Жандос Ақтаев праймеризге Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы атынан түскен
20 жастағы елордалық Жандос Ақтаев «Nur Otan» партиясы өткізген праймериздің ең жас үміткері. Оқушы кезден бастап қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан Жандос Есіл ауданы мәслихат депутаты болып, өзі өмір сүріп отырған қала урбанистикасын дамытып, жастардың саяси белсенділігіне үлес қосқысы келетінін айтты.
Жандос Еуразия гуманитарлық институтында заңгер мамандығының 4 курсында оқиды. «Кез келген өзгерісті адам өзінен бастау керек» деген кейіпкеріміз мәслихат депутаттығына сайлауға мүмкіндігін сынап, жастардың қоғамдағы рөлін көру үшін түстім дейді.
«МӘСЛИХАТ – ЕШКІМГЕ КЕРЕК ЕМЕС ҰЙЫМ» ДЕП НЕГЕ АЙТТЫ?
«Праймеризге қатысқан кезде кейбіреулер менің жасыма қарап, «Жоғарыда көкесі бар шығар» дегенді айтты. Шындығында, мен өте қарапайым отбасынан шыққанмын. Үйдің жалғызымын, анам мен әжемнің қолында тәрбиелендім. Сайлауға қатысудағы мақсатым – өзім өмір сүріп отырған қоғамды мысқалдай болса да өзгерту. Көп танысым «Біздің елде бәрі жаман, жемқорлықтан көз ашпаймыз» дегенді жиі айтады. «Қазақстан жақсы» деген сөзді ата-әжелерімізден тойда ғана естіп жатамыз (күліп). Оларға «Неге қоғамды өзің өзгертпейсің?» десең, «Маған ондай мүмкіндікті кім береді, неге депутат, әкімдер сол өзгерісті жасамайды? » дегенді айтады. Мәселен, батыс қоғамында да адамдар мемлекетке наразылығын білдіріп жатады. Бірақ соған қарамастан, олар салығының қайда кетіп жатқанын, өз муниципалитетінде не болып жатқанын қадағалайды, өз ауданының әкімдері мен депутаттарынан өзгерістерді талап етеді.
Мен мәслихат депутаты болғым келетін кезде таратқан үнпарағымда жұртшылықтың назарын аудару үшін «Менің атым Жандос, жасым 20-да. Мен мәслихатқа депутат болып сайланғым келеді. Мәслихат ешкімге керек емес, еш пайдасы жоқ ұйым» деп жаздым. Расымен де, бізде ешкім мәслихат депутаттарын білмейді, тіпті, мәслихаттың не екенін де білмейді. Олар мәслихат депутаттары мәжіліс депутаттары сияқты айлық алады деп ойлайды. Олар тек қоғамдық жұмыспен айналысады. Менің де көңілім толмайтын дүниелер жетерлік, бірақ құр сынай бергенше, неге сол өзгерістерді жасамасқа?! Бұл мен үшін депутаттықа өтпеген күннің өзінде үлкен тәжірибе болады», - деді ол.
«ЖАСТАР МАРГИНАЛ БОЛЫП БАРА ЖАТЫР»
Жандостың айтуынша, қазіргі жастардың көбі болашағына сенбейді. Одан бөлек, әлеуметтік жағдайдың төмендігі де жастардың таңдаған мамандығын толық игеруге кедергі болып отырғанын айтады.
«Қазір замандастарымның көбі маргинал болы бара жатыр. Бұл мемлекет тарапынан да жасалып жатқан қателік. Жастарға болашаққа деген кепілдік пен сенім жетіспейді. Мәселен, мен праймеризге қатысқан кезде кейбір группаластарым «Сен қайда бара жатырсың, бәрі шешіліп қойған ғой» деді. Көпшілік сайлаудың әділ өтетініне сенбейді. Мен заңгер ретінде бәріміздің заң алдында құқымыздың тең екенін айтып жүрмін, бір шетінен, сайлауға экперимент үшін қатыстым. Кім болса да, заң теңдігін сезінуі керек. Қазақстан қоғамында көп адам өзінің қарапайым құқығын білмейді. Егер соны білетін болса, онда теңдікті түсініп, алға ұмтылар еді», - дейді кейіпкеріміз.
«ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯНЫ ҚАЗАҚЫЛАНДЫРУЫМЫЗ КЕРЕК»
Ал шетелде қалғысы келетін жастар туралы сұрағанымызда Жандос оларға еш айып таға алмайтынын айтты.
«Біздегі институттар әлі дамымаған, батыс елдеріндегідей тұрақтылық жоқ. Көзі ашық жастарымыз шетелде оқып, сол жақта қалып қойып жатыр. Біз оларға: «Сен осында қал, еліңнің патриоты бол» деп айып таға алмаймыз. Өйткені, басқа ел сенің жасап отырған жұмысыңа көбірек ақша төлейді, саған жайлы жағдай жасайды. Ел экономикасын жетілдірмей, біз олардан елге үлес қосуды талап ете алмаймыз. Шетелдегідей жағдайға жету үшін кемі 30-40 жыл қажет десек, көбі дәл қазір жайлы өмір сүруді қалайды. Көп жастарымыз күнкөріс үшін деп кәсіби мамандығын толық игере алмай жүр. Көпшілігі заңгер, экономист мамандығын оқып алады да, оқу бітірген соң 50 мың теңгенің жұмысына баруға тура келеді. Заңгер мамандығында оқитын группаласым бар, даяшы болып ай сайын 250 мың теңгеге дейін ақша табады. Сосын ол «Мен не үшін заңгерлікті оқып жатырмын, бір айда даяшы болып бір жылдық оқуымның ақшасын тауып отырмын» дейді. Яғни, қазіргі жастар оқуды білім алып, мамандық бойынша жұмыс істеу үшін емес, ата-анасына салмақ түсірмей, грантта оқу үшін оқиды. Әсіресе, техникалық мамандықтарға көбі тек грант үшін түсіп алады да, ары қарай оқымайды. Интеллигенцияның көбі орыстілді, олар қазақтілді жастардың арасынан да көптеп шығуы керек. 80 жылдан асса да, біз әлі Алашордаға қарап отырмыз. Ол кісілердің кейбір идеялары ескірді, біз соларға сүйене отырып, өзіміздің жаңа идеямызды жүзеге асыруымыз керек. Интеллигенция құру үшін тілімізді дамытуымыз керек. Қазақ тілі заң, техника жағына бейімделмеген. Техникалық оқулықтар, ақпараттың бәрі орыс тілінде, жастар амал жоқ өзге тілде сөйлейді, өзге тілде ойлайды», - деді ол ағынан жарылып.
ИДЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ АБАЙ ФИЛОСОФИЯСЫ
Әңгіме барысында Жандос философиялық дүниелерді оқығанды жақсы көретінін айтты. Көбіне шетелдік авторларды оқитын ол қазіргі қазақ жастарына заманауи философ қажет екенін айтады.
«Маған философия өте қатты ұнайды, бірақ қазақы философия жетіспейді. Тым құрыса шетелдік философтарды қазақ тіліне аударуымыз керек. Қазақтан шыққан философ ретінде Абайды ғана айта аламыз, бірақ ол толық философ емес. Ол өз заманының ренессансы, яғни, ел де биледі, кітап та жазды, поэзиямен де айналысты. Қазақтың Леонардо да Винчиі болды, бірақ бар ғұмырын философияға арнаған жоқ. Көптеген философтардың өмірін қарасақ, олар бар ғұмырын сол салаға арнаған. Ал біздің өмір сүру салтымыз оған мүмкіндік бермеді. Қазір 21-ші ғасырдың философтары пайда болуы керек. Сосын бізде идеология жоқ, оны айтсаң, көпшілігі «Кез келген идеологияның соңы соғысқа әкеледі» дейді. Біз бір-бірімізді қазақ деп танығанымызбен, бәрімізді менталды түрде біріктіретін идеология жоқ. «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» деп жатырмыз, бірақ ол 5 жыл сайын өзгеріп тұрады. Меніңше, идеология деген колонна сияқты болуы тиіс. Шығыс елі болғандықтан ба, біздегі қандай да бір бастамалар жоғарыдан төмен қарай жүргізіледі. Ес білгелі халықтың бір идеяны бастап, оны ары қарай мемлекеттің қолдағанын көрген жоқпын. Философия – ойдың математикасы, сондықтан біз қазақы философияны дамытуымыз керек. Біз әлі Абайды тереңірек танып, оның идеяларын насихаттай алмай жатырмыз. Мектепте ешкім «Күз» бен «Қысты» оқимыз, бірақ оның қара сөздерін тәпсірлеп, толық танытып жатқан жоқ. Мектепте Абайды миф кейіпкері сияқты оқимыз, сонымен болды. Абайдың 175 жылдығы деп әлеуметтік желіде футболкаға суретін бастырып киіп, Абай өлеңдерін оқу челленджін ұйымдастыруда. Қарап тұрсақ, көбі айсбергтің басын ғана көреді, ал оның түбіне ұмтылмайды», - деп қынжылды ол.
«ЗАҢГЕРЛІК КЕҢЕСТІ ТЕГІН БЕРЕМІН»
Оқушы кезінде өзі оқыған мектептің президенті болған Жандос бүгінде жастарға арналған «Жас қанат» әлеуметтік клубын басқарады. Волнтерлікпен айналысып келе жатқанына 5 жыл болған.
«Жас қанат» атты әлеуметтік клубымыз ерікті жастардан құрылған. Клубқа басқа универдің студенттерін, мектеп оқушыларын да қабылдаймыз. Осы клуб аясында жастар арасында түрлі дәрістер ұйымдастырып, воркшоп өткізіп, волонтерлікпен айналысамыз. Басты мақсатымыз – жастар арқылы салауатты қоғам қалыптастырып, маргиналдықты жою. Әлеуметтік клубтың құрылғанына жақында 2 жыл болады, волонтерлікпен айналысқаныма 5 жыл. Тұрақты түрде қарттар үйіне барамыз, жәрмеңкелер өткізіп, содан түскен қаражатты жетімдер үйіндегі балаларға киім алуға немесе жағдайы жоқ отбасы балаларына жұмсаймыз. Одан бөлек, мамандығым бойынша тегін заңгерлік кеңес беремін. Клубымызда психолог студенттер бар, олар тегін психологиялық кеңес береді. Әсіресе, карантин кезінде көп адамдар психологиялық, еңбек заңына қатысты, тұрмыстық зорлыққа байланысты кеңес сұрады. Telegram-ботымыз бар, сол жерде де онлайн кеңес сұрап жататындар бар. Көбіне бізді әлеуметтік желілер мен таныстар арқылы табады», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан