«Итке қалдық беріп асырап, артынан мені қапты деп ренжімеңіз»: зоолог қоғамдағы ит асырау мәдениетін түсіндіріп берді
Зоолог маман Сергей Головенко ит ұстаудың өз мәдениеті бар екенін айтады
Ит асырау жай ермек емес, бұл шын мәнісінде жауапкершілік. Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат берген зоолог маман адамдар өзіне тән жаратылысы мен мінезі қалыптасқан тірі жанды қамқор боламын деп қолға үйреткенде оған уақыттан бөлек қаражаттың да кететінін біліп барып, шешім қабылдаса екен деп дабыл қағып отыр.
Күнделікті тәртіпке үйрету, серуенге шығару, тамақтандыру – бұл ит ұстайтын жанның алдағы 12-13 жыл бойы арқалайтын міндеті. Одан жалтарып, төртаяқты жаратылысты қалай болса солай ұстаса – ол адамның қоғам алдында жауапсыз екенін білдіреді дейді зоолог Сергей Головенко.
Маманның айтуынша, иттің тамағы дегенде ол дастарханнан қалған қалдық емес, дұрыс азық болғаны абзал. Орны – өзін ешкім мазаламайтын жеке бұрышы деген сөз. Ал итті серуенге шығару – бес минутқа сыртқа жіберу емес, оны жүгіртіп, ойнатып, бар энергиясын шығаратын жеткілікті уақыт керек. Мұның барлығы болмаса ит жалығып, мінезі бұзыла бастайды. Сәйкесінше жан-жағына қауіп төндіреді.
«Және ең алдымен итке құтыруға қарсы екпе салу керек. Бұл заң бойынша да міндетті екені айтқым келеді. Одан кейін оба, энтерит, гепатит, лептоспироз сияқты кешенді екпелер легі тағы бар. Өйткені екпесіз ит айналаға қауіп төндіруі мүмкін. Егер ол біреуді тістеп алса, алдымен иесінің тарапына сұрақ туындайды. Кейін итіңізден де айырылып қалуыңыз мүмкін», - дейді зоолог маман.
Одан бөлек, иттерді үнемі байлап ұстайтын жандар бар. Міне, осындай адамдардың іс-әрекетінен өткен-кеткенге тұра шабатын, тіпті талап тастайтын иттер шығады екен. Өйткені онда қозғалыс, қарым-қатынас, бастысы – тәрбие жоқ. Яғни жануарға шекара деген ұғым жат. Не қорқытып-үркітіп ұстаған. Осы жерде ол өз-өзін қорғауға мәжбүр болады, дейді маман.
«Кейде иттің бір жері ауырып тұрады. Сол кезде қабуы мүмкін. Негізі агрессия өздігінен пайда болмайды. Жануар не дұрыс өсірілмеген, не иесі дым үйретпеген»,-дейді маман.
Мәселен көбіне ауылдық жерде итке жануар емес, құрал сияқты қарайды. Байлап қояды, алдына тамақ қалдықтарын тастайды да, ұмытып кетеді. Кейде ол да жоқ. Бақылаусыз ит жиі күшіктей береді, кейін олар топтасады, малға шабады, адамдарды қорқытады. Бұл – жауапсыздықтың тұйық шеңбері дегенді айтады Сергей Головенко.
«Ал қаңғыбас иттерде жағдай бөлек. Ол жерде табиғаттың заңы бар. Бұралқы иттердің адамға шабуы – ең алдымен алдындағы іздеп тапқан қорегі пен аумаған қорғаудың салдары. Тағы бір ескеретін жайт, жалғыз жүрген ит қорқақ болуы мүмкін, ал топта мүлде өзгереді: бір-бірін айдап, адамнан қорқу сезімі жойылады. Бұған қоса «иттердің күйек кезеңі» деген бар – сол кезде гормон әсері күшейіп, кез келген адам оларға қауіп тудырып тұрған сияқты көрінеді. Қысқасы, үйдегі иттің басты мәселесі – тәрбие, көшедегі итте – жаратылысы», - дейді зоолог маман.
Маманның айтуынша, егер адам жүгірсе, қолын сермесе немесе велосипедпен өтсе, ит оны «қашып бара жатқан нысан» ретінде көретіні анық. Одан бөлек «үйір әсері» де болады екен. Яғни, біреуі үрсе, қалғаны қосылады. Иттің түсінігінде бұл «агрессия таныту» емес, «өзін қорғау» болып саналады.
«Көшеде тамақ бар жерде (ашық қоқыс, подъезд маңында тамақ қалдықтарын қалдыратындар) және жауапсыз жандар тастап кететін ит пен күшік азаймайынша, иттер де қоғамқа қауіп төндіруін жалғастыра береді. Егер иттің иесі болмаса және ол аз да болса агрессия көрсетсе, оны қайтадан көшеге жібермей, ортадан алып тастау керек», - дейді Сергей Головенко.
Одан бөлек ит тіркеуде болуы тиіс, дейді маман. Чип, ветеринарлық паспорт, барлық екпесі түгел болу керек. Егер ит қараусыз жүрсе немесе біреуге шабуыл жасаса, жануардың иесі қомақты айыппұл төлегені абзал. Сонда ғана адам ит асырар алдында ойланады деп қорытындылады ойын зоолог.