Заң маманы «бір адамның құқығы – екінші адамның құқығы басталған жерде аяқталатынын» білген абзал екенін айтады
Бүгінде әлеуметтік желіде қаралым үшін жасалатын әрекеттердің шегі барған сайын кеңейіп барады. Бірі қоғамдық орында шампан атып видео түсіреді, енді бірі полиция қызметкеріне «пранк» жасап, жұртты әдейі әбігерге салады. Тағы біреулер жол қозғалысына қауіп төндіріп, оны контентке айналдырады. Мұндай оқиғалардың барлығы қоғамда қызу талқыланып, олардың авторлары заң алдында жауап беріп жатыр.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында мәселені тек айыппұл немесе жаза тұрғысынан қарастыру аз екенін айтады. Өйткені, заң қоғамдағы тәртіптің ең төменгі шегін ғана қамтамасыз етеді.
«Жалпы, айыппұл сияқты шаралар – мінез-құлықтың ең төменгі деңгейін реттеуге арналған құралдар. Заң, айыппұл, жаза адамның әрекетін сырттан бақылауға арналған. Ал ар, ұят, иман – адамның ішкі мәдениетінің өлшемі. Мәдениетті адам заңнан қорыққандықтан емес, өз ар-ұятының алдында таза болу үшін дұрыс әрекет етеді. Сондықтан өркениетті қоғамды ұстап тұрған басты күш – заң ғана емес, адамның ішкі жауапкершілігі», – дейді ол.
Заңгердің айтуынша, бүгінгі қоғамдағы басты түйткіл – адамдардың заңды білмеуі емес. Керісінше, көпшілігі заң талаптарын жақсы түсіне тұра, оларды айналып өтудің жолын іздейді немесе жауапкершілікті кейін ойлайды. «Айыппұлын төлеймін де, жүре беремін» деген көзқарас дәл осы түсініктен туындайды.
Мұндай құбылысты құқық ғылымында құқықтық нигилизм деп атайды. Яғни, адамның заңға құрметпен қарамауы, оны міндет емес, кедергі ретінде қабылдауы. Сарапшының сөзінше, бұл – жекелеген азаматтардың мәселесі емес, қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейін көрсететін құбылыс.
«Құқықтық нигилизмді құқықтық сауатсыздықпен шатастыруға болмайды. Заңды бұзатындардың бәрі заңды білмейтін адамдар емес. Көп жағдайда олар құқықтық салдарын жақсы түсінеді. Сондықтан мәселе білімнің жетіспеуінде емес, заңға деген көзқараста жатыр. Мұндай проблеманы айыппұлды өсіру арқылы ғана шешу мүмкін емес. Ең алдымен қоғамда заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру керек», – дейді заңгер.
Қаралым үшін ойға келгенді жасауға болмайды
Әлеуметтік желілерде блогерлер мен контент авторларының ықпалы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Миллиондаған адам күн сайын түрлі пранк, эксперимент, әлеуметтік ролик немесе ойын-сауық видеоларын көреді. Алайда, қаралым қуған кейбір авторлар бір маңызды нәрсені естен шығарып жатады: сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік шексіз ұғым емес.
Заңгердің айтуынша, кез келген құқықтың табиғи шекарасы болады. Ол шекара – өзге адамның құқығы.
«Заңгерлер арасында бұлжымас қағида бар: бір адамның құқығы – екінші адамның құқығы басталған жерде аяқталады. Контент жасау – әркімнің құқығы. Бірақ ол басқа адамның ар-намысына, жеке өміріне немесе заңды мүддесіне зиян келтірмеуі тиіс. Сөз бостандығы дегеніміз – жалған ақпарат тарату немесе хайп үшін қоғамға зиян келтіру емес. Нағыз сөз бостандығы – дәлелге сүйенген, қоғамға пайдалы ақпаратты жеткізу», – дейді маман.
Оның айтуынша, қоғамда «қаралым үшін бәріне баруға болады» деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Себебі миллион қаралым да заң бұзуға құқық бермейді.
«Мен тек өз оқырмандарыма көрсеттім» деген сылтау заң алдында өтпейді
Әлеуметтік желіде жалған ақпараттың тез таралуына көбіне оны қайта тарататын қарапайым қолданушылар себеп болады. Көпшілік «оны мен шығарған жоқпын, тек өз парақшамда тараттым» деп ойлайды. Алайда, заңда мұндай уәж әрдайым жауапкершіліктен босатпайды.
Егер азамат жалған екенін біле тұра ақпаратты көпшілікке таратып, соның салдарынан адамның ар-намысына, ұйымның беделіне немесе қоғамдық қауіпсіздікке зиян келсе, бұл әрекет құқықтық тұрғыдан бағаланады. Әрине, құқық қорғау органдары алдымен ақпараттың бастапқы дереккөзін анықтайды. Бірақ оны кейіннен саналы түрде таратқан адамдардың әрекеті де назардан тыс қалмайды. Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайларда жауапкершілік әкімшілік құқық бұзушылықпен ғана шектелмеуі мүмкін. Егер ақпараттың қоғамға елеулі зиян келтіргені дәлелденсе, мәселе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қаралуы ықтимал.
Біреудің бейнесі – әзілдің құралы емес
Соңғы кезде көшеде кетіп бара жатқан адамдарды рұқсатсыз түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау сәнге айналды. Біреудің тосын реакциясын көрсету, ыңғайсыз сәтін түсіру немесе күлкіге айналдыру – қаралым жинаудың кең таралған тәсіліне айналып барады. Алайда, заң мұндай әрекеттерді «әзіл» немесе «контент» деп қарамайды.
«Қазір пранк түсіремін деген желеумен адамдардың алдына барып, рұқсатсыз микрофон тосып, кейін олардың бейнесін әлеуметтік желіге жариялау жиілеп кетті. Бірақ көшеде кетіп бара жатқан адамның қандай жағдайда жүргенін ешкім білмейді. Оның жеке мәселесі болуы мүмкін, көңіл күйі болмай жүруі мүмкін немесе камераға түскісі келмеуі мүмкін. Егер адамның бейнесі келісімінсіз жарияланса, ол өз құқығын заң жүзінде қорғай алады. Мұндай жағдайларға «ештеңе етпес» деп қарауға болмайды», – дейді заңгер.
Оның айтуынша, азаматтың бет-бейнесі, дауысы және жеке келбеті заңмен қорғалады. Сондықтан көпшілік орыннан тыс жерде адамның келісімінсіз түсірілген фото немесе видеоны жариялау оның жеке құқықтарына қол сұғу ретінде бағалануы мүмкін. Егер мұндай жарияланым азаматқа моральдық зиян келтірсе, ол сот арқылы өтемақы талап етуге құқылы.
Жазылушы саны емес, салдары маңызды
Көпшілік «миллион оқырманы бар блогердің жауапкершілігі де ауыр болуы керек» деп есептейді. Алайда, заң алдында аудиториясы миллион адам болатын блогер де, бірнеше жүз жазылушысы бар қарапайым қолданушының ісі де тең қаралады. Дегенмен жарияланған ақпараттың қоғамға тигізген нақты салдары құқықтық бағалау кезінде міндетті түрде ескеріледі. Егер кең аудиторияға тараған жалған немесе заңсыз ақпарат нақты адамға, ұйымға немесе қоғамға елеулі зиян келтірсе, бұл жауапкершіліктің көлеміне әсер ететін маңызды мән-жайлардың бірі болады. Сондықтан мәселе жазылушылар санында емес, жарияланған контенттің қоғамға әкелген нақты зардабында.
Заңгердің пікірінше, әлеуметтік желі қолданушылары үшін ондаған құқықтық кеңестен гөрі бір қағиданы есте сақтаған маңыздырақ.
«Ең басты қағида – өзгенің құқығын құрметтеу. Сіздің сөз бостандығыңыз бен әрекет ету еркіндігіңіз басқа адамның құқығы мен заңды мүддесіне зиян келтірмеуі керек. Сондықтан кез келген жазбаны, фотоны немесе видеоны жарияламас бұрын әр адам өзіне бір ғана сұрақ қоюы тиіс. Яғни өзінен: «Бұл әрекетім басқа біреудің құқығын бұзбай ма?» деп сұрауы керек. Егер күмән болса, жарияламаған дұрыс. Өйткені цифрлық кеңістіктегі әр әрекет заң аясында бағаланады», – деп түйіндеді заңгер.