«Өзімді батыр санамаймын». Алты адамды өрттен құтқарған ауыр атлетпен сұхбат

Адамдар қарапайым көмекті ерлік санайтын болып кетті дейді ол

«Өзімді батыр санамаймын». Алты адамды өрттен құтқарған ауыр атлетпен сұхбат

Azattyq Rýhy-ның кезекті кейіпкері – 15 тамыз күні Алматыдағы көпбақатты үйлердің бірінде болған өрттен алты баланы аман алып шыққан алматылық Дәурен Рымқұлов.

Дәурен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы. Ол КСРО кезінде ауыр атлетика бойынша қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері Амангелді Рымқұловтың ұлы. Дәуренді спортқа әкесі 6 жасынан бастап баулыған.

«Ауыр атлетикадан 15 жасымда спорт шебері атанғанмын. Менің жаттықтырушым – өзімнің әкем. Ол кісі ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы,  КСРО кезінде ауыр атлетика бойынша қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері. Отбасымда 10 ағайынбыз. Спорт мектеп-интернатын бітіргенмін, содан соң Қазақ Спорт және туризм академиясын тәмамдадым. Бүгінде отбасылымын, 3 жасар қызым бар. Қазір қаладағы элиталық фитнес клубта жаттықтырушы болып жұмыс істеймін», - деді ол.

ӨРТ КҮНГІ ОҚИҒА ХРОНИКАСЫ

Осыдан бес күн бұрын кешкі сағат 20:30-да отбасымен бірге кешкі асқа отырған Дәурен терезеден  «Өрт, өрт!» деген айқайды естіген. Екінші қабатта тұратын ол бірден қызы мен әйелін далаға шығарып, өзі құжаттарды ала салып, желең далаға шығып кетеді.

«Далаға жүгіріп шыққан кезде көрші подъездің 3-ші қабатынан өртті байқадым. Осыдан кейін әйелім маған: «Даур, ана жақта Жасмин бар» дейді. Жасмин менің үлкен әпкемнің қызы, жиенім. 19 жаста, медицина колледжінде оқиды. Өрт кезінде ол үйде жалғыз болған. Мен ұзақ ойланбастан заттарды әйеліме бердім де, подъезге қарай жүгірдім. Екінші қабатта дем алудың өзі мүмкін болмаған. Көк түтін көзім мен тамағымды күйдіріп барады. Содан соң астыңғы қабатқа қайта түсіп, көшеде тұрған тұрғындардан футболка және су сұрадым. Дымқыл футболкамен бетімді бүркеп, көбірек ауа жұтып алып, қайтадан жоғарға жүгірдім. 3-қабатқа көтеріліп, қызыл жалынға оранған пәтердің есігі ашық екенін көрдім. Өрттің жалыны қарама-қарсы беттегі көршілердің есігі мен барлық кеңістікті алып жатты. Ашық тұрған есік пен терезеден жел шығып, өрт біресе пәтерден шығып, біресе кіріп тұрды. Мүмкіндік пайда болған кезде мен есікті жауып үлгердім. Қуанышымызға орай, есік бір реттен соң-ақ жабылды. Осы кезде жоғарыдағы адамдар төменге жүгіріп, далаға шығып жатты. Кеңістіктегі өрт олардың сыртқа шығуына кедергі келтірмей тұрған», - деп еске алды ол сол күнді.

Дәурен жиенін құтқаруға қарай жүгіріп жүрген кезде оның қасына Ален және Руслан есімді екі жігіт қосылып, өзге де адамдардың оқиға орнынан далаға шығуына көмек қолын созған.

«Жасмин тұратын 4-қабатқа көтеріліп едім, ауа жұта алмадым. Содан Әскери даярлық сабағында өрт кезіндегі әрекеттерді есіме түсіріп, еденге жатып, жиенімнің есігі ашық екенін көрдім. Дәлізден оның жарығы жанып тұрғанын байқадым, бірақ қою түтін көзімді аштырмады. Мен пәтер ішіне дейін еңбектеп барып, «Жасмин!» деп айқайладым. Оның даусы мүлдем естілмеді, еңбектеп жатқан күйі қонақ бөлмеге кірдім, одан жатын бөлмеге бара жатып, оның даусын естідім. Сөйтсем жиенім балконда тұр екен. Содан мен оған «кеудеңе ауа толтырып, еденге жат та, маған қарай жылжы» дедім. Ол біраз қорқып тұрды да, менің «Біз не өртенеміз, не бірге шығамыз» деген сөзімнен кейін жылжып келді», - дейді ол.

ӨРТ КЕЗІНДЕ 6 АДАМДЫ АМАН АЛЫП ШЫҚҚАН

«Бесінші қабатта балалар бар» деген дауысты естіген Дәурен жиенін туған інісі Азаматқа үшінші қабаттан табыстай салып, балаларды құтқару үшін бесінші қабатқа қарай қайта жүгіреді.

«Подъезден шықпай жатып, біреулердің «5-қабатта балалар қалып қалды» деген дауысын естідім. Жиенімді ініме тапсырып, жедел жәрдем шақыруды тапсырдым. Содан 5-қабатқа көтеріліп, барлық есікті ұрып шықтым. Бірақ ешкім маған есік ашпады. Ол жақта көк түтіннің кесірінен ұзақ тұра алмаған соң, төменге түстім. Далаға шығып, жөтеліп, демімді алып тұрған кезде іштегі балалардың анасы келді. Ол «Іште менің балаларым қалып қалды» деп айқайлады. Содан мен қайтадан жоғарыға қарай жүгірдім, артымнан жаңағы әйел де ілесіп шықты. Сөйтсем, балалар төртінші қабатта екен. Оның үстіне өртке оранып жатқан пәтердің тура қасындағы үйде. Абырой болғанда, аналары дер кезінде келіп, есікті ашты. Осы кез үшінші қабаттағы пәтерлердің терезелері ыстықтан сынып жатқан еді. Содан өрт қызметі келді. Біз есік ашқандардың бәрін аман алып шыққанымызды айттық. Одан іле-шала полиция келді. Ары қарайғы жағдай кәсіби мамандардың қолында екенін білген соң, үйіме қайттым», - дейді ол.

ӘКЕ БОЛҒАН СОҢ, БАЛАЛАРДЫ ҚҰТҚАРУҒА АСЫҚТЫМ

Дәурен ауыр атлетикадан Қазақстанның, Османәлиев атындағы халықаралық турнирдің бірнеше мәрте чемпионы, Әлем және Азия чемпионатының қатысушысы, халықаралық турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы атанған. Бүгінде ол Esentai fit+spa орталығында жаттықтырушы. Өрт кезінде ол туған жиенінен бөлек, бес баланы құтқарды.  

«Өзім Амили есімді кішкентай ханшайым тәрбиелеп отырған соң, ең бірінші балаларды және жиенімді ойладым. Денсаулығыма ешқандай зиян келмеді. Тек түтінді көп жұтып қойғандықтан, өзіме бір күн өткеннен кейін ғана келдім. Осы оқиғадан кейін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті және Қазақстан Республикасының ауыр атлетика федерациясымен кездесу бекітілді. Ешкімнен ешқандай марапат күтпеймін және өзімді батырмын деп санамаймын. Бүгінгі таңда адамдардың қарапайым көмегінің өзі көзсіз ерлік саналатын болып кетті. Меніңше, бұл дұрыс емес. Менің орнымда басқа біреу болса да, бәлкім, солай істейтін болар», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.