ВИЧ жұқтырғанын қабылдай алмай суицид жасағандар болды – дәрігер

2020 жылдың 8 айында Нұр-Сұлтан қаласында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 159 адам тіркелген

ВИЧ жұқтырғанын қабылдай алмай суицид жасағандар болды – дәрігер
Фотолардың авторы: Нұрдәулет Әбікеев

Өткен жылдың мәліметінше, Қазақстанда иммун тапшылығы вирусына (ВИЧ) шалдыққан 31 400 адам бар. Ал ресми тіркелгендер саны – 23 317 адам. Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігерлерімен тілдесіп қайтқан еді.

ВИЧ ЖҰҚТЫРҒАНДАРДЫҢ 70%-ы –  ЕРЛЕР

Орталықтың директоры Сәбит Бекмағанбетұлының айтуынша, 2020 жылдың 8 айында Нұр-Сұлтан қаласында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 159 адам тіркелген. Жалпы алғанда, 1997 жылдан бастап бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1887 жағдай анықталған. Сондай-ақ жұқтырғандардың дені ер адамдар екен.

«ВИЧ инфекциясын жұқтыратындар - көбіне ерлер. Мәселен, 2020 жылдың 8 ай аралығында  ерлердің үлесі 74,8% (119 жағдай), әйелдер - 25,2% (40 жағдай) болды. Осы аралықта 14 жасқа дейінгі балалар арасында бірде-бір жағдай тіркелмеген, ал 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үлесі 0,6% (1 жағдай). Аурулардың 67%-дан астамы репродуктивті 20-39 жас аралығындағылар. 71%-дан астамы кездейсоқ серіктесімен жыныстық қатынас кезінде қорғаныс құралдарын пайдаланбаған. Дәлірек айтсақ, 14,5% гомосексуалды қатынас арқылы, 41% коммерциялық серіктеспен жыныстық қатынасқа түскен кезде, 18% ВИЧ-позитивті адаммен, 3,5% инъекциялық есірткі тұтынатын адамдармен жыныстық қатынас кезінде жұқтырған. Яғни, жастар арасында қауіпті жыныстық мінез-құлық пайда болған. Сонымен қатар, инъекциялық есірткіні қолдану арқылы парентеральды жолмен де өсу тенденциясы байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл парентеральды жолмен жұқтырудың меншікті салмағы 2,7 есеге өскен», - деді директор. 

ВИЧ ЖӘНЕ КОРОНАВИРУС

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ВИЧ жұқтырған 20 адам коронавируспен ауырған.

«ВИЧ инфекциясы бар адамдар дені сау тұрғындармен бірдей коронавируспен ауырады. Біздің пациенттеріміздің ішінен 20-ға жуығы коронавирус инфекциясын жұқтырып, инфекциялық стационарда емделіп шықты», - деді Сәбит Бекмағанбетұлы.

ГЕЙ КЛУБТАР МЕН ТӘНІН САУДАЛАЙТЫНДАРҒА АРНАЙЫ РЕЙД ЖАСАЛАДЫ

Бүгінгі күні ВИЧ инфекциясының алдын алу мақсатында  Орталық дәрігерлері халықтың негізгі топтары арасында контрацепциялық құралдарды тегін таратып, кей күндері қала клубтарында еріктілермен бірге түнгі рейдтерге шығып тұрады.

«ВИЧ-пен тіркелгендердің ішінде иньекциялық наркотик өнімдерін пайдаланушылар, коммерциялық секс нарығының өкілдері, еркектермен жыныстық қатынасқа түсетін еркектер бар. Сондықтан жұқтыру қаупінің алдын алу үшін оларға шприц, тегін мүшеқап таратып, анализ алып отырамыз. Бүгін кешке еріктілеріміз елордадағы ЛГБТ өкілдері көңіл көтеретін 3-4 клубқа барып, кешкі сағат 11-ден таңғы 4-ке дейін рейд жүргізеді. Нұр-Сұлтан үлкен қала, миграция көп, шетелден келушілер саны көп. Сол себепті, біз жыл сайын қала халқының 30%-ын тексереміз. Тексерісті қаншалықты көп адамға жасасақ, солардың арасында ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар тез анықталады. Біздің мақсат – дер кезінде аурудың алдын алу, жұқтырған адамды анықтасақ, оны СПИД-ке шалдығуға дейін жібермеуіміз керек. Орталықтағы ем шаралары халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұрын ВИЧ, СПИД-пен тек нашақор, жеңіл жүрісті қыздар ауыратын, ал қазір ауыратындардың көпшілігі көзі ашық, білімі бар жастар. Үлкен қалаға келіп клубқа барып, пәтер жалдап, еш сақтанбастан төсек қатынасына түсе береді», - деді Сәбит Бекмағанбетұлы.

ЖҰҚТЫРҒАНЫН ЕСТІГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ РЕАКЦИЯСЫ

ВИЧ бойынша эпидемиологиялық бақылау бөлімінің меңгерушісі Інжу Аймағамбетованың СПИД, ВИЧ жұқтырған науқастармен жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан асқан. Осы жылдардың арасында мыңдаған адамды қабылдаған дәрігер науқастардың көпшілігі алғашында инфекция жұқтырғандарын қабылдай алмайтынын айтты.

«Науқастардың статусын айтқан кезде, әркім әртүрлі қабылдайды. Есірткі қабылдайтын, жеңіл жүрісті қыздарға жиі баратын, көгілдірлермен көңіл қосатын, яғни, кінәсі барын білетіндердің реакциясы қалыпты. Ал жұмыс істеп, арасында бір рет қана саунаға барып, жезөкшелердің қызметін пайдаланамын деп жұқтырып алғандардың реакциясы мүлде басқаша. Олар диагнозын алғаш естігенде бізді кінәлап, қоқан-лоққы көрсетіп, сөзімізге сенбей жатады. Моральдық тұрғыда аталған статуспен өмір сүру қиын. Өзінің инфекция жұқтырғанын білген соң, статусын қабылдай алмай, суицидке барған науқастар да болған. Инфекцияны көбіне жұқтыратын жастар, олармен байланыста болған адамдардың контактісін сұрап, тест тапсыруға, орталыққа қаралуға шақырайын десек, байланыста болғандардың аты-жөнін, мекенжайын білмейді. Себебі, 70%-ы бүгін танысқан адаммен төсектес болады, қорғаныш құралдарын пайдаланбайды. Жастардың өз өміріне, денсаулығына, одан қалды, өзге адамдардың өміріне деген жауапкершілігің жоқтығы таңғалдырады. Көпшілігі ештеңе болмайды деп ойлайды, бірақ бір ғана байланыстың өзі жетіп жатыр. 31 жылдық жұмыс тәжірибемде неше түрлі жағдайды өткердім. Біз әрбір науқасқа диагнозын қабылдап, сонымен бірге ұйықтап, бірге оянып үйренуге бір апта, қажет болса одан да көп уақыт береміз. Диагнозын мойындаған соң бізге келіп, ары қарай не істейтінін, қалай емделу керек екенін сұрайды», - деді маман.

ИНФЕКЦИЯ ЖҰҚТЫРҒАНДАРДЫҢ ЕҢ ЕГДЕСІ – 79 ЖАСТА

Інжу Аймағамбетова жұмыс барысында ВИЧ инфекциясын екінші біреуге жұқтырған адамдарды табу қиындық туғызады дейді. 

«Некеде тұрған адамдар жұбайларына ВИЧ жұқтырғанын айтудан қорқады. Не бізге телефон нөмірін бермейді, не өздері айтпайды. Біздің жұмыста некеде тұрған адамдардың бірі жұқтырса, екінші жұбын тексеру үлкен проблема. Біз жұбайының аты-жөнін айтпаған күнде, оларды заңдық тұрғыдан жазалай алмаймыз. Заң бойынша, ВИЧ жұқтырған адамға қатысты ақпаратты беруге немесе өзге біреуге айтуға тыйым салынған. Орталықтағы инфекция жұқтырған ең егде науқас – 79 жаста. Бізге ол кісі 2013 жылы, 72 жасында келді. Үлкен кісілердің есірткі қолданбайтыны анық, коммерциялық секс қызметін пайдаланбайды, бірақ қайдан жұқтырғаны белгісіз. «Қайда бардыңыз, не істедіңіз?» деген сұраққа «Тәуіпке барғанмын, қан алдырғанмын, хижама жасатқанмын» дейді. Айта кетейін, терінің зақымдалған жерінің бәрінде қауіп бар. Ал ВИЧ жұқтырған ең кішкентай науқас – 1 жас 10 айлық сәби», - деді дәрігер.

ӨГЕЙ ӘКЕСІНЕН ИНФЕКЦИЯ ЖҰҚТЫРҒАН

30 жылдық тәжірибесі бар Інжу Аймағамбетова есінде қалған ең ауыр жағдайлардың бірін айтып берді. Бірде 9-сынып оқушысы өгей әкесінен ВИЧ жұқтырып алып, жер тепкілеп жылағаны есінде қалыпты.

«Бір күні 9-шы сыныпты аяқтаған үш-төрт жігіт Қарағандыдағы милиция мектебіне түсу үшін ВИЧ-ке тест тапсыруға келді. Жап-жас балалар, улап-шулап тест тапсырып кетті. Оларға тест нәтижесі бір күннен кейін шығатынын айттық. Ертесі бәрі келіп тест нәтижесін алады да, ішіндегі бойы ең аласа, өзі сондай сүйкімді оқушының нәтижесі келмеді. Достарының анализ қорытындысын алғанын көріп, жаңағы жігіт көзі жасаурап, менен «Не дұрыс емес?» деп сұрайды. Содан бәлкім, шатасып кеткен болар деген оймен ертесі жаңағы балаға қайта қан тапсырттық. Тест нәтижесі тағы да «оң» болып шығып, қорытынды тест нәтижесін растауға республикалық орталыққа жібердік. Соңғы тест қорытындысын көргендегі баланың жер тепкілеп жылағаны әлі күнге дейін көз алдымда. Сөйтсек, әлгі баланың анасы есірткі саудасымен айналысады екен. Ал оның қоластында диллер болып жуырда ғана түрмеден шыққан, ВИЧ инфекциясы бар азаматтық некедегі күйеуі жұмыс істеген. Үйде жүрген күннің бірінде баланың өгей әкесі ваннаға кіріп есірткіні ине арқылы еккен де, шприцті қалдырып кеткен. Ересек адамның әрекетіне қызыққан жаңағы бала щприцті алып, тамырына салған. Осылайша, кездейсоқта, сап-сау бала үлкендердің салғырттығынан АИТВ жұқтырып алған», - деп еске алды маман.

ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР АРЫ ҚАРАЙ ҚАНША ЖЫЛ ӨМІР СҮРЕДІ?

Кейде ВИЧ жұқтырғандардың ары қарай қанша жыл өмір сүретіні жайлы әртүрлі айтылады (15, 10 және тіпті 5 жыл). Орташа алғанда, ВИЧ жұқтырған адамның, егер ол АРТ препараттарын қабылдамаса, өмір сүру ұзақтығы 10 жылдан аспайды. Өмір сүру ұзақтығы әр пациентте әртүрлі. Кейбіреуінің ғұмыры 3 жылға дейін... Мұның бәрі көптеген факторларға байланысты: олардың өмір салты, адамның иммунитеті, дұрыс тамақтануы және т.б.

Тәжірибе көрсеткендей, адамдар көбінесе ВИЧ немесе СПИД-тен емес, оппортунистік, яғни қосарланған инфекциялардан қайтыс болады. Егер адам АРТ-ны үзбей, уақытылы қабылдаса, биологиялық қартаю шағына дейін өмір сүре алады.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.