Жасанды интеллект: халықаралық олимпиада ел мүмкіндігін танытты
Жасанды интеллект бойынша халықаралық дода Қазақстанның цифрлық білім беру әлеуетін айқындай түседі
Жасанды интеллектті дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытқа ерекше мән беріп, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Елімізде жасанды интеллект жүйесін қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, AI-Sana бағдарламасын іске асыру және халықаралық деңгейдегі білім беру бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы саясаттың жарқын көріністерінің бірі – Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиадасы. 106 мемлекеттен келген дарынды оқушылардың басын қосқан беделді дода Қазақстанның цифрлық білім беру саласындағы әлеуетін көрсетіп қана қоймай, жасанды интеллект бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да мүмкіндік береді.
Философия докторы, қауымдастырылған профессор Жолдас Бурибаев Қазақстандағы ІТ-білімнің қазіргі деңгейі, жасанды интеллект саласына маман даярлау, халықаралық олимпиадалардың маңызы және еліміздің цифрлық болашағы туралы өз пікірін ортаға салды.
- Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада бағдарламалаудан бөлек математика, логикалық ойлау және деректермен жұмыс істеу талабын қажет етеді. Қазақстандық мектептер мұндай кешенді дайындыққа қаншалықты дайын?
- Қазақстандық оқушылар математика, информатика және бағдарламалау бағыттары бойынша жоғары әлеуетке ие екенін халықаралық олимпиадалардағы нәтижелері дәлелдеп келеді. Соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мектептердің цифрлық инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи зертханалар ашылып, ІТ-сыныптар ашылуда. Мұғалімдердің цифрлық және әдістемелік құзыретін арттыруға арналған бағдарламалар да кеңейіп жатыр. Мұның бәрі өңірлердегі білім беру сапасын біртіндеп теңестіріп, оқушылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің толық цифрланған мемлекетке айналуы жаңа буын мамандарын сапалы даярлауға тікелей байланысты. Бұл бағыттағы жұмыс мектептен басталуы тиіс.
- Президент жасанды интеллектті Қазақстанның болашақтағы негізгі даму бағыттарының бірі ретінде атады. Бұл саланы дамыту үшін мектепте қандай білім мен дағдыларға басымдық берілуі керек?
- Жасанды интеллект дәуірінде оқушыларға ең алдымен математика, статистика, алгоритмдік және сыни ойлау, бағдарламалау, деректерді талдау және цифрлық қауіпсіздік негіздерін терең меңгерту қажет. Бұған қоса, ағылшын тілін білу, командалық жұмыс, жобалық қызмет және технологияларды жауапты пайдалану мәдениеті де маңызды.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, болашақта сұранысқа ие мамандар дайын технологияларды ғана қолданбай, олардың қалай жұмыс істейтінін түсініп, жаңа шешімдер әзірлей алуы тиіс. Сондықтан мектеп оқушысы жасанды интеллектінің қарапайым пайдаланушысы емес, оны түсінетін әрі жасай алатын тұлға ретінде қалыптасуы қажет. Бұл Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының негізгі мақсаттарымен толық үндеседі.
- Халықаралық олимпиадаға 106 елден келген оқушылар қатысып жатыр. Осындай ортада қазақстандық оқушылар несімен ерекшеленеді?
- Қазақстандық оқушылардың басты артықшылығы – математикалық дайындықтың жоғары деңгейі, логикалық ойлау қабілеті және күрделі есептерді шешуге бейімділігі. Бұл халықаралық пәндік олимпиадалардағы нәтижелерден анық байқалады.
Сонымен бірге халықаралық деңгейдегі жарыстарда ағылшын тілін меңгеру, командалық жұмыс, ғылыми жобаларды әзірлеу, өз идеясын сенімді таныстыру және теориялық білімді нақты практикалық мәселелерге қолдану бағыттарын күшейту қажет.
Қазіргі таңда әлемдік IT-индустрияда техникалық біліммен қатар коммуникация, көшбасшылық және пәнаралық ынтымақтастық ерекше бағаланады. Сондықтан мектеп оқушыларын осы құзыреттерге де жүйелі түрде дайындау маңызды.
- Қазір оқушылар жасанды интеллект құралдарын қолдануды тез меңгеріп жатыр. Өз технологиясын жасайтын мамандарды даярлау үшін не керек?
- Бүгінде Қазақстанның білім беру жүйесінде бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен цифрландыру мен жасанды интеллект ел дамуының басым бағытына айналып, мектептерде бағдарламалау, робототехника және STEM-білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оқушылардың жобалық жұмыстармен айналысуына, ІТ-байқаулар мен халықаралық олимпиадаларға қатысуына кең мүмкіндік жасалып келеді. Жоғары оқу орындары да ІТ-компаниялармен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты күшейтіп, жасанды интеллект саласындағы зерттеулер мен стартаптарды дамытуға басымдық беріп отыр. Мұның бәрі технологияны тек пайдаланатын емес, оны әзірлейтін инженерлер мен зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыруға берік негіз қалайды. Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті жылдан жылға артып келеді.
- Елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған жобалар көбейіп жатқаны бәрімізге мәлім. Халықаралық олимпиадалардың елдегі ІТ-білімнің сапасын арттыруға ықпалы бар ма?
- Әрине, ықпалы өте зор. Халықаралық олимпиадалар қазақстандық оқушыларға өз білімін әлемнің үздік жасөспірімдерімен салыстырып, жаңа тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жарыстар оқушылардың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттырып, мұғалімдердің кәсіби дамуына және білім беру бағдарламаларының жаңаруына оң әсер етеді. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – AI-Sana бағдарламасы. Бұл жоба мектеп оқушылары мен жастардың жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіруге, инновациялық жобаларды қолдауға және жаңа буын ІТ-мамандарын даярлауға бағытталған. Осындай халықаралық олимпиадалар мен ұлттық бастамалар сабақтасып, Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтып, бәсекеге қабілетті мамандардың қалыптасуына үлкен серпін береді деп ойлаймын.