«Интерактивті ғылыми орталықтардың ұлттық желісін құрар едім»: ғалым Айнұр Көшкінбаева ғылымға көзқарасты өзгертудің жолын айтты
Ғалым Барбара Оклидің «Learning How to Learn» курсын қазақшаға аударуға қатысып, оны 4 мыңға жуық адам аяқтады
«Ғылым кітаптағы құрғақ теория емес, ол - өмірдің өзі». Спикеріміз физик-ғалым Айнұр Көшкінбаева осылай дейді. Ол лазер сәулесі мен жарықтың тылсым қасиеттерін зерттеп, күнделікті өмірге қажетті ақылды сенсорлар мен оптикалық құрылғыларды жетілдірумен айналысады. Зерттеуші Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында отандық ғылымның халықаралық деңгейге шығу жолдары, ана тіліміздегі ғылыми контенттің маңызы мен жастардың ғылымға деген құштарлығын ояту мәселелері туралы ойын бөлісті.
- Қазақстанда ғылымды насихаттауға қаншалықты көңіл бөлініп отыр деп ойлайсыз? Бұл бағытта тағы қандай шаралар қажет?
- Ғылымды насихаттау назардан тыс қалып жатқан жоқ, дегенмен, көпшілік үшін ғылым әлі де қол жетпес, тым алыс дүние сияқты көрінеді. Меніңше, елімізде кең тараған танымал платформаларда ғылыми бағыттағы контентті барынша көбейту керек. Себебі бұған деген сұраныс та, қызығушылық та бар. Тағы бір өзекті мәселе - тіл. Ғылыми-көпшілік дүниелердің басым бөлігі әлі күнге дейін орыс немесе ағылшын тілінде шығады, ал қазақ тіліндегі контент өте тапшы. Адам баласы кез келген күрделі дүниені, ең алдымен, өз ана тілінде терең түсініп, қабылдайды ғой. Өзім танымал Udemy платформасындағы Барбара Оклидің әйгілі «Learning How to Learn» курсын қазақшаға аударып, жобаға ерікті болып қатыстым. Оқырман қауым бұған қалай қарар екен деген ой болды. Жобамыз өте сәтті шықты, курсты 4 мыңға жуық адам оқып бітірді. Осыдан-ақ қазақша сапалы дүниеге деген зор сұраныстың бар екенін көріп отырмыз.
- Ғалымдардың қоғаммен байланысын қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Зерттеушілер өз жұмыстары туралы бұқараға жиі айтып отыруы керек пе?
- Ол біздің тікелей міндетіміздің бірі деп білемін. Мәселен, әр семестр сайын жаратылыстану және инженерлік мамандықтарда оқитын 700-ге жуық студент алдымнан өтеді. Ертең олардың арасынан да ғылым жолын таңдайтын зерттеушілер шығады. Ал жалпы қоғам деңгейінде алсақ, жұртшылықпен байланыс ауадай қажет. Адамдар ғалымдардың немен айналысып жатқанын біліп отыруы тиіс. Сонда ғана сенім ұялайды, ғылым тар ортада «жабық клубтың» талқылайтын тақырыбы болып қалмай, ортақ іске, ортақ мақсатқа айналады.
- Отандық ғалымдардың еңбегі халықаралық деңгейде лайықты бағалануы үшін не істеу керек?
- Біздің мамандарда талант та, табандылық та бар. Ең алдымен мықты мамандар қауымдастығы қалыптасуы керек деп ойлаймын. Француздың іргелі CEA-Leti зерттеу институтында жұмыс істеген тәжірибемнен түйгенім, халықаралық деңгейде мойындалу үшін әлемдік ғылыми қауымдастықпен иық тіресе жұмыс істеп, ортақ іске үлес қосу керек. Қазір біздің ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірлесіп мақалалар жазып жүр, әрі өз еліміз үшін де, жаһандық ғылым үшін де өзекті тақырыптарды зерттеп жатыр. Оқытушы ретінде де жастардың жаратылыстану ғылымдарына деген ықыласы артып келе жатқанын көріп жүрмін. Уақыт өте келе осының бәрі елімізде ғылыми қауымдастықтың дамуына үлесін тигізеді.
- Жастардың ғылымға деген құштарлығын ояту үшін не істеу керек? Сіз дәріс беретін студенттердің ғылымға ынтасы қандай?
- Әртүрлі дер едім. Кейбір студенттердің жаратылыстану ғылымдарына деген шынайы қызығушылығы бірден байқалады. Десе де, басым бөлігі физиканы жаны сүйгендіктен емес, оқу бағдарламасы бойынша міндетті болғандықтан ғана оқиды. Оның үстіне, көпшілігінде «физика тым күрделі» деген түсінік қалыптасқан. Мен олардың осы пікірін өзгерткім келеді. Сабақ үстінде студенттердің сұрақтарын да, қиналған есептерін де бірге талдаймыз. Міндетім – дайын жауапты тауып беру емес, мәселенің мән-жайын түсіндіру. Сонда студенттер есептерді өз бетінше шығаруға дағдыланады.
- Өз зерттеулеріңіз туралы қарапайым сөзбен айтып берсеңіз. Ғылыми еңбегіңіздің қоғамға қандай пайдасы бар?
- Мені қызықтыратын бағыт – жарықтың қасиеттері және сол жарықтың көмегімен жай көзге көрінбейтін құбылыстарды зерттеп өлшеп көру мүмкіндіктері. Мәселен, әр газ молекуласы инфрақызыл жарық спектрінің тек өзіне тән белгілі жиіліктерін ғана жұтады. Бұл оның өзіндік «таңбасы» іспетті. Оптикалық газ сенсорлары осы заңдылық негізінде жұмыс істейді, осы «таңбалар» арқылы ауада қандай газдар бар екенін және олардың мөлшерін анықтайды. Мұндай сенсорлар ауа сапасын бақылау үшін және өндіріс орындарында қауіпті газдардың тарап кетуінен алдын-ала сақтану үшін қажет. Ең қызығы, мұндағы технология жылдам интернетті қамтамасыз ететін талшықты-оптикалық байланыс желілерінде қолданылатын технологиямен бірдей. Тағы бір бағыт – материалдарды оптикалық әдіспен диагностикалау, яғни, лазер сәулесінің қалай шағылғанына қарай, материалдың ішкі құрылымындағы өзгерістерді анықтау. Робот техникасында жарықтың эластикалық материал ішінде таралуы арқылы оған сыртқы механикалық күштің қай жеріне және қандай қуатпен түскенін анықтауға болады.
- Бүгінде жасанды интеллект пен кванттық технологиялар әлемді өзгертіп жатыр. Осы жаһандық технологиялық жарыс аясында сіз дәріс беретін іргелі физика ғылымының рөлі мен маңызы қалай өзгерді?
- Жасанды интеллекттің жұмысы «темірді», чиптерді қажет етеді. Ондағы ақпарат алмасу талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жүзеге асырылады. Ал кванттық технологиялар қолданбалы физиканың бір саласы. Сондықтан осы салалардың жылдам дамуы, физика мамандарына деген сұранысты арттыра түспек. Бұл физиканы тереңдетіп оқытуға мектепте де, университетте де баса назар аудару қажет екенін білдіреді.
- Егер сізде Қазақстанда ғылымды насихаттайтын бір ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі болса, ең алдымен не істер едіңіз?
- Мен ел аумағында интерактивті ғылыми орталықтардың ұлттық желісін құрар едім. Ол жерде кез келген жастағы адам ғылымды «көзбен көріп, қолмен ұстағандай» сезіне алуы керек. Қазір көпшілікке ғылымның тым күрделі әрі жат болып көріну себебі, ғылым бізге тек мектеп оқулықтарындағы жаттанды теория арқылы ғана таныс. Егер адам өз қолымен эксперимент жасап, физикалық құбылыстарды өз көзімен көрсе, биология, химия немесе физика заңдылықтарының күнделікті өмірде қалай жұмыс істейтінін сезінсе, оның ғылымға деген көзқарасы да өзгерер еді.