«Белгісі 1 айдан 1 жылға дейінгі аралықта білінуі мүмкін»: дәрігер иттен жұғатын құтыру дертін тек вакцина жеңе алады дейді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Дәрігер маман ит тістегеннен кейін барынша уақыт жоғалтпауға тырысу керек екенін де қадап айтты

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Иттен келетін қауіп – оның адамды қауып алған сәті. Ал егер ол жануар құтырған болса, жағдай мүлдем қиын болатыны айтпасақ та белгілі. Ит тістеген кезде инфекцияның таралып кетпеуі үшін не істеу керек? Және оның өлшенген уақыты бар ма? Осы сұрақтарға инфекционист Жадырасын Қалдыбайқызы Azattyq Rýhy редакциясына берген сұбатында айтып берді.

– Жадырасын Қалдыбайқызы, кейде ит тістегенде оны елей бермейтін жандар бар. Әсіресе ауруханаға талай жол жүріп баратын ауыл тұрғындары жануар салған жараны емдеп қажет емес деп санауы мүмкін. Жалпы ит тістеудің арты неге алып келеді? Алғашқы көмек көрсету неге маңызды?

– Алғашқы көмек өте маңызды. Яғни жараны кемінде 15 минут бойы сабынды сумен жуып,  біраз уақыт ағын сумен шаю керек. Одан кейін жара орнын хлоргексидин, бетадин немесе сутек тотығы сияқты антисептик түрлерімен  залалсыздандырған маңызды. Тістелген не тырналған жердің айналасына спирт жағуға да рұқсат етіледі

– Иттің қай жерге ауыз салуы ең қауіпті дер едіңіз?

– Қай жерді тістемесін, бәрі де қауіпті әрине. Дегенмен ең  қатерлісі – бет, мойын, бас және қол, әсіресе саусақтар. Себебі бұл аймақтар миға жақын орналасқан, сондықтан вирус жүйке жолдары арқылы тезірек таралуы мүмкін. Терең, қан шыққан жаралар мен бірнеше рет тістелген жағдайлардан да қорқу керек. Тіпті жануар киімнің сыртынан тістесе де, егер ол жерде тері зақымданып, жара пайда болса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, вакцина алу қажет. Жануар тырнап кеткен жағдайдың өзінде де сақ болған жөн. Бірақ тері бүтін болса, қауіп төменірек, дегенмен бәрібір жағдайды маман бағалағаны дұрыс.

– Егер ит қапқаннан кейін дәрігерге қаралмаса не болуы мүмкін? Оқырманды құлаққағыс етсек...

– Ит тістегеннен кейін құтыру дертін жұқтыру қаупі жоғары. Өйткені дәл сол мезетте барлығы қалыпты болып тұрса да, құтырудың инкубациялық кезеңі, яғни белгілердің пайда болу уақыты 1 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін.  Бірақ көбінесе ауру 30–90 күн аралығында байқалады. Алғашқы белгілеріне әлсіздік, дене қызуы, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жара орнында ашу, шаншу немесе қышу, мазасыздық пен ұйқының бұзылуы жатады. Ауру асқынған кезде су ішуден қорқу (гидрофобия),  жұтынудың қиындауы, құрысулар, агрессия немесе қатты қозу, салдану және есінен тану сияқты ауыр белгілер пайда болады. Ең соңғы сатысында бұл ауру өлімге әкелуі мүмкін.

– Жалпы құтыру дерті қалай жұғады?

– Егер тістеген жануар осы инфекциямен ауырса құтыру оның сілекейі арқылы жұғады. Вирус көбіне тістеу кезінде немесе ашық жараға сілекей түскен жағдайда беріледі. Дегенмен, кез келген ит тістеген жағдайда міндетті түрде құтыру жұғады деуге болмайды. Бірақ егер жануар ауру болса, жұғу қаупі өте жоғары болады. Сондықтан егер ит үй жануары екені белгілі болып, бірақ оның вакцинасы белгісіз болса, жараны дереу өңдеп, медициналық мекемеге жүгіну қажет.  Жануарды 10 күн ветеринарлық бақылауда ұстау да ұсынылады. Дәрігер жағдайды бағалап, қажет болған жағдайда вакцина тағайындайды. Көп жағдайда қауіптің алдын алу үшін екпе алу ұсынылады.

–Енді осы жағдайда екпе алудың маңыздылығы туралы айтып өтсеңіз...

– Әлбетте. Құтыруға қарсы вакцинаны мүмкіндігінше ерте бастаған дұрыс. Ең тиімдісі – тістегеннен кейін сол күні, алғашқы сағаттардың ішінде алу керек. Бірақ қандай да бір себеппен кешеуілдеп қалған жағдайда да екпеден бас тартуға болмайды. Егер адамда құтырудың клиникалық белгілері әлі басталмаса, вакцина кеш басталса да қорғаныс бере алады. Дегенмен, екпе неғұрлым ерте салынса, оның тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Балалар үшін бұл инфекция ерекше қауіпті, өйткені олар тістелгенін байқамауы немесе айтпауы мүмкін. Сонымен қатар, балаларда жүйке жолдары қысқа болғандықтан, ауру белгілері тезірек дамуы ықтимал.  

– Кейде ауруханаға баруға алыссынып, үйде-ақ амалын табармыз деген кез болады. Осы туралы не айтасыз?

– Айтатыным, құтыруға қатысты халық емдерінің ешқайсысы көмектеспейді. Бұл аурудың алдын алудың жалғыз тиімді жолы – вакцина.  Ал егер аурудың клиникалық белгілері пайда болып қойса, өкінішке қарай, ешқандай ем көмектеспейді және бұл жағдай көбіне өліммен аяқталады.  

– Естуімше, екпенің өз күнтізбелік реті бар сияқты...

 Вакцина бірнеше рет егіледі. Көп елде қолданылатын негізгі схема бойынша екпе ит қапқан күні, 3, 7 және 14-күндері салынады, ал кей жағдайда 28-күні қосымша доза беріледі. Бұл нақты жағдайға және медициналық хаттамаға байланысты өзгеруі мүмкін.

– Сұхбатыңызға рақмет!