн.
Олардың өз-өзінен тұйықталып қалатын жағдайлары да болады. Ешкіммен сөйлеспейді, араласпайды. Біртіндеп кәсіби мамандар ғана байқай алатын психологиялық проблема пайда болады.
Мұнда түскен жасөспірімдер алғашқы 15 күн бойы карантинде болады. Онымен психолог жұмыс істеп, өмірге деген қызығушылығын арттыруға тырысады, жанына түскен жараны емдеп, онымен тіл табысудың жолдарын іздейді. Баланы шок жағдайынан алып шығып, жаңа ортаға бейімдеу үшін психолог, тәрбиеші, отряд басшылары тәулігіне 24 сағат бойы қызмет етеді.
Жасөспірімдердің өздері де шалыс қадам басқандарын түсінетін кез жиі болады. Өмірден түңілген кезде біздің мамандар олармен жұмыс істейді. Оның бостандыққа қандай адам болып шығатыны да көп жағдайда колония қызметкерлеріне байланысты. Сондықтан мамандар олардың бүгінгі жағдайына ғана емес, болашағына да жауапты.
- Кейбір ата-аналардың қылмыс жасағаннан кейін өз ұрпағынан бас тартатыны рас па? Балаларды заңға қайшы қадамға баруға не итермелейді?
- Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар бар. Кейде ата-ана өз баласынан бас тартып, қарым-қатынасты мүлде тоқтатады.
Оларға ең ауыр тиетіні де осы. Өздерін тастанды, өмірде ешкімге керексіз, жалғыз қалғандай сезінеді. Басқаларға ата-аналары келіп жатқанда тастанды болудың азабын тартады. Үйін, ата-анасын, туыстарын қатты сағынады. Иә, олар қылмыс жасады. Бірақ олардың әлі бала екенін тағы бір қайталап айтқым келеді. Сондықтан ата-аналар өздерінің қанын, ұрпағының жалғасын, ішінен шыққан сәбиін тастауға болмайды деп есептеймін. Керісінше, осындай кезде олардың көмегіне, сүйеуіне мұқтаж болады. Жазасын өтеушіге ешкім келмесе де, ол ата-анасын ұмытпайды. Ондай балалардың жадында өмірде болған тек жақсы сәттерді ғана сақтауға тырысатынын бірнеше рет аңғардым. Олар әке-шешесі, үйі туралы айтып, қайтадан өз ортасына тезірек оралуды армандайды.
- Балаларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Ал олардың ата-аналарымен жұмыс істеле ме?
- Жазасын өтеушімен кездесуге туыстары келгенде алдымен оларды отряд жетекшісі, психолог пен тәрбиеші қарсы алады. Олармен әңгімелеседі. Сөйлесу барысында мамандар ата-аналарға балаларды жабырқататын әрекетке бармау қажеттігі жөнінде айтылады. Өмірде түрлі жағдай болады. Біреулер ажырасады, екіншілер туғандарынан айрылады, тағы басқа да ауыр жағдайлар болады. Баланы уайым-қайғыға түсірмес үшін туыстарына мұндай мәселелер жөнінде тіс жармауға нұсқау береміз. Әйтпегенде, жасөспірім болған жағдайға өзін кінәлі санап, шарасыздығына налиды.
Көптеген жағдайда балалар жаманды ұмытып, тек жақсы сәттерді жадында сақтауға тырысады. Сондықтан туыстарына айтар өтінішіміз: тек жақсы жаңалықтарды әкелсін. Кездесуден кейін жасөспірімдерді ауыр эмоциялық жағдайдан алып шыққан кездеріміз болды. Кейбір ата-аналар бойында жиналған негативті балаларына айтып, өздері жеңілдеп үйлеріне қайтады. Бұл – өзімшілдік.
Балаларға қамақта күнелту жеңіл тиіп жатқан жоқ. Осындай ата-аналар олардың проблемасын одан ары ауырлатып жіберетінін көргенде жабырқап қаламын.
- Психологиялық бөлімнің жетекшісі ретінде балалардың қылмысқа баруының алдын алу мақсатында ата-аналарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
- Бала мектепке барғанда жайсыз жағдай болса ата-ана мұғалімді, мұғалім ата-ананы айыптайды. Көп адамның түсінігінде өздерінің басындағы жағдайға бәзбіреулер кінәлі: басқалар, қоғам, тағысын тағы...
Бала өміріндегі ең қауіпті шақ – жасөспірім кезеңі. Олар құрдастарының немесе ересектер арасынан үлгі іздейді.
Менің ата-аналарға айтар бір ғана кеңесім бар – өз балаларына мұқият қараса екен. Оның достарымен танысып, кіммен араласатынын, уақытының басым бөлігін қалай өткізетінін білуі шарт. Тек мектепте қандай баға алғанын емес, үлкен өмір жайындағы жоспарын, қызығушылығы, жеке өмірі жайында тілдесіп, шынайы қызығушылық таныту керек. Тек ақылшысы ғана емес, нағыз досы болған жөн. Оның жүрегіне жол табуға тырысу керек. Мазалайтын мәселелерге жауап беруден қашпаған дұрыс.
Жақында ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова мен Азаптау мен қатыгездіктерге қарсы ұлттық алдын алу тетігінің мүшелері аталған колонияда болған еді.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл түзету мекемесіндегі әр оқушының орта білім алуына жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу барысында мекеменің жасөспірімдердің сапалы білім алуына қажетті қондырғылармен қамтамасыз етілу мәселесі қозғалды. Оқу сыныптарының проектор, ноутбук сынды қажетті техникамен тиісті деңгейде жарақтандырылмағаны анықталды.
Соның нәтижесінде Алматының Жетісу аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен жеке кәсіпкер Айнұр Жұмаш екі апта ішінде қаржы тауып, түзету мекемесіндегі мектепті қажетті техникамен қамтамасыз етті. Проектор, интерактивті тақта мен ноутбуктар сатып алынды.
Эльмира Мәмбетқызы