ШұғылҚазақстанда 39 бала Кавасаки синдромына шалдықты

«Мәжілісте ұйықтап отыратын дәурен өтті». Праймериз жайлы Бауыржан Серікбаевпен сұхбат

Nur Otan партиясының  Жақтастар лигасы өңірлерді аралайды

Фото: ашық дерек көзінен

Праймериз – еліміздегі саяси өзгерістің бастамасы іспетті. Қазіргі уақытта Nur Otan партиясының ішкі іріктеуіне қатысуға өтініш білдіргендің қарасы көп. Партияның Жақтастар лигасы құрылып, олар іріктеудің әділ және ашық өтіп, ел мүддесі жолында жасампаз жандарға жол ашылуын қамтамасыз етпек. Осыған орай, Жақтастар лигасының мүшесі, саясаттанушы Бауыржан Серікбаевпен праймериз хақындағы сұхбатымызды ұсынамыз.

Праймериз елімізде алғашқы рет өтіп жатыр. Сондықтан мұның өз қиыншылықтары бар болуы мүмкін. Жалпы алғанда, праймериз сіздің ойыңызда қандай көрініс тапты, ішкі іріктеудің жетілдіру керек дейтін тұстарын аңғарып жатырсыз ба?

– Праймериз еліміздегі жастар мен айтар ойы бар, дарынды тұлғалардың билікке келуіне ашылған бір мүмкіндік сыңайлы. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланған дұрыс. Ал кемшілігі осы тектес механизмдерді – өзге де партиялар іске қосқанда, бұл қадам мүмкін елімізге белгілі бір деңгейде саяси бәсекені алып келер ме еді деген ой да бар. Дегенмен, Қазақстанда бірінші рет өтіп жатқандықтан, осы праймериздің тарихи тәжірибесінің негізінде алдағы уақытта бұдан да кеңейтілген форматтағы праймериздер өтеді деп үміттенемін. Праймериздің әлемде кең тараған ашық, жабық және аралас форматтары бар. Nur Otan партиясы бүгінгі күні еліміздің даму деңгейі мен ерекшеліктерін ескере отырып, біздің қоғамға ыңғайлы, ашық форматты таңдап алғаны көрініп тұр.

– Партияның Жақтастары лигасы барын бәріміз білеміз. Бірақ кейбір қоғам мүшелері олардың не атқаратынын әлі де толық түсіне алмауда. Жақтастар лигасының қызметі жөнінде тарқатсаңыз, қандай мақсаты бар?

– Жақтаушылар лигасы праймеризді қолдайтын әрі оның ашық та әділ өтуіне атсалысуды азаматтық борышы санайтын бастамашыл да белсенді азаматтардың бірлестігі. Арамызда бүкіл республика бойынша праймеризге қатысатын да, бақылаушы болып әділ өтуін қадағалайтын әр саладан жиналған азаматтар бар. Басты мақсат – ішкі іріктеуді қоғам тарапынан сынға қалмай, айтар ойы бар қазақстандықтарға жол ашу.

– Праймериздің әділ өтуін қамтамасыз ету – басты міндет екенін атап өттіңіз. Кей шенеуніктер, мысалы әкімдер ішкі іріктеудің ашық өтуіне кедергі болуы мүмкін екен. Оның алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Праймеризге жергілікті әкімдер, атқарушы органдар араласпауы тиіс. Араласқан жағдайд, әділ өтпесі белгілі. Кейбір әкімдер әлі командалық жүйеде жұмыс істейтінін жасыра алмаймыз. Егер мұндай әрекеттер байқалатын болса және дәлелденсе, партия қатарынан шығарылып, жауапкершілікке тартылады. Қазіргі таңда заңбұзушылықты болдырмау үшін барлық өңірлерден бақылаушылар тізімін жасақтап жатырмыз. Сонымен бірге праймеризге қатысамын деген азаматтармен де тығыз байланыс орнатып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Алдағы уақытта ондай жайсыздық туындамайды деген үміттеміз. 

– Праймеризге қатысты мәселелерге орай Қостанай өңіріне жол жүргелі жатыр екенсіз. Қандай мақсаттарды арқалап бара жатырсыз?

– Жергілікті жерлер мен өңірлердегі праймеризге дайындық барысын анықтауымыз қажет. Аймақтарда халықпен тілдесіп, пікірін тыңдаймыз. Қоғамның айтары – өте маңызды. Сосын мәселелерді көзбен көруіміз тиіс. Сол арқылы бағасын береміз. Сараптама жасалады. Бұл үміткерлерді таңдауда рөл ойнайды.

– Мәжіліс пен Сенатта, аймақтардағы мәслихатта әйелдердер мен жастардың үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек деп жатырмыз. Бұл мөлшер аз емес пе? Бұрын жастар мен әйелдерді көптеп тартуға не кедергі болды?

– Бүгінгі таңда елімізде әртүрлі деңгейдегі 216 маслихат бар екен. Оларда жастардың үлесі бар болғаны 2%. Бұл өте төмен көрсеткіш. Тәуелсіздік алған 30 жылда алдыңғы буын билікті бергісі келмегендей маслихаттар мен Мәжілісте отырып алғаны ақиқат. Кейбірі Мәжілісте ұйықтап отырды. Бірақ заман өзгерді. Ұйықтайтын дәурен өтті. Жастардың жаңа буыны өсіп келеді. Олар өзгерісті қалайтыны сөзсіз. Бұл табиғи заңдылық. Біздің мемлекетімізде билікке жастар көптеп келіп, жаңару процесінен өтуі тиіс. Егер байқап қарасаңыз, біздің қоғамда қазіргі уақытта ескі мен жаңа көзқарастағы жастардың тартысы қарқынды жүріп жатыр. Әрине, мемлекеттік мүдде тұрғысынан тиімдісі жастардың билікке келіп, жаңа экономикалық, әлеуметтік, саяси бастамалардың басында жүргені болар еді.

– Елде күрмеуі шешілмеген мәселелер әлі де жетерлік. Мысалы, сіз қай саланың жұмысын сынға алып, ақсаған тұсын айтар едіңіз? Нені дамытқанымыз абзал?

– Ең басты екі мәселені атап өткім келеді. Бізге білім саласын дамытқан жөн. Оны барлығы аңғарды. Бүгінгі жағдайымыз, шыны керек, сын көтермейді. Дипломы бар, бірақ білімсіздер көп. Олар қызметке барса, барған жерін абыройсыз етіп тынады. Сосын келіп халықтың билікке деген сенімі жоғалады. Екінші мәселе – жемқорлық. Айта-айта ауыз шаршады. Мұны ауыздықтамасақ өркениетті елдер қатарына қосыла алмаймыз. Сондықтан осы екі салаға баса назар аударып, көңіл бөлгеніміз дұрыс.

– Әңгімеңізге рахмет!