$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2020, 11:14
Сұхбат

Полиэтилен пакеттің зияны, елдегі ауыз су тапшылығы мен полигон проблемасы жайлы

Биопакет өндірумен айналысатын кәсіпкермен сұхбат

 

Полиэтилен пакеттің зияны, елдегі ауыз су тапшылығы мен полигон проблемасы жайлы

Соңғы екі-үш жылдықта әлемнің бірқатар дамыған елдері полиэтиленді пакеттерден толықтай бас тартып жатыр. Оған себеп – өнімнің экологиялық зияны.

Қазақстанда эко-пакеттерді тұтыну енді ғана дағдыға айналып келе жатыр. Azattyq Rýhy тілшісі бүгін крахмалдан биопакет өндіруді жолға қойған «Ұлы Дала» компаниясының негізін қалаушы, эко-белсенді Мирас Аббасовпен экологиялық өнімдер, қоқыстарды сұрыптай білу, оларды қайта өңдеу және экологиялық мәдениет жайында әңгімелескен еді.

ХИРУРГТЕН КӘСІПКЕРЛІККЕ ДЕЙІН...

- Мен негізі, медицина саласын оқыған хирург маманмын. Бірақ бұл салада қызметте қалмадым. Оқуды бітірген соң Нұр-Сұлтанға көшіп келіп, жеке кәсіп ашуды жөн көрдім. Қазіргі кәсіпорныма дейін бірнеше әлеуметтік жобалармен айналыстым. Тәжірибе жинап, жеке инновациялық өнім шығаруға бел будым. Осылайша, 2014 жылы ЭКСПО көрмесі болатынын естігенде, 2002 жылдан бері ойымда пісіп жүрген полиэтиленді крахмалға айырбастау идеясын бірден қолға алдым. Ізденіс пен еңбектің арқасында 2015 жылы өз кәсібімді бастадым. Жеке кәсібімді жолға қою барысында көптеген қиындықтар, кедергілер болды. Соған қарамастан айтқанымнан қайтпай, осы істі атқарамын деп шештім. Міне, қоқыс қалдықтарын табиғатты ластамайтындай қылып өңдейтін цехтың ашылғанына 5 жылдан асты, жұмыс жақсы жүріп жатыр.

Бізден Galmart, Bambino, GreenWay, сынды т.б. ірі компаниялар пакетке тапсырыс беріп отырады. Негізгі тұтынушыларымыз – эко-дүкендер, органикалық тағамдар, бет күтімі мен табиғи өнімді қолдануды сәнге айналдырған қарапайым адамдар. Қарапайым полиэтиленнен жасалған пакеттер 3-15 теңге тұрса, біздікілер көлеміне қарай қымбатырақ – 25-60 теңгені құрайды.

Компаниядағы барлық техниканы Қытайдан алдырдық. Қытай мамандары өздері арнайы келіп, техниканың қалай жұмыс істейтінін бізге үйретуі керек болатын. Бірақ белгілі себептермен келмей қалды. Барлық техникалық құралдарды YouТube желісі арқылы өзіміз жинап, іске қостық. Бір айда 1 миллион өнім жасауға мұршамыз бар. Біз өнімдеріміздің 90%-ын экспорттаймыз. Өнімдерді Ресей жақсы алады, өйткені, оларға теңгені рубльге аударғанда арзанырақ шығады. Қайта өңдеу дамыған елдерде пакеттер жақсы ақшаға сатылады. Оларда бұл қалыпты жағдай. Бізде полиэтилен пакеттер оңды-солды тегін таратылады. Қазақстандықтардың еуропалықтарша ойлауы үшін әрдайым полиэтилен пакеттердің зияны жайында, қоқыстарды өңдей білу туралы ақпараттарды көбірек насихаттау керек. Иә, біз мұнайлы елміз. Дегенмен мұнайды таусылғанша ғана пайдаланамыз. Сол себепті шикізатты барынша тиімді қолдану керек.

КРАХМАЛДАН ҚАЛАЙ БИОПАКЕТ ӨНДІРЕДІ?

- Біздің кәсіпорын крахмал ертіндісінен экологияға зиян келтірмейтін пакет өндірумен айналысады. Өнімді іске асыру бірнеше саты арқылы жүзеге асады. Ең алдымен, мына крахмал арнайы құрылғыға түсіп, балқиды. Екінші кезеңде пакеттің көлемі, қалыңдығы жасалады. Үшінші кезеңде - бояу жұмыстары. Ол жерде өнімнің сыртына арнайы логотип, пакетті шығарушы жайлы ақпарат жазылады. Ең соңында биопакет кесіліп, дайын өнім болады. Одан бөлек, крахмалдан арнайы тұрмыста қолданылатын тағам жасайтын, сұлулық салондарына қажетті қолғап өндіреміз.

Қалада органикалық матадан жасалған сөмке тігумен айналысатын зейнеткер апаларым бар. Естеріңізде болса, Кеңес үкіметі кезінде барлығы матадан тігілген сөмкелерді қолданатын еді. Қазір де матадан жасалған сөмке сәнге айналып келе жатыр. Еуропада да полиэтилен пакеттерге азық-түлік өнімдерін салуға тиым салынған. Өйткені, қарапайым полиэтилен адам ағзасына еніп, кері шықпайтын токсиндер мен канцерогендерді бөледі. Тіпті, қазір ана сүтінде де полиэтилен бары анықталып жатыр. Ал, сүт арқылы зиянды қоспаның балаға берілетіні айтпаса да белгілі.

ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТТЕРДІҢ ЗИЯНЫ ЖАЙЛЫ

- Полиэтилен өте қатты, әрі, мықты келеді. Түрі сипаты жұмсақ және тез ыдырайтындай көрінгенімен, өз күйінде қалып, зиянды молекулаларды түзеді. Ол молекулалар суға, өсімдіктер мен жануарларға, жануарлардан бізге тарайды. Полиэтиленді үй жағдайында микротолқынды пешке салып, жылытуға мүлде болмайды. Себебі, ол бірден 150-ге жуық канцероген түзеді. Сол арқылы ер адамда белсіздік пайда болса, әйелдер ана болу қасиетінен айырылуы мүмкін. Оның орнына крахмалдан жасалған пакеттерді көбірек қолдануға кеңес берер едім. Себебі, крахмал ерігенде полэтилен сияқты жағымсыз иіс пен зиянды қоспалар шығармайды, керісінше қуырылған қанттың, жүгерінің немесе саңырауқұлаққа ұқсас иіс шығарады. Және олар полигонға жеткізілген сәтте табиғатқа еш залал келтірмей еріп кетеді. Ал, полиэтилен пакет жер қыртысында 400 жылға дейін шірімей, кішкентай молекулаларға айналып жата береді. Ал табиғатта аталған молекулаларды ерітетін ферменттер жоқ болғандықтан, пластиктер табиғатқа үлкен зиян келтіруде.

ҚАЗАҚСТАНДА 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ПОЛИЭТИЛЕНГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

- Қазір әлемдегі 130-дай ел полиэтиленге тыйым салды. Біздің елімізде де осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Арнайы меморандум құрылып, мемлекетіміз 2025 жылға дейін полиэтиленге тыйым салады. Басты міндетіміз - ауыл шаруашылық өнімі қалдықтарын қайта өңдеп, экспорттау. Отандық өнімді Ресей мен Еуропа нарығында жақсы сұранысқа шығару. 

Жақында жаңа экологиялық кодекс қабылданбақшы. Оның басты мақсаты - барынша қолжетімді технологияларды қалыптастыру. Және полиэтилен өнімдер жасайтын кәсіпорындар қаншама адамды жұмыспен қамтып, салық төлеп отырғандықтан, олар да ыңғайланып, қайта құрылуы керек. Сол себепті экология министрі Мағзұм Мырзағалиев 2025 жылға дейін полиэтиленді өндіретіндерге қайта құрылуға мүмкіндік беретінін айтқан еді.

Қазақстан полиэтиленге тыйым салу керек екенін айналдырған бес жылдың ішінде түсіне білді. Ал Еуропа елдеріне мұндай шешім қабылдауға кемі 30 жыл уақыт қажет болды. Осыдан бес жыл бұрын елде полиэтилен шығарумен айналысатын 44 компания бар еді. Қазір олардың тек сегізі ғана қалды. Өйткені, олар Қытай мен Ресейдегі бәсекеге шыдамайды. Бұл елдерде қайта өңдеу өте жоғарғы деңгейде дамыған. Біздегі қоқыстардың біраз мөлшері Ресейге экспортталады. Дегенмен Ресейде қайта өңдеу жақсы қолға алынғанымен, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет оларға өнімдерді сұрыптауға рұқсат бермейді. Сондықтан қоқыс қалдықтарының барлығын бізден алып, өңдеп қайта сатады.

ПОЛИГОНДЫ ТОЛЫҚ МОДЕРИНИЗАЦИЯЛАУҒА 50 ЖЫЛДАЙ УАҚЫТ КЕТЕДІ

- Елімізде қоқыс төгетін 12 мыңға жуық полигон бар, оның 3 мыңы ғана ресми тіркелген. Қалғандары апатты полигондар. Рұқсат берілген полигондардың жартысы ғана стандартқа сай. Біздегі көп полигондарда қоқыс жерге шашылып жатыр. Одан бөлінген сұйықтықтың бәрі жерге, суға, жалпы табиғатқа зиян келтіріп жатыр. Полигондарды модернизациялауға ақша бөлінгенімен, оның толық жүзеге асуына шамамен 50 жылдай қажет. Министрлік полигондарға түсетін ауыртпалықты азайту үшін жеті аймақта ірі қоқыс өртейтін зауытты іске қосты.

Елордада пилоттық жоба ретінде «жасыл» және «сары» жәшіктер пайда болды. Жасыл жәшікке әзірге өңделмейтін өнімдер: ағаш, былғары, форфор, жиһаз, тағамдық қалдықтар т.б басқа салынады. Сары жәшікте: метал, қағаз, пластик, шыны сынды  өңделетін өнімдер салынады. Қайта өңделетін заттар таза, құрғақ болуы керек. Сондықтан қарапайым халық қоқысты үйде отырып сұрыптай білуі қажет деп санаймын.

ЖҰМЫСҚА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АДАМДАРДЫ ҒАНА АЛАДЫ

- Кәсіпорында сегіз қызметкер жұмыс істейді. Одан бөлек SMM маман, жарнама бөлімі, есепші сынды қосымша өкілдер бар. Көбіне жарымжан жандармен жұмыс істеп үйреніп қалғанмын. Компаниямда есту мен сөйлеу қасиетінен айырылғандар жұмыс жасайды. Тігін цехтарында зейнетке шыққан апалар матадан сөмке тігіп сатады. Жалпы, өмір жолымда сондай жандар жиі кездесетін. Тіпті, түрмеден шығып, жұмысқа кіре алмай жүрген адамдарға да жұмыс берген кездерім болды. Қызметкерлерім өте еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, жұмысын адал атқаратын жандар. Бір-бірімізді көзқарас, ым-ишарамен түсінеміз. Бірақ қажет кезде олармен қағаз арқылы, жазу арқылы сөйлесемін. Олардың физикалық мүмкіндігі шектеулі болғанымен, барлығын тез үйренеді. Әрі өте сенімді жандар.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУАТ, ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ ПЕН АУЫЗ СУ ПРОБЛЕМАСЫ 

- Қытайға сапарымда қарапайым тұрғындардың еңбекқорлығы, жоқтан бар жасай алатыны таңғалдырды. Олар $100 жалақыға қуанады және табыс табудың кез келген көзін іздейді. Мәселен, аялдамада бөтелкеден су ішіп тұрсаңыз, сіздің артыңызда үш адам кезекте тұрады. Мақсаты - бөтелкені қоқысқа тастағанша алып кетіп, содан бірдеңе жасап сату. Осылайша жұмыс істейді, күн көреді. Ал бізде басқаша. Өзіміз талпынғымыз келмейді, «осы қоқысты жинау үшін арнайы мекемелерге ақша төлеп жатырмыз» деп кеуде кереміз. Мысалы, жерге тасталған темекі тұқылы батерейка секілді 20 шаршы метр жерді улайды. Сол темекі қалдығы өзенге түссе, 500 литр су уланады. Осындай қарапайым ұсақ заттардың қаншалықты табиғатқа зиян келтіріп жатқанын білмейміз, тіпті, білуге қызықпаймыз.

Елімізде 10 жылдан кейін ауыз су тапшылығына қатысты мәселе болады. Біз көбіне суды сарылдата ағызып қойып, басқа іспен айналысып кетеміз. Құбырға кеткен судың бәрі өңделмейді. Мысалы, Израильде су тапшы. Сол себепті, олар кәріз құбырларындағы пайдаланылған суды қайта өңдеп, техникалық су әзірлейді. Бізде де сондай мәселе жетерлік. Бірнеше өзен мен мұздықтарға тәуелдіміз. Олар таусылса, жерасты суына көшеміз. Біздегі жерасты сулары уланған. Қоқыс тасталатын полигондар қауіпсіз болу үшін оның астына бетон, қабықша, пенопласт төселіп, тағы басқа 15 қабат жасалу керек. Мұның бәрі көп қаражатты талап етеді. Мемлекетте де, жеке кәсіпте де мұндай ақша жоқ. Бұл мәселе тек бізді емес, күллі әлемді алаңдатып отыр. Сондықтан әрбір адам көшедегі немесе үйдегі қоқысты, пластикалық бөтелкелерді, алюминий банкаларды т.б қоқыстарды қайта өңдейтін орындарға тапсырып, барынша табиғатты қорғауға атсалысса деймін.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары