Декретке 4,2 млн теңгемен шыққаны үшін 6 жылға сотталды: Ертаев әлеуметтік қорды алдағандар туралы айтты
Әлеуметтік сақтандыру қорына қатысты тоғыз іс бойынша сот шешімі шықты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев декреттік төлемдерді заңсыз алу үшін жасалған алаяқтық схемалар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бес түрлі әлеуметтік төлемді жүзеге асырады, соның ішінде бала тууға және оның күтіміне байланысты берілетін қаражат та бар.
«Шынында да, әлеуметтік сақтандыру қорына қатысты бірқатар іс қозғалды. Қазіргі таңда соның тоғызы бойынша сот шешімі шықты. Мысал келтірсек, Ақтөбе облысында бір азаматтың 17 түрлі көзден төлем алғаны анықталды. Оның табысы шамамен 4,3 миллион теңгеге дейін көтерілген. Бұл жерде әртүрлі схемалар арқылы жасалған әрекеттер туралы айтып отырмыз. Барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды, сот шешімі шықты. Нәтижесінде олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Ақтау қаласында да осындай схема анықталды. Ол жерде әртүрлі жеке кәсіпкерлер арқылы төлемдер жүргізіліп, табыс көлемі 4,2 миллион теңгеге дейін жеткізілген. Бұл іс бойынша да қылмыстық іс қозғалып, материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Сот үкімі шығып, тиісті тұлғалар сотталды», - деді Ертаев.
Министр әлеуметтік қордағы мұндай заңсыз схемалар жою бойынша жұмыстың тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын атап өтті.