Отандық зерттеулерді бүгінгі күнге дейін халықаралық ғылыми орта тек шетелдіктер арқылы таныды
Қазақ жері - көне тарихтың қоймасы. Сондықтан да еліміздің археологиясы әлемдік ғылым үшін айрықша маңызға ие. Соңғы жылдары отандық археология жаңа деңгейге шығып, халықаралық ғылыми қауымдастықта өз орнын нығайтып келеді. Саладағы өзекті мәселелер, ірі жаңалықтар мен болашақ бағыттар туралы тарихшы, археолог, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлымен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасты.
– Қазіргі таңда Қазақстан археологиясының әлемдік ғылыми кеңістіктегі орнын қалай бағалайсыз?
– Ең алдымен Қазақстанның Еуразияның қақ ортасында орын тебуі мен адам баласы миллион жыл бұрын қоныстанған еліміздің кең байтақ, әрі басқа елдерде кезіге бермейтін бірнеше табиғи-географиялық аймақтардан тұратындығын айрықша айту керек. Осы ерекшелігі мен «аспан астындағы музей» саналатын еліміздегі ескерткіштердің – заттай деректік қорының аса молдығы әлемдік ғылыми кеңістікте маңызды орын алатындығын көрсетеді. Еуразия археологиясы бойынша қандай да бір хронологиялық шеңбердегі мәдени-тарихи процестерді зерттеуде қазақстандық материалсыз толыққанды зерттеу жүргізеді және шынайы қорытынды жасайды деу қиын.
Сексен жылдық тарихы бар Қазақстан археология ғылымының негізін қалаушылар мен бас өкілдері Ә. Марғұлан, К. Ақышев сынды аға буын ғалымдарымыз өткен ғасырдың 50–70 жылдары әлемді мойындатқан тың жаңалықтар ашты. Зерттеулері әлі күнге дейін өзекті. Ал тәуелсіздікпен тең құрдас Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының құрылғанына биыл 35 жыл. Институттың ғалымдары сонау қиын 90-жылдардан бері әлемдік сенсация деп танылған сан жаңалық ашып, ғылыми жарияланымдар жасады. Қазақстан археологиясы әлемдік ғылымда әрқашан күн тәртібінен түскен емес.
Мәселен, жылқыны алғаш Қазақстанда қолға үйрету, Ботай мәселесі бүгінге дейінгі ең резонансты тақырып. В.Ф. Зайберттің халықаралық әріптестіктегі зерттеулері Nature және Science журналдарында жарияланып, жаһандық пікірталас тудырды. Пікірталас әлі жалғасуда.
Қазақстан аумағын алғашқы адамдардың қоныстану тарихы, әлемдік көне миграция мәселесінде Еуропа мен Азия арасындағы мәдени көпір – Қазақстанның орнын ашу тағы бір өзекті жаһандық мәселе. Осы тақырыпта академик Ж. Таймағамбетов жетекшілік ететін қазақ-жапон, қазақ-герман, қазақ-ресей топтары палеолит кезеңінің жаңа тұрақтары мен үңгірлерін ашып зерттеуде. Қазақстанның тас дәуірін зерттеушілер еңбегінің әлемдік деңгейде мойындалуына бір мысал – 1890 жылдан жарық көретін Францияның «L'Anthropologie» журналының 2025 жылғы арнайы саны «Préhistoire du Kazakhstan» атпен Қазақстанның тас дәуіріне арналуы, Scopus базасындағы бұл журналдың арнайы нөмірінде қазақ ғалымдарының он мақаласы жарияланды. Арал өңіріндегі С. Рахимжанова ашқан тың жаңалықтар бүгінде француз археологтарының назарын аударып отыр. Менің мысал ретінде сізге айтып отырғаным, тек Қазақстанның тас дәуірі бойынша зерттеулері ғана. Ал әлем мойындаған қола мен ерте темір дәуірлері, ортағасыр және қазақ кезеңі бойынша ашылымдар мен жарияланымдарды сағаттап айтуға болады.
Тағы бір көрнекті мысал – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне Қазақстаннан 9 археологиялық ескерткіш енді. Екі номинацияға біріктірілген 10 ескерткіштің құжаты өткізілді. Алдын-ала тізімде 15 ескерткіш тұр. Әр ескерткіштің аутентикалығы, сақталу деңгейінен тыс бүкіләлемдік мұралар тізіміне әлемдік ғылымда мойындалмай енбейтіндігін ескерсек, бұл қазақ археологтарының көпжылдық еңбектерінің жемісі, Қазақстан археологиясының жетістігі деп білемін.
– Отандық мамандардың зерттеулері халықаралық беделді басылымдар мен жаһандық деңгейдегі ғылыми пікірталастарда қаншалықты ескеріліп жүр?
– Бұл жерде бір мәселені айтып өту керек. Басында атап өткендей, Еуразиядағы ең ірі деректік қорға ие Қазақстандағы отандық зерттеулерді бүгінгі күнге дейін халықаралық ғылыми орта тек әріптестеріміз – шетелдіктер арқылы таныды. Бастапқы дереккөз ретінде сол шетелдік ғалымдардың мақаласы саналды, соған сілтеме берілді. Біздің орыс және қазақ тіліндегі жарияланымдарымызды қарамады (әрине бұл олардың кемшілігі). Олардың пайымы рас саналды. Осылай Қазақстан шетелдік ірі зертханалар мен ғалымдарға тек материал беруші ғана болды. Ғалымдарымыз тапқан тың жаңалықтарын шетелдік әріптестеріне беріп, беделді журналдардағы мақалаларға тек «қосалқы автор» ретінде жүргенін қанағат тұтты. Бізде заманауи зертханалар мен халықаралық деңгейдегі мамандар жетіспесе де, ғалымдардан бірден әлемдік деңгейдегі (Scopus, WoS) мақалалар жазуды талап етті. Өз жәдігерімізді өзіміз зерттейтін жағдай болмағандықтан, ғалымдардың шетелге тәуелді болуынан басқа амалы қалмады.
Дегенмен Қазақстан археологиясы жарияланымдар бойынша сапалық жаңа деңгейге шықты. Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты шығаратын «Қазақстан археологиясы» журналы 2025 жылы үлкен жетістікке жетті. Ол халықаралық беделді рейтингте ең жоғары санатқа - бірінші квартильге (Q1) енді. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласындағы алғашқы жоғары көрсеткіш.
Қазіргі таңда Орталық Азия, Кавказ, Моңғолия елдері археологтарының пәнаралық зерттеу салалары бойынша ағылшын тіліндегі ғылыми журналын ашу күн тәртібінде тұр. Ортақ келісім бар. Бұл да бір жаһандық ғылыми пікір-таласқа өз пікірімізді өзіміз қосу. Институтымызда антропология, зооархеология, реставрация және археометрия бойынша заманауи зертханалар ашылып, кадрлар дайындау ісі қолға алынды.
Франция ғалымдарымен бірлесіп, халықаралық «ERC Horsepower» жобасына қосылдық. Жобада әлемдегі жоғары палеолиттен ортағасырларға дейінгі жылқыны қолға үйрету, өсіру және соған қатысты ғұрыптық практикалар ежелгі ДНК арқылы талданады. Бұл Ботай тақырыбының жалғасы. Жапония ғалымдарымен Шу мен Талас өңірінің ортағасырлық қалаларын, ал Қытаймен бірлесіп Алтай тауларындағы көне металлургия ошақтарын зерттеуді бастадық. Германиямен бірге Арал маңындағы Жетіасар мәдениетін, ал Польшамен Карпаттан Алтайға дейінгі аумақтың ежелгі адамдарын зерделеп жатырмыз. Кореяның ұлттық мұра университетімен кадр дайындау бойынша келісімшартқа отырдық.
– Соңғы жылдары Қазақстанда табылған ең маңызды археологиялық жаңалықтарды атап өтсеңіз. Бұл жаңалықтар Қазақстан тарихын қайта қарауға қаншалықты әсер етті?
– Әр ескерткіш – сол тарихи кезең жайлы қайталанбас мағлұмат берер кеніш. Жылына еліміз бойынша бейресми дерек бойынша үш жүзден астам далалық археологиялық зерттеулер жүргізілетінін ескерсек, әлемдік деңгейдегі ашылымдар болары анық. Соңғы жылдардағы зерттеулер Қазақстанның тас дәуірі тарихына соны жаңалықтар қосты.
Ерте палеолит. Жетісу өңірінде «Тянь-Шань ориньягы» атты мәдениет (Майбұлақ, Ұзынағаш тұрақтары) ашылды.
Мезолит пен неолит. Кереку өлкесіндегі Шідерті мәдениеті зерттеліп, Абай облысындағы Көкентау кешенінен ең көне адам сүйегі табылды.
Энеолит. Атырау облысының Тайсойған құмынан энеолиттік адамды жерлеу ғұрпына қатысты тас білезіктер мен теселер, тас балта, рectunculus қабыршағының жармасынан жасалған алқа, dentalium моллюск қабыршақтарынан жасалған тізбек-моншақтар т.б. жәдігерлердің табылуы ғылыми құнды, маңызды жаңалық саналады.
Кейінгі бес жылда Қола дәуірі бойынша атқарылған жұмыстар тарихымызды жаңа қырынан ашты.
Көне металлургияның ошақтары: Жетісу (Кеген), Қазақ Алтайы (Ақбауыр), Ұлытау және Ақтөбе өңірлерінен ежелгі тау кен орындары мен қоныстар табылды.
Ерекше жерлеу ғұрыптары: Сарыарқа мен Қаратау өңірлерінен елуден астам бірегей кешен табылды.
Жартас суреттері: Жетісудағы Архарлы, Дауылбай сияқты жерлерден петроглифтердің үлкен шоғырлары ашылып, зерттелу үстінде.
Ертіс бойында орналасқан, аумағы 140 гектарды құрайтын ертеқалалық типтегі Жетіжар (Семиярка) қонысы туралы 2025 жылы шетелдік авторлармен бірлесіп жарияланған мақала мен CNN арнасындағы бағдарлама шыққаннан кейін, бұл нысан Қазақстан қоғамында сенсациялық жаңалық ретінде кеңінен талқыланды. Алайда ескерткішті 2000 жылдың басында В. Мерц жетекшілік ететін Павлодар археологиялық экспедициясы ашқан еді. Сол жылдардан бері ескерткіш қаражатқа сай ара-кідік зерттелуде.
Ақтөбе облысынан ғұн-сарматтық кезеңнің бес жүзден астам бұрын ғылымға белгісіз қорымдарының ашылуы тың жаңалыққа жатады. Маңғыстаудан Каспий теңізі жағалауынан I–VI ғасырлардың ортасына жататын қала типіндегі Қарақабақ порттық қонысының ашылуы әлемдік сенсация саналды. Осылай тізбектей берсең, тек ғылыми орта ғана білетін жаңалықтар көп. Көне түркі кезеңі бойынша Тарбағатайдағы Елеке сазы ғұрыптық кешені мен одан табылған екі жылқы басты тақта отырған қағанның алтын қапсырмасын ауыз толтырып айта аламыз.
Ерекше назарда – Алтын Орда, Шағатай археологиясы. Алтын Орда кезеңіне қатысты зерттеулер Жошы, Болған ана, Жәнібек Шалқар, Әулиекөл, Қызылоба сынды мазарлар мен қорымдарда, Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент, ескерткіштерінде жүргізілді. Соңғы жылдың соны жаңалығы ретінде Сығанақ қаласындағы мавзолейлердегі зерттеулерді атап өтер едім.
– Отандық археологияда әлі де болса жүйелі зерттеуді қажет ететін «ақтаңдақ» кезеңдер немесе ескерткіштер шоғыры бар ма? Біздің тарихымыздағы қай дәуірдің материалдық мәдениеті әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр?
– Бүгінгі күн тәртібінде Қазақстан археология ғылымының тұжырымдамасы қайта қаралуда. Теориялық және ғылыми әдістемелік жағынан кеткен олқылықтарды ретке келтіруіміз керек. Басты міндет – сексен жылдық академиялық жолдағы барлық мағлұматтарды жинақтау, электронды форматқа көшіру, ашық қор жасақтау, жүйелеу және талдау арқылы кешенді зерттеулер жүргізу. Қазақстан археологтарының ашық кітапханасы жасақталып, салаға қатысты барлық жарияланымдар толық цифрлы форматқа көшірілді. Институттың ғылыми архиві да толық сканерленді. Қазіргі таңда Қазақстандағы археологиялық жұмыстардың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі жасақталуда.
Ал енді Қазақстан археологиясындағы «ақтаңдаққа» келсек, әр тарихи кезең бойынша баршылық. Тас дәуірі бойынша жоғарыда айтып кеткендей, алғашқы адамның қазақ жерін қоныстану мәселесін терең зерттеу керек. Соңғы жылдары Қазақстан шекарасынан жүзге жуық шақырым жерден, Таулы Алтайдағы Денисово үңгірінен алынған остеологиялық үлгілерге жүргізілген палеогенетикалық талдаулар нәтижесінде бұрын ғылымға белгісіз гоминин тобы – денисовалықтар анықталуы Қазақстандағы, соның ішінде Қазақ Алтайындағы ежелгі үңгірлерді зерттеуді басқа тәсілмен халықаралық топ құра жалғастыруды қажет етеді. Биыл Институтымыз Францияның CNRS ғылыми мекемесімен келісімшартқа отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлескен ауқымды іздестіру жұмыстарын бастайды.
Осы кезең бойынша ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің қолдауымен 2022–2024 жылдары арнайы жоба іске асырдық. Тың тақырып болғандықтан, алынған нәтижеден қойылған мәселе көп. Сондықтан да осы кезең бойынша Торғай «геоглифтерінен» бастап көне түркілерге дейінгі Қазақстанның әр өңіріндегі ірі кешендерде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тарихтың жаңа қырларын ашу қажет. Ежелгі және ортағасырлардағы көшіп-қону, мәдени алмасулар, сауда жолдары тақырыбы да бүгінде өзекті. Қола дәуіріндегі мыс, қалайыны тасымалдаудан бастап сақтардағы дала жолы, ортағасырдағы Қазақстанның батысы, шығысы, орталығы мен солтүстігіндегі жолдарды зерттеп ашу академик Қ. Сәтпаевтың Жезқазған кен орнын қола дәуіріндегі шахталарды зерттей отырып ашқанын ескерсек, бүгінгі өңірлік ғылымды, инновацияны, логистиканы дамытуда археология ерекше рөл атқаруы тиіс. Қазақ археологиясында соңғы жылдары көне түркі, кимек, қыпшақ, оғыз, алтынорда, шағатай кезеңі ескерткіштерінің зерттелуі кенжелеп қалды. Көне түркілік қағандық кешендер Елеке сазы мен Шәлкөдені зерттеу аса өзекті.
– Қазақстанда археологиялық ескерткіштерді сақтау мәселесі қаншалықты өзекті? Заңсыз қазба жұмыстары мәселесі бар ма?
– Біздің ашқанымыз, зерттегенімізден антропогенді және техногенді әсерден жоғалтқанымыз көп. Сондықтан да Мемлекет басшысы Заңға өзгеріс енгізе отырып, археология саласын реттеуді тапсырды. Өткен жылдың соңында қажетті Заңға өзгеріс енді. Алдымен археологиялық ескерткіштерді сақтау мен қорғау саласына аса көңіл бөлінетін болады. Ол үшін алдымен Қазақстандағы жергілікті және республикалық маңызы бар ескерткіштердің толық базасы жасақталады және машиналық оқыту, жасанды интеллектіні пайдалана отырып, еліміз бойынша тарих пен мәдениет ескерткіштерінің қорын жасақтау жұмысы жергілікті ескерткіштерді қорғау мекемелерімен бірлесе отырып жалғасады. Әр облыстың әкімшілік аудандары бойынша ескерткіштер жинағын дайындау жұмыстары да басталып кетті. Қазіргі таңда Институт қызметкерлері Ақтөбе облысының үш ауданы, Ақмола облысының үш ауданы, Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданы, Абай облысының бір ауданы бойынша деректер базасын жасақтады. Яғни, даладағы әр ескерткіштің өз төлқұжаты мен бірегей көпқабатты ескерткіштің (қала) зерттелу тарихы болмай, тонау тоқтамасы анық.
Заңсыз қазба жұмыстары мәселесі бар. Ол бойынша Қазақстандағы археологиялық жұмыстарды үйлестіріп, мониторинг жасайтын Ұлттық археологиялық қызмет құрылатын болады. Қызмет бұдан былай жергілікті ескерткіштерді қорғау мекемелерімен бірлесе отырып, лицензиаттың қайда, нендей ескерткіште, қандай әдістемеге сай қазба жасағандығын, есептің тапсырылуын, жәдігерлер мен ғылыми үлгілердің тапсырылуын қадағалайды. Қазба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жылдық жоспарға сай жүргізіледі. Жоспарға енбеген далалық қазба жұмыстары заңсыз деп танылады. Археологиялық қазба барысында табылған жеке жәдігерлер музейлерге, ал жаппай жәдігерлер, антропологиялық және зооархеологиялық материалдар мен ғылыми үлгілер Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты жанынан құрылатын Ұлттық депозитарийге өткізілуі тиіс. Бұл жағдайда әр қазба авторының хұқығы қорғалады және сыртқа материал мен үлгі жіберу реттеледі деген сөз. Өз тарихымызды өзіміз жазуға мүмкіндік болады. Биылдан бастап осылай бірлесе атқарып шешетін жұмыстар бар. Қабылданған шешімнің өміршеңдігін уақыт көрсетер.