«Аспан адамды өзгертеді»: ұшақтың 12 түрін меңгерген ұшқыш «әр ұшақтың өз «мінезі» бар екенін айтады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Берікболсын Хабиболла аспанда жалпы 900 сағат қалықтаған 

Фото: Берікболсын Хабиболланың жеке мұрағатынан

Әуеде 900 сағаттан астам уақыт ұшқан Берікболсын Хабиболла бүгінде ұшақтың 12 түрін тізгіндейді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланына қарасты 3656 әскери бөлімінде әуе кемесінің командирі қызметін атқаратын ұшқыштың авиацияға қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Ол тоғызыншы сыныптан кейін Орал қаласындағы ұшқыштар даярлайтын оқу-техникалық мектепке түсіп, әуе кемесін басқарудың алғашқы қыр-сырын меңгерді. Кейін оқуын Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында жалғастырған.

«Ұшқыш болу тек ұшақты басқаруды үйренумен шектелмейді. Бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап етеді» дейді кейіпкеріміз. Әуе кеңістігін бағындырған маман болу үшін қандай мінез бен қабілет қажет? Жас түлектер авиация саласына келмес бұрын нені білуі тиіс? Тәжірибелі ұшқыш Берікболсын Хабиболла Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында осы және басқа да сұрақтарға жауап берді. 

Берікболсын мырза, жалпы  ұшқыштарды қалай даярлайды? Ұшақты меңгеріп кету үшін қанша уақыт керек?

–  Ұшқыш даярлаудағы ең басты талап – денсаулықтың мықтылығы дер едім. Бұл мамандыққа бет бұрған үміткер алдымен қатаң медициналық тексерістен өтеді. Денсаулығынан кінәрат табылса, ұшқыш болуға рұқсат берілмейді. Тексеру кезінде ағзаның барлық жүйесі мұқият қаралады.

Келесісі, ол –  математика мен физиканы жақсы меңгеру керек. ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсету де маңызды. Бұдан бөлек, адамның зеректігі, жауапкершілігі мен алға ұмтылысы болуы тиіс. Одан кейін талапкер арнайы оқу орнына түседі. Мәселен, әскери ұшқыштар Ақтөбедегі әскери авиация институтында даярланады. Ал азаматтық авиация мамандары Азаматтық авиация академиясында білім алады.

Оқу кезінде аэродинамика, физика және ұшақ құрылымы секілді пәндер тереңдетіліп оқытылады. Теориядан кейін тәжірибелік кезең басталады. Сол уақытта болашақ ұшқыштар әуеге ұшып, ұшақты басқаруды үйренеді. Бұл кезеңде ауа райына бейімделу, биіктікке үйрену секілді сынақтардан өтеді.

  Алғаш рет ұшақ көкке көтерілген сәтте не сезіндіңіз? Сол әсер әлі де сақталды ма?

– Әрине бұл сәт әр адамға ерекше әсер сыйлайды. Әдетте, бірінші рет нұсқаушымен бірге ұшамыз. Ұшаққа ең бірінші рет отырып, көкке самғаған кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Кей адам биіктіктен қорқады, енді бірінің  басы айналуы мүмкін.

Ал мен сол сәтте ерекше қуаныш пен еркіндік сезіндім. Дегенмен мен үшін ең ұмытылмас сәт – ұшақты алғаш рет өз бетімше басқарған кезім. Нағыз ұшқыш екеніңді дәл сол уақытта анық сезінесің.

– Сіз 900 сағаттан астам уақыт әуеде ұшқансыз. Аспан сіздің мінезіңізді өзгерте алды ма?

–  Ұшқыш мамандығы адам мінезін қатты өзгертеді. Ең алдымен сабыр сақтауға үйретеді. Кез келген жағдайда тез шешім қабылдап, өзіңе сенімді болуға баулиды.

Одан бөлек,  аспанға көтерліген сәттен бастап экипаж мүшелеріне сенуің өте маңызды талаптардың бірі болып бектіліген. Өйткені әуеде қобалжуға уақыт таппайсың, тіпті ондай уақыт болмайды да. Сондықтан ұшқыш қандай жағдай болмасын өзін де, ұшағын да аман алып шығуға дайын болуы тиіс. Осыны ескеріп, ең алдымен бұл мамандық адамға үлкен жауапкершілік пен төзімділік қалыптастырады дер едім.

–  Ұшқыштар нақты неден қорқады? Жолаушылар біле бермейтін қауіптер бар ма?

–  Әр адамның өз қорқынышы болатыны белгілі. Бірақ біздің мамандықтағы жандар белгілі бір нәрседен қатты қорқады деп айту қиын. Себебі ұшқыштар үнемі дайындықтан өтіп, білімін үздіксіз жетілдіріп отырады. Яғни, авиация саласының басты ерекшелігінің бірі – оқу ешқашан тоқтамайды. Ұшқыштар тұрақты түрде теория оқып, жаттығу жасап, түрлі сынақ пен емтихан тапсырады. Соның арқасында кез келген жағдайға дайын болады.

Жолаушылар біле бермейтін қауіптер болуы мүмкін. Дегенмен әлемдік статистика бойынша әуе көлігі ең қауіпсіз көлік түрлерінің бірі саналады. Сондықтан  авиацияда қауіпсіздікке ерекше мән беріледі.    

–  Кабинадағы ең ауыр, болмаса, ең ұзақ минут есіңізде ме? Сол сәтте не болды?

Ең ауыр сәттердің бірі ұшақ ішінде емес, парашютпен секіру кезінде болды. Әскери ұшқыштар жыл сайын міндетті түрде парашютпен секіріп, дайындалады.

Бір жолы өз қалауыммен нұсқаушымен бірге 4 мың метр биіктіктен секірдім. Сол кезде алғаш рет мұндай биіктіктен еркін құлау сезімін басымнан өткердім. Жердің саған қарай өте жылдам жақындап келе жатқанын көргенде, бірнеше секундтың өзі ұзақ уақыттай сезіледі екен. Дәл сол сәт ең қатты адреналин сыйлаған, қорқыныш пен толқуды қатар сездірген ауыр минуттардың бірі болып есімде қалды.

– 12-ге жуық ұшақ түрін басқардыңыз. Әр ұшақтың өз «мінезі» болады деген рас па?

– Иә, бірнеше ұшақ түрін басқарған кезде әрқайсының өз ерекшелігі барын анық сезесің. Оны «мінез» деп шартты түрде айтуға болады. Себебі әр техниканың басқару тәсілі мен әуедегі әрекеті бір-біріне ұқсамайды.

Әр ұшақ белгілі бір мақсатқа арналып жасалады. Соған қарай құрылымы, қозғалысы және басқару жүйесі де өзгеше болады. Сондықтан бір ұшақты меңгерген адам екіншісіне отырған кезде қайта бейімделеді.

Сол себепті әр әуе кемесіне жеке дайындалып, оның барлық ерекшелігін бөлек үйренуге тура келеді.

– Ұшақты техника емес, адам ретінде сипаттасаңыз, қайсысы ең «қырсық», қайсысы ең «сенімді» болды?

– Бұл сұраққа нақты бір ұшақты бөліп айту қиын. Себебі ұшақ – ең алдымен техника. Сондықтан оны адам сияқты «қырсық» не «мінезді» деп сипаттау дұрыс бола бермейді.

Әуе кемесінің қауіпсіз әрі сенімді ұшуының артында үлкен команданың еңбегі тұрады. Ұшаққа инженерлер, техникалық мамандар және жерде қызмет ететін өзге де мамандар жауап береді. Олар әуе кемесін үнемі тексеріп, бақылап, ақауы болса дер кезінде жөндейді.

Сондықтан ұшақтың сенімділігі тек техниканың өзіне емес, оған қызмет көрсететін мамандардың кәсібилігіне де тікелей байланысты.

– Ұшқыш мамандығын көп адам романтикаға балайды. Бірақ оның сырт көзге көрінбейтін ең ауыр тұсы қандай?

Иә, көп адам ұшқыш мамандығын ерекше әрі романтикалық кәсіп деп қабылдайды. Расында, аспанда самғап, түрлі ел мен қаланы көрудің өз әсері бар. Бірақ бұл мамандықтың сырт көзге байқала бермейтін қиындығы да аз емес.

Ең алдымен, ұшқыш үнемі оқу мен дайындықтың ортасында жүреді. Бұл салада білім жетілдіру ешқашан тоқтамайды. Ұдайы жаттығу жасап, сынақ пен тексерістен өтіп отыру қажет.

Сонымен қатар , жоғарыда айтқандай денсаулыққа қойылатын талап өте жоғары. Ұшқыштар тұрақты медициналық тексеруден өтіп, денсаулығын үнемі бақылауда ұстайды.

Жұмыс тәртібінің де өзіндік қиындығы бар. Кейде күн мен түнге қарамай қызметке шығуға тура келеді. Уақыт белдеуі жиі ауысады, кез келген сәтте ұшуға дайын болу қажет. Сондықтан бұл мамандық тек романтикадан тұрмайды. Оның артында үлкен тәртіп, төзім мен жауапкершілік жатыр.

– Айтпақшы, қызметіңізге байланысты, үйде жиі болмайтыныңыз белгілі. Бұған отбасыңыз бен жақындарыңыз қалай қарайды ?

– Әрине, ұшқыш мамандығының отбасыға байланысты өзіндік қиындығы бар. Келіншегім екеуіміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз.  Бұл жұмыспен үйде жиі бола бермейсің. Кейде жоспардан тыс шұғыл ұшуға шығатын кездер болады. Соған қарамастан жанұям оған түсіністікпен қарайды. Олар мені әрдайым қолдап жүреді.

Ата-анам да осы мамандықты таңдаған сәттен бастап сенім білдіріп келеді. Әр сапарға шыққанда амандығымды тілеп, уайымдап отырады.

–  «Осы рейс өмір бойы есімде қалады» дейтін ерекше жағдай болды ма?

Меніңше, бұл сұраққа көп ұшқыш бірдей жауап берер еді. Себебі ұшқыш үшін әр рейс ерекше. Бір-біріне дәл ұқсайтын ұшу сапары болмайды.

Әр сапар әртүрлі әуежайда, әртүрлі ауа райында өтеді. Оған қоса әуе кемесінің салмағы, техникалық жағдайы және ұшқыштың көңіл күйі де әсер етеді. Сол себепті әр ұшу мен қонудың өз ерекшелігі бар.

Сондықтан әр рейс ұшқыш жадында өзінше сақталады деп ойлаймын.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Әрдайым сәтті ұшып, сәтті қонып жүре беріңіз!