Жақында жаңартылған жаңа заңның мақсаты – азаматтардың Мемлекеттік Туды заң талаптарына сай пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыру
Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігі мен тұтастығының басты нышандары. Жақында оларды пайдалану тәртібіне қатысты заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Осыдан кейін қоғамда «Енді Туды балконға ілуге болады екен», «көлікке қоюға рұқсат беріліпті» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Кейбірі мұны жаңа мүмкіндік деп қабылдаса, енді бірі талаптар бұрынғыдан қатаңдап кеткенін алға тартады. Шын мәнінде қандай өзгерістер енгізілді? Азаматтар нені білуі керек? Осы сауалдарға Azattyq Rýhy редакциясына берген сұхбатында «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Мырзаханов жауап берді.
– Соңғы өзгерістерден кейін қоғамда түрлі пікір қалыптасты. Бір қарағанда азаматтарға Мемлекеттік Туды пайдалануға көбірек мүмкіндік берілгендей көрінеді. Дегенмен бұл өзгерістердің түпкі мақсаты қандай? Заңда нақты не өзгерді?
– Ең алдымен мемлекеттік рәміздердің атауы Конституциядағы редакцияға сәйкестендірілді. Яғни заңда олар Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран деп нақты көрсетілді. Сонымен қатар бұрын қолданылып келген «Гимн» термині қазақ тіліндегі «Әнұран» атауымен ауыстырылды.
Негізгі өзгерістер Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібіне қатысты болды. Бұрын заңда жалпы қағидалар ғана көрсетілсе, енді олар нақты талаптармен толықтырылды. Азаматтардың Туды қайда және қалай орналастыра алатыны, тігінен ілу тәртібі, көлік құралдарында пайдалану мәселелері заң жүзінде айқындалды.
Алайда бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тыйымдар енгізу емес. Керісінше, азаматтардың Мемлекеттік Туды заң талаптарына сай пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыру.
– Әлеуметтік желілерде «Туды балконға ілуге болмайды», «көлікке қоюға рұқсат жоқ» деген пікірлер әлі де кездеседі. Жаңа нормалар осы мәселені қалай реттейді? Азаматтар қандай талаптарды есте ұстауы керек?
– Бұл – қоғамда кең тараған қате түсініктердің бірі. Жаңа нормалар керісінше азаматтарға Мемлекеттік Туды пайдалануға көбірек мүмкіндік береді.
Мысалы, Мемлекеттік Туды балконға 45 градус бұрышпен орналастыруға болады. Жеке тұрғын үйлерде оны кемінде үш метр биіктікте орнатуға рұқсат етілген. Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшелігі мүмкіндік бермесе, Туды ауладағы арнайы тұғырға орналастыруға болады.
Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларда пайдалана алады. Бұған дейін көп талқыланған тағы бір мәселе – көлікте пайдалану. Енді азаматтар заң талаптарын сақтай отырып, Мемлекеттік Туды көліктің салонында орналастыра алады.
Ең басты талап – Мемлекеттік Ту жерге, еденге, су бетіне немесе өзге де беттерге тиіп тұрмауы тиіс.
– Мемлекеттік Туды пайдалану аясы кеңейгенімен, оған қойылатын талаптар өзгерген жоқ. Азаматтар көбіне қай тұста қателеседі? Заң қандай әрекеттерге тыйым салады?
– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану еркіндігі оларды кез келген мақсатта қолдануға болады деген сөз емес. Заңға сәйкес тозған, жыртылған, кірлеген, түсі оңған немесе бүлінген Мемлекеттік Туды пайдалануға болмайды. Сондай-ақ оны жарнамалық мақсатта қолдануға, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше немесе өзге де тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға тыйым салынады.
Көпшілік жиі шатастыратын тағы бір мәселе бар. Заң Мемлекеттік Тудың өзін пайдалануға қатысты талаптарды белгілейді. Ал Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімде немесе спортшылардың формасында пайдалануға заңмен рұқсат етілген.
– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәселесінде Қазақстан қандай ұстанымды таңдады? Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда біздің ерекшелігіміз неде?
– Жалпы алғанда, Қазақстан халықаралық тәжірибеде қалыптасқан негізгі қағидаларды басшылыққа алды. Көптеген мемлекеттерде мемлекеттік рәміздерді қорлауға, зақымданған Туды пайдалануға немесе оны коммерциялық мақсатта қолдануға тыйым салынған.
Ал тәжірибеге келсек, мемлекеттердің ұстанымы әртүрлі. Қазақстан, Өзбекстан және Ресей сияқты елдер азаматтардың Мемлекеттік Туды өз бастамасымен пайдалануына көбірек мүмкіндік береді. Ал Балтық елдерінде белгілі бір мерекелерде немесе атаулы күндерде Туды ілу заңмен міндеттелген. Кейбір елдерде Туды жарықтандыру немесе оны көтеру мен түсіру уақытына дейін нақты регламенттелген.
Қазақстан бұл тұрғыда азаматтарды міндеттеу жолын емес, олардың патриоттық бастамасын қолдау жолын таңдады. Бірақ сонымен бірге мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін сақтау үшін нақты талаптарды бекітті. Бұл – азаматтық еркіндік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған шешім.
– Мемлекеттік рәміздерге құрмет – әр азаматтың жауапкершілігі. Дегенмен заң талаптары сақталмаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған? Жалпы, заңдағы өзгерістерден кейін Геральдикалық зерттеулер орталығы қандай жұмыстарды қолға алды?
– Тәжірибеде ең жиі кездесетін мәселе – Мемлекеттік Туды орналастыру талаптарының сақталмауы. Кейбір азаматтар тозған немесе түсі оңған Туды пайдаланады, кейде оның дұрыс орналасуына мән бермейді.
Ал мемлекеттік рәміздерді қасақана қорлау Қылмыстық кодексте көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны немесе олардың бейнелерін заң талаптарын бұза отырып пайдалану, сондай-ақ Мемлекеттік Әнұранды заңнамаға қайшы орындау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке негіз болады.
Заңдағы өзгерістер күшіне енгеннен бері Геральдикалық зерттеулер орталығы түсіндіру жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мемлекеттік органдарға, білім беру ұйымдарына, спорт федерацияларына арналған семинарлар өткізіліп, әдістемелік ұсынымдар әзірленуде. Сонымен қатар азаматтар барлық қажетті ақпаратты «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен, «Заң.kz» порталынан және Геральдикалық зерттеулер орталығының ресми ақпараттық ресурстарынан ала алады.
– Сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз!