СҚО-дағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйінің директорымен сұхбат
«Қарттар үйі, жетімдер интернаты» деген ұғымдар қазақ қоғамы үшін жат еді. «Жаман әдет жұққыш келеді» демекші, батыстан бастау алған бұл үрдіс бізге де келіп жетті. Мұндай нысандар елімізде өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары еңбекке жарамсыз, қамқорсыз қалған жандарға арналып салына бастаған болатын. Жылдар өте келе, бұл үйлерге бала-шағасына керексіз болып қалған қариялар да алына бастады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қазақ қазір сол жаққа ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын ойланбастан апарып өткізіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында екі қарттар үйі жұмыс істейді. Соның бірі Аққайың ауданының Смирнов ауылында орналасқан. Нысан барар жер, басар тауы қалмаған 306 адамның панасына айналып отыр, тіпті бос орын жоқ. Azattyq Rýhy тілшісі қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйінің директоры Андрей Сембаев сұхбаттасқан еді.
- Андрей Борисович, интернат-үйге адамдар көбіне қандай жағдаймен келеді?
- Мен Смирнов интернат-үйіне 2014 жылдан бері жетекшілік етіп келемін. Әлеуметтік мекемеге мүгедектер мен 63 жастан асқан зейнеткерлер ғана қабылданады. Мұнда әрқилы тағдырлар түйіскен. Адамдар бізге түрлі жағдайлармен келеді. Көбі бала-шаға, жақын туған-туысы жоқ адамдар, мүгедектер. Балалары сот арқылы бас тартқан, амалсыздан осында түскен азаматтар да бар. Отбасындағы жанжал, балалардың ата-анасын кешіре алмайтын өкпе, тағы басқа мәселелер осындай жағдайға алып келеді. Соның басым көпшілігі ішімдіктің кесірінен болап жатады. Істің ақ-қарасын ажыратып жату қиын. Бірде баласы, бірде әке-шешесі кінәлі дей алмайсыз.
- Балалары ата-анасынан сот арқылы бас тартып, кейін өз ағаттығын түсініп, әке-шешесін үйіне қайта алып кететіндер бола ма?
- Менің тәжірибемде ондай кездескен емес. Қарттар қайтыс болғанда да мемлекет оларды жерлеуді өз мойнына алады. Ол шарауның барлығын өзіміз ұйымдастырамыз. Тек кей жағдайларда ғана марқұмдардың туған-туыстары мәйітті алып кетіп, ақтық сапарға өздері шығарып салып жатады. Қайтыс болған адамдардың ағайындары болса, қаралы хабарды жеткіземіз. Алайда мекемеде тұл жетімдер де бар.
- Интернат-үй тұрғындарының көбінің жаны жаралы. Оларды психологиялық тұрғыдан оңалту мақсатында мамандар қандай жұмыс істейді?
- Интернатта қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Олар толықтай мемлекет есебінен өмір сүреді. Күніне 5 рет тамақтанады. Рационы дәруменге бай тағамдарға толы. Психологтар, әлеуметтік қазметкерлер жұмыс істейді. Олар жиі ауыратындықтан медициналық қызмет көрсетіледі. Штатта 3 дәрігер мен 18 мейірбике бар. Ддәрігерлік көмек қажет болса, аудандық аурухана, одан қалды облыстық аурухана көмегіне жүгінеміз. Бос уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізу үшін де барлық жағдай жасалған. Шеберхана, кітапхана жұмыс істейді. Жақсы сурет салатындар, ағаштан бұйым жасайтындар, іс тігетіндер бар. Қамқорлығымыздағы жандардың көңілін барынша аулауға тырысып бағамыз. Сонда да көңілдері жабырқау. Біз қанша күш салсақ та, мекеме қызметкерлері, олардың жақындарын алмастыра алмаймыз. Психологтар әр адаммен жеке жұмыс істеп, проблемаларын зерттейді. Олармен араласып, аутотренингтер өткізеді.
- Қарттар үйінің жасы ең үлкен тұрғыны нешеде?
- 92 жастағы әжей бар. Жалпы, біздің мекеме кәмелеттік жасқа толған І-ІІ топ мүгедектерін қабылдайды, сосын зейнеткерлер. Олардың барлығы өмірде қиын жағдайға тап болған, баспаналары жоқ. Барлығы әлеуметтік қамту ведомстволары арқылы келеді. Мамандар тізім бойынша көрсетілген құжаттары бар адамдарды ғана қабылдайды. 320 орынға шақталған мекемеде 14 бос орын бар.
- Ата-анасынан бас тартап жатқан жастарға не айтар едіңіз?
- Ата-ана қандай болса да, олардан бас тартуға болмайды. Бұл – үлкен қателік. Өмірде түрлі жағдай болады. Кешірімді, мейрімді болуға тырысуымыз керек. Әке-шеше – бізге өмір сыйлаған жандар. Оларды ұмытуға болмайды. Жаман болсын, жақсы болсын, біз таңдау жасай алмаймыз. Бұл – өмір заңдылығы. Бүгін ата-анасынан бас тартқан адамды ертең өзінің бала-шағасы тастап кетпесіне кім кепіл?
- Жыл сайын Халықаралық қарттар күні мерекесін ерекше атап өтетіндеріңізден хабардармын. Тіпті, облыс орталығынан түрлі ұжымдар барып, зейнеткерлерді құттықтап, тарту-таралғысын жасап, концерт те ұйымдастыратын. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты басқа жағдай қалыптасты. Карантинде мерекені қалай қарсы алып жатсыздар?
- Иа, карантин талаптарын бұзуға болмайды. Біз өз қамқорлығымыздағы жандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз. Сондықтан мекемеге сырттан келген адамдарды кіргізе алмаймыз. Қарттарды құттықтағысы келгендер видеобайланысқа шыға алады. Оған зейнеткерлер қуанып қалатынына сенімдімін.
Осылайша қарттар үйін паналаған азаматтарға барынша қамқор болуға тырысып жатырмыз. Бірақ ешкімнің олардың туған туыс, отбасы, бала-шағасын алмастыра алмасы хақ. Бүгінгі күні дамыған мемлекеттерде әке-шешесін қараусыз қалдыру үйреншікті жағдайға айналған. Еуропалықтардың тұрмысына назар аударсаңыз, ер жеткен ұл-қыздары өз бетімен үйінен кетеді. Тіпті кәмелет жасына толған соң-ақ, іргесін аулаққа салады. Олардың ұғымында әке-шеше баланы дүниеге әкеліп, ер жеткізеді кейін ешкім-ешкімге қарыздар емес. Осы үрдіс біздің қоғамда да қалыпты жағдайға айналмаса екен деймін. Өзім өзге ұлт өкілі болсам да, қазақтың қариясын қаңғыртпаған керемет дәстүрінен хабардармын. Осы құндылық маңыздылығын жойып бара жатқаны өкінішті. Тамағы тоқ болса да, көңілі жүдеу қарияларды көргенде күн сайын жабырқап қаламын. Ал ата-анасынан бас тартатын адамдарға ештеңе мәңгі емес екендігін айтар едім. Дүние кезек. Бүгінгі жас – ертең қария болады. Сол кезде қарттар үйінен басқа паналайтын жері болмаса – трагедия сол. Тек қана бала кінәлі деуден аулақпын. Әртүрлі адам, сан алуан тағдыр бар. Тек ата-ана қандай болса да, кешірімді, сабырлы болуымыз шарт. Себебі біз оларды таңдай алмаймыз.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО