«Қазақстанда жұмыс істеу тиімсіз»: Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары инвесторлардың не үшін Өзбекстанға кетіп жатқанын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Сапарбек Тұяқбаев жуырда мемлекеттік қызметтен бизнеске ауысты

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, биыл пандемия салдарынан Алматы бюджетіне 40 млрд теңгеге жуық қаражат кем түскен. Өйткені, карантин мегаполистегі бизнесті бірнеше айға тұралатып тастады. Кәсіпкерлік қала экономикасының ең негізгі бөлшегі екенін ескерсек (бюджет түсімінің 64% кәсіпкерлердің салығы есебінен жиналады), жағдайдың мәз емес екенін аңғаруға болады.

Қалада 2015 жылы Ахметжан Есімов әкім кезінде «Алматы индустриалды аймағы» құрылып, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мен өнеркәсіптегі басым салаларды дамыту мақсатында жұмыс басталған. Одан кейінгі қала басшылары бұл саланы тоқтатқан жоқ. Алатау ауданы аумағынан бөлінген 490 гектар жерге 237 млрд теңгеге есептелген инвестициялық жобалар тартылу жоспарланған. Бауыржан Байбек әкім болып тұрғанда, бұл аймақтың инфрақұрылымдық базасы толықтай аяқталып, бірнеше зауыттың құрылысы басталды.

Azattyq Rýhy тілшісі Алматы қаласы әкімінің экс-орынбасары, мемлекеттік қызметтен бизнеске ауысқан Сапарбек Тұяқбаевпен сұхбаттасып, өңірдегі және елдегі экономикалық ахуалға қатысты ой-пікірін сұрады. Экс-шенеуніктің пікірінше, экономиканың негізгі қозғаушы күші өндіріс болуы тиіс. Ал қазіргідей қызмет көрсету, сауда-саттық, алыс-беріс, шикізат сатуға ғана негізделген экономиканың болашағы жоқ дейді ол.

НАРЫҚТЫ ТҮГЕЛ ШЕТЕЛГЕ АШЫП ТАСТАДЫҚ

- Сапарбек Құрақбайұлы, соңғы он бес жылда ел экономикасымен тығыз байланысты салаларда еңбек етіпсіз. Бізде неге өндіріске көңіл бөлінбей келеді?

- Экономиканың тұрақтылығы үшін ең базалық сала бұл – өндіріс. Бұл бағытта мүлдем жұмыс істелген жоқ деп айтпаймын. Жетістігіміз де бар. Бірақ бәрі шашыраңқы болды. Өндіріске бір абстарктілі көзқарас бар.

Біздің елде «Арселор Миталл», «КарМетКомбинаты» сияқты кәсіпорындарды өндірісшілер деп қабылдайды. Олар ресурсқа тәуелді өндіріс орындары, шикізат жоқ болса тоқтайды да қалады. Бұл ең тұрақсыз салалар болып есептеледі. Металл бағасы немесе мұнай құны құласа, ол жерде мыңдаған адам жұмыссыз қалады.

Сосын өндіріс десе, индустриализация, инвестиция тарту дегенге қараймыз, тек сол инвестицияның артында жүреміз. Мұның барлығы жай инструменттер. Ең негізгісі – шағын бизнес пен орта бизнестен бастап нарыққа ең қажетті өнімдерді шығару. Оны тұтынушыға бағытталған өндіріс дейміз. Бұл – текстиль, бұл – тамақ, бұл – құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар шығару.

- Ал сол өнімді қайда өткіземіз? Ішкі нарықты шетелдің арзан тауарлары жаулап алғанда, өз компанияларымыздың өнімін тұтынушыға бағыттау дегенді қалай түсіндіресіз?

- Иә, рас айтасыз. Ол үшін нарық керек. Сата білу де керек. Егер сен шығарған өніміңді сата алмасаң, өзге түрлі қолдаулар бір тиын. Нарық болмаса, жер де, қаражат та түк шешпейді. Біз осы күнге дейін алдық та, нарықтың бәрін өзгеге ашып тастадық. Кедендік одақ құрамыз дедік те, одан бетер аша түстік.

Осыдан 10-15 жыл бұрын есіңізде болса, нарықты біз қытай тауарларына ашып қойдық. Ол кезде отандық өндіріс шығарайық десең, бәрі шошитын. «Ой, Қытаймен қалай жарысасың» дегенді еститінбіз.

Енді мемлекеттік деңгейде, Үкіметтік деңгейде сыртқы ойыншылармен қатаң сөйлесуіміз керек. Сауда саттық, тауар айналымы, өндірген тауарлардың алыс-берісін келісім-шарттармен шегелеу қажет және өз позициямызды жібермеуіміз керек. Сырттан келетін тауарларын саудалаушылар – Қытай, Ресей, Иран, Түркия, енді оған Өзбекстан қосылды. Мұнда мәселе баж салығында. Мысалы үшін, кілем шығаратын отандық кәсіпкер Өзбексанға өнімді сатайын десе, 30 пайыз акциз алады, Ал Өзбекстан бізге кілемін әкелсе, акциз – 0 пайыз. Әлі сондай. Біз етті сыртқа сатсақ, 50 пайыз акциз болады, ал олар еттен шұжық жасап әкеліп сатса, 0 пайыз. Біз сыртқа бидай сатсақ – 0 пайыз акциз, ал ұн қылып сатсақ – 17 пайыз акциз бар. Әділдік қайда ? Біз өзіміз өндіріс жасасақ, сата алмай қаламыз. Одан да бидай күйінде, шикізат күйінде амалсыз сатамыз. Міне, осыны реттеу керек. Отандық өндірісті тұсаулап тұрған осы.

Өз басым талай келіссөзге қатыстым. Байқағаным, біз өз позициямызды қорғай алмайды екенбіз. Бізде осы тұрғыда қатаң саясат жоқ, тек көршілердің көліңіне қарау бар. Олар келеді де экономиканы емес, саясатты алдыңғы орынға шығарады.

ЕЛДЕГІ КАФЕЛЬ НАРЫҒЫ РЕСЕЙ ЗАУЫТТАРЫНЫҢ ҚОЛЫНДА

- Дамыған елдерде өндіріс мегаполистердің айналасында дамыған. Ал бізде инвесторларды аймақтарды дамыту үшін тартқысы келеді. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты аймақтарға не үшін қашады?

- Сіздің сауалыңызда оның жауабы да тұр. Иә, мегаполистер – сапалы жұмыс күші, бай нарық және қолжетімді инфрақұрылым. Мұндай жерде өндіріс жасау да оңай. Сол себепті айдалаға барып, Қарағандыда зауыт салғанша, осы жерде өндіріс ашу жеңіл. Бұл өте дұрыс бағыт.

Алматыға әкімнің орынбасары ретінде келіп, осы өндіріс, индустрия, бизнес саласын қолға алғанда, ревизия жүргізуден бастадым. Шаһардың өндіріске деген әлеуетін бірден байқадым. Негізгі индустриялық аймақтар қала сыртында орналасқан. «Алматы индустриалды аймағы» және «Алатау» еркін экономикалық аймағы бар. Зауыт салу жер мен инфрақұрылымнан басталады. Алматының Алатау ауданындағы индустриялық аймақтың құрылысының негізі бөлігі бітіп тұр. Инвентаризация жасағанда, қандай бос жер бар дегенді түгендедік. Жерді алып, құр отырған оншақты компанияны шығарып тастадық. Себебі олар 3-4 жыл босқа отыр, түк салмаған. Бір жылда 200 млрд теңгеге 32 жаңа жоба тарттық. Қазір онда кабель, витраж, қазандықтар жасайтын фабрикалар іске қосылды. Осы күнге дейін 323 гектардың 85 пайызы игерілген. Есімовтің кезінде басталған. Бауыржан Байбектің кезінде инфрақұрылым тартылып бітіпті.

- Алматыда өндіріс бар ма? Индустриялық аймақтың аты дардай, бірақ ол жерде қазір қандай зауыттар бар?

- Алматыда барлық сала бойынша дамуға мүмкіндік жетеді. Тағамға керекті майлар, жиһаз фабрикалары, өзге де өндірістер бар. Алматыдағы индустриялық аймаққа ірі үш зауыт қойдық. Сонда алюминиден жасалған үй жылтқыштар жасайтын кәсіпорын келді. Оның құны 50 млн АҚШ доллары тұрады. Бірінші зауытты іске қосты. Ішкі нарықты қамтамасыз ете алады. Ол елдегі құрылыс нысандарына үй жылтатын құбырлармен толық қамтамасыз етеміз деп отыр.

Үйлер мен ғимараттарды жылы ұстайтын әйнек-мақта өнімдерін әлі күнге дейін Ресейден тасып отырмыз. Индустриялық аймақтағы зауытардың бірі осыны өндіретін болады. Мұндай зауыттың құны да 50 млн АҚШ доллары тұрады.

Ал, үшінші зауыт сэндвич-панель шығаруға бағытталған. Мысалы бізде кафель өндірісінің тұтыну көлемі жылына 25 млн шаршы метр. Өзімізде шикізат жетеді. Соның бар жоғы 2,5 млн шаршы метрін Шымкенттегі қыш зауыты жасап жатыр. Олар екінші зауытты Ақтөбеде салып жатыр. Сонда 7,5 млн шаршы метр. Бәрібір сұранысты жаппайды. Кафель нарығын Ресейдің 7-8 зауыты қамтамасыз етіп отыр. Орыстар бізге 3 мың шақырымнан әкеледі. Оның тасымалымен қарапайым тұтынушыға қымбат болып келеді. Жақында Қапшағайда кафель шығатын зауыт салынады.

ҚАЗАҚ ИНВЕСТОРЛАРЫ НЕГЕ ӨЗБЕКСТАННАН ЗАУЫТ САЛЫП ЖАТЫР?

- Осы жазда, коронавирус Алматы әкімдігін дәрі-дәрмек тапшлығымен сынады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін не істелді? Шағын өндірістік аймақтар деген не? 

- Алматының маңында «Алатау» ақпараттық технологияар орталығы жұмыс істейді. Оны СЭЗ ПИТ деп атайды. Оның бірінші кезені ақпараттық технология саласына бағытталған. Білуімше 20-ға жуық компания бар. Оған тиіскен жоқпыз. Өз жұмысын істеп жатыр. Ал оның екінші кезеңіне жер бөлініп, инфрақұрылым тартылған. Осы жерге фармацевтика кластерін дамыту жоспары жасалып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Мамыр айында Президентке таныстырдық, тоқтатпаңыздар деген тапсырма алдық.

Қазір елдегі дәрі-дәрмектің 10 пайызы ғана өзіміде өндіріледі. Қалған 90 пайызы сырттан әкелінеді. Бұл стартегиялық тауар, оған басқаша көзақарспен қарау керек. Бізде индустиялық басым бағыттар бойынша 10 сала бар. Олар салықтық жеңілдіктер алады. Бірақ соның ішінде фармацевтика жоқ. Алматыдағы еркін экономикалық аймақтың жұмысын қайта жандандырып, осы жерде оларға жеңілдік берейік дегенді ұсындық. Ең білікті мамандар қайда? Әрине, Алматыда. Ең мықты ЖОО-лар, фармацевтер дайындайтын факультеттер де Алматыда. Шетелден келетін инвесторлар да Алматыда бизнес жасағысы келеді.

Осы аумақтан клиникалық аурухана салу басталды. Ол жерге Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 6 ғылыми зерттеу орталығын апарамыз. Демек, онда практика ғана емес, зерттеулер де жүретін болады.

Ал, үшінші жоба ретінде Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің кампусын сол жаққа көшіру. Міне, осы фармацевтикалық кластер деп аталады.

Сосын қалада «Шағын өндіріс кешендерін» ашу туралы бағдарламаны қолға алдық. Кеңес заманынан қалған ғимараттар, ескі промзоналар, қоймалардың иелерін тауып, бюджеттен ақша бөлдік. Олар өз кезегінде ескі нысандарды жөндеп, шағын кәсіп иелеріне арендаға береді. Дайын қоймаларды 5 жылға арендаға арзан бағамен алса, қала ол кәсіпкерге 2 пайызбен кредит беретін болады. Биыл мұндай 8 промпарк іске қосылды, онда 90 шағын кәсіпорын ашылады.

- Елімізде өндіріс немесе басқа да бизнес ашу үшін кәсіпкерлер 6 айға дейін жүгіріспен уақыт жоғалтады. Осыны оңтайландыру үшін «бір терезе қағидасы» енгізіліп еді. Ол Алматыда қаншалықты жұмыс жасады?

- Мемлекеттік қолдау дегенде, бұл шаруалар бір әкімдік немесе бір министрліктің қолынан келмейді. СПК деген құрылды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар штаты 30 адамнан басталып, кей аймақтарда 200 адамға дейін отырады. Ең мықты жалақы соларда. Былтыр Алматы қаласы әкімдігіне келгенде, сол СПК-ның жұмысынан бастадық. Осындағы ең маңыздысы – бір терезе қағидатымен қызмет көрсету орталығы екенін бірден түсінесің. Бұл «бір терезе қағидаты» бойынша соңғы 10 жылда қаншама сынақ жасалды. Біз мұны ең алғаш Шымкентте бастағанбыз. ЦОП (Кәсіпкерлерге қызмет көрсету оралығы – авт.) деген атпен құрып, ұсындық. Оңтүстіктегі тәжрибені Атамекен, Даму қоры іліп әкетті. Бірақ олар мәнін өзгертіп жіберді. Ақыры қалды. Себебі әсер ететін тетіктері жоқ. Ал, біз кәсіпкерге рұқсат беретін, әкімдікке бағынатын құрылымдарды, сәулет-құрылыс сияқты мекемелерді бір жерге отырғыза аламыз. Әкімдікке бағынбайтын СЭС пен өрт сөндіру қызметін де осылардың қасына отырғызып, кәсіпкер бизнес ашу үшін жұмысын бір жерден бітіріп, құжатын алып кетуге ыңғайластырдық. Оны «Qolday» деп атадық. Шын мәнінде, 6 ай жүгіретін кәсіпкер бірнеше күнде шаруасын шешетін болды. Мамандар кәсіпкерге болмаса, болмайды деп түсіндіреді. Болса, тез арада құжаттарын рәсімдеп береді.

- Қазір инвесторлар көрші Ресейге көптеп қаржы салып жатыр. Тіпті, қазақстандық кәсіпкерлер де осы елден аша алмаған зауытын оңтүстіктегі көрші елдің аумағынан оңай аша алады. Неге?

- Бір мысал айтайын, Нұр-Сұлтан қаласында электровоз жинауға кірістік. Бірақ оның сертификатын Ресейден сатып алуға тура келді. Құны миллиондаған доллар тұрады. Әлгіні алғанда, дайын өнімнің өзіндік құны еселеп қымбаттап шығады. Олар құрастыра бер, сата бер дейді, бірақ сертификатты аласың деп шарт қояды. Біз үшін техникалық қауіпсіздік маңызды дейді. Ол шын мәнінде, олай емес.

Сол сияқты, фармацевтиканы дамытқымыз келеді. Олар да сертификат ал да, фабрика сала бер дейді. Оны алу қиынның қиыны. Сонымен осы жерден әңгіме тәмам.

Ал Өзбекстанда жағдай басқаша. Қазір біздің кәсіпкерлер Өзбекстан аумағында өнідіріс өндіруге кірісті. Бізде етті сол жақтан алып келсе, баж салығы 0-ге тең. Ал біз ол жаққа сатсақ, баж салығын жоғары қойып отыр деп айттым ғой. Малды сол жақта сояды, қасапханамен-ақ қаражат табады, сыртқа етін жібереді, ал терісін сол жақта өңдейді. Бұл да өндіріс.

САУДАДА ЖҮРГЕН МАМАНДЫҒЫ ЖОҚ ЖАСТАРДЫ ЕШКІМ ОЙЛАМАЙДЫ

- Сапарбек Құрақбайұлы, бізде сауда немесе қызмет көрсету саласы дамып кеткен. Көптеген жас білім алмай-ақ, осы саладан нанын тауып жеп жүр емес пе?

- Алматыда не сатсаң да ала береді. Қызметтің барлық түріне сұраныс бар. ТЖО, сұлулық салоны, консалтингтік бизнес, қаржылық қызметтер және білім орталықтарына сұраныс жетеді. Ең үлкен бизнес асхана, мейрамхана және қонақүй саласында жүріп тұр. Алматы арқылы бүкіл елдегі көтерме сауданың 50 пайызы өтеді. Осындағы қоймаларға келеді, сосын аймақтарға тарайды.

Бірақ пандемия көрсетіп жатыр, бұл – тұрақсыз сала. Ол қатты шайқалып қалды. Қызмет көрсету, сауда саласындағылар – білімі жоқтар, яғни мамандығы жоқ адамдар. Қара жұмысшылар ғой, олардың келешегі бұлыңғыр. Ертең жасы келгенде олардың күні не болады? Қайдан зейнетақы алады. Оны ешкім ойлап отырған жоқ.

Ал өндіріс ішкі, сыртқы нарық үшін тоқтап қалмайды, тұтынушы оны өзі-ақ тоқтатпайды. Ел тамақ жейді, киімін киеді, тұтынушы үшін үнемі сұраныс болады. Өндірісте құрылған бір жұмыс орны айналасындағы бес адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Біреу зауыт ашса, оның өнімін басқа біреуі сатады, тасымалдайды, қаржылық қызмет көрсетеді. Сондықтан мұны тұрақты, болашағы бар сала деп айтып отырмын.

- Уақыт тауып, әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ришат Асқарбекұлы, Алматы