Семейде күтуші әйел 90 жастан асқан кейуанаға қорлық көрсетіп келген (ВИДЕО)

Полиция департаменті күтуші әйелді қорлау бойынша ғана жауапқа тартпақ

Семейде күтуші әйел 90 жастан асқан кейуанаға қорлық көрсетіп келген (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Семей қаласында күтуші әйел 91 жастағы әжейді жүйелі түрде қорлап, балағаттап келгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желідегі мәліметке сүйенсек, Семей қаласында әйел адам 91 жастағы әжесіне күтуші жалдаған. Арада көп ұзамай, күмәнді жағдайлар туындаған соң үйіне жасырын бейнекамера орнатқан. Міне осыдан кейін барып, күтушінің былығы анықталды. Видеоға назар аударсақ, шапалақпен ұрған дауысты да байқауға болды.

Кейуананың туыстары полицияның күтуші әйелді тек қорлау фактісі бойынша ғана жауапқа тартпақшы екенін айтып отыр.

«Абай облысының Полиция департаменті қарт әйелге дұрыс қарамау (қатыгездік таныту) туралы жарияланым фактісі бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлайды. Тексеру барысында қарт әйелді күтіп-баққан азаматша анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Істің мән-жайын анықтау нәтижелері бойынша оның әрекеттерінен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген балағаттау (қорлау), яғни басқа тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін қасақана қорлау белгілері байқалады», – делінген ПД хабарламасында.