«Ұрлыққа құштарлық» дерті: Қазақстанда клептоманияға шалдыққан адам қылмыстық жазадан құтыла ала ма
Диагноздың ресми атауы – «Ұрлыққа патологиялық құштарлық (клептомания)» және ол F63 коды бойынша тіркелген
Жуырда Azattyq Rýhy редакциясына кіші баласымен декреттік демалыста отырған А.есімді әйелден аянышты хат келді. Үш баласы бар ана көп адамға ашық айта алмайтын уайымын айтып, соның шешімін тауып беруді сұрады. Сұхбатымыздың басында сол ананың хатын қаз-қалпында жарияласақ:
«Мен 13 жастағы ұлыма қатысты мәселені аноним түрде айтып бергім келеді. Бұндағы басты мақсатым – балама көмектесу. Сондықтан, материал жазып, жол сілтесеңіздер еді. Менің жасым 34-те. Екі ұлым бар. Үлкені 13 жаста, кішісі 10-да. Сол 13 жастағы ұлымның сұғанағы бар болып шықты. Өзім емханада медбике болсам да бұрыннан келе жатқан әрекеттері үлкен дертке апаратынын білмегеніме налып отырмын. Оқырмандарға түсінікті болу үшін, қысқаша айтып берейін: оның сұғанақтығы негізінен бала кезінде басталыпты. Өйткені, есіме алып отырсам, мектепке енді барған кезінде менің сөмкемді ашып, ақша болса ала беретін. Әкесінің қалтасын, менің қалтамды да ақтарып, ақша алатын. Үйде ақша тұратын жер болса солардан да ала беретін. Біз баламыз болған соң солай болу керек шығар деп ойладық. Мән бермедік, тіпті ақшамыз азайып қалса не жоқ болып кетсе ұлымның алғанын біліп жүре беретін едік. Сөйтіп, ол мектептен басқа әртүрлі үйірмелерге баратын болды. Жуырда каратэ үйірмесінен жылап келді. «Жаттықтырушы мені киім ауыстыратын бөлмеде сабады» деді. Әрине, ашуға басып, ұлымды жетектеп жаттықтырушысына бардым. Үстінен арыз жазамын дедім. Сол кезде жаттықтырушысы мені жеке шақырып алды да: «сіз балаңыздың сұғанағы бар екенін білесіз бе? Мен оны қатты ұрған да жоқпын, тек оның болашағы үшін осылай істеуге мәжбүр болдым. Залға келетін балалардың жеке заттарын ақтарып, ақша мен ұсақ-түйек заттарын ұрлап алыпты. Оны көрген балалар маған келіп айтқанда, «арыз жазбаңдар, өзім сөйлесемін» деп әрең қойдырдым. Егер мен қатты айтпасам, балаңыздың үстінен кемі он ата-ана арыз жазар еді де полиция келетін еді» деді. Бұл сөздерді естігеннен кейін төбемнен жай түскендей болды. Осы уақытқа дейін мән бермеген нәрсем шынымен өте үлкен проблема екенін сонда ұқтым. Баламның сұғанақтығы бар екенін үйде жүргенде-ақ байқамағаныма налыдым. Бірақ, бұдан да қиыны – әр жерде камера тұратын мына заманда баламның бұл «әдетін» қойдырмасам, ол ертең-ақ «ұрлық жасады» деген баппен сотталып кететінін түсіндім. Бұл ресми ауру ма? Оны кім емдейді? Баламды қайда апарып көрсетемін? Бұл – менің баламда ғана бар жаман әдет пе? Міне, менің жауап іздеген сұрақтарым осы».
Иә, редакциямыздан көмек сұраған ананың мәселесі көп адамда кездеседі. Дегенмен ұрлық жасауға құштарлық ауру екенін ешкім мойындағысы келмейтінін айтады дәрігерлер. Яғни, ресми атауы клептомания деп танылған бұл диагноздың артында психикалық бұзылыс тұрғанын бірі білсе, бірі білмейді екен. Жалпы клептомания диагнозы қандай әрекет арқылы байқалады? Оны кәдімгі қасақана жасалатын ұрлықтан қалай ажыратуға болады? Емделе ме? Осы сұрақтарға жауап алу үшін психиатр, психотерапевт – Анар Тастембековадан сұхбат алып, көмек сұраған анаға кәсіби маманның кеңесін ұсынуға тырыстық.
-Анар ханым, клептомания диагнозы туралы айтып өтсеңіз? Оны қасақана ұрлықтан айырмашылығы қандай?
-Алдымен клептоманияның психикалық бұзылыстар қатарына жататынын айтқым келеді. Яғни бұл дерт адамның ұрлық жасауға деген өзі тоқтата алмайтын, еріксіз пайда болатын ниетімен сипатталады. Яғни көбіне пайда табу немесе баю мақсатында жасалмайды. Керісінше, адам ұрлық жасамас бұрын мазасызданып, ішкі алаңдаушылық сезінеді. Ал ұрлық жасағаннан кейін уақытша жеңілдік, қанағаттану сезімі пайда болса да кейін бұл сезімдер өкінішке, күмән мен қайтадан мазасыздыққа ұласуы мүмкін.
Клептоманияға шалдыққан адамдар көбіне өзіне қажет емес, ешқандай пайда әкелмейтін заттарды ұрлайды. Кейде олар бұл заттарды қолданбайды да, тіпті жүрген жолында тастап кетуі немесе жасырын түрде қайтадан орнына қойып қоюы мүмкін. Ұрлаймын деп алдын ала жоспарламайды да. Көбіне бәрі сол сәтте, кенеттен пайда болған импульс әсерімен жүзеге асады. Яғни бір затты көріп қалады да, аяқ астынан соны алып кеткісі келіп тұрады.
-Аурудың ресми бекітілген диагнозы бар ғой?
Әлбетте. Қазіргі таңда аурулардың халықаралық жіктемесінің 10-нұсқасына сәйкес, клептомания әдеттер мен әуестіктердің бұзылыстары қатарына жатады. Диагноздың ресми атауы – «Ұрлыққа патологиялық құштарлық (клептомания)». Ол F63 коды бойынша тіркелген, яғни психикалық бұзылыс ретінде қарастырылады. Диагноз тек психиатр дәрігер арқылы қойылады. Дегенмен өкініштісі, мұндай бұзылыспен адамдар маманға сирек жүгінеді.

-Қазақта бұл ауруды «сұғанақтық» деп атайды ғой. Яғни қолының сұғағы бар деп айтып жатады. Негізі адам бұл дертке қалай душар болуы мүмкін?
-Негізі бұл ауруға деген генетикалық бейімділік жоққа шығарылмайды. Яғни, егер ата-анасында белгілі бір тәуелділік түрлері болса, оның ықпалы етуі ықтимал. Ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүру де осы аурудың дамуына әсер етуі мүмкін. Белгілері адамның әлеуметтік дағдылары әлсіреп, қарым-қатынас жасау қабілеті төмендей бастағанынан білінеді. Жұмысында, оқуында қиындықтар туындап, отбасы, жақындары және достарымен қарым-қатынасы бұзылады. Және өзіне қажет болмаса да қалта ақтарып, түрлі заттарды ұрлай бастайды.
-Егер адамда осы дерт расталса қандай ем тағайындалады?
-Емдеу тәсілі адамның жағдайына байланысты дер ем. Егер клептомания аясында депрессия немесе мазасыздық бұзылыстары байқалса, ем дәрі-дәрмекпен басталады. Одан кейін психокоррекция жасау керек. Яғни науқаспен психолог, психотерапевт жұмыс істейді. Әр жағдай жеке қаралатындықтан, емдеу ұзақтығы да әр адамда әртүрлі болады.
-Редакциямызға хабарласып, баласының әрекетін баяндап берген ананың хатынан байқағандай, перзентінің бұл әдеті жасөспірім шаққа өтпей тұрғанда басталған екен. Негізі баланың бұл дертке шалдығу бейімділігін азайту үшін қандай қолдау білдірген дұрыс? Не тәрбиені қатаңдату керек пе?
Егер бала үйінде, отбасының арасында өзін қауіпсіз сезінбесе, жиі ұрыс-керіс көріп өссе немесе өз ойын ашық айта алмаса – міндетті түрде күйзеліске түседі. Кейін сол ішкі қысымды белгілі бір жолмен шығаруды қажет етеді. Кей жағдайда бұл ұрлыққа бейімділік арқылы көрінуі мүмкін. Мәселен, бала мектепте немесе үйде өзін «керексіз» сезінеді. Сол кезде ол бір затты ұрлап алу арқылы мен әлі де «бақылаудамын» деп ойлауы мүмкін. Дегенмен оның бұл күйі ұзаққа бармайды. Бір сәтте кінә сезімі пайда болып, өзін одан бетер іштей жей бастайды.
-Яғни барлығы жақындарының қолдауына байланысты дейсіз ғой...
Әрине. Бала қателік жасаса да ет жақыны оны жақсы көретінін , оны әрдайым қолдайтынын білуі тиіс. Сондықтан баламен жиі ашық сөйлесіп, оның сезімін тыңдау маңызды. Ұрысып не жазалаудың орнына, «неге бұлай болды?» деп сабырмен түсінуге тырысқан дұрыс. Сондай-ақ баланы басқа балалармен салыстырмай, оның әрбір жетістігін байқап, қолдап отыруға тырысу керек. Ең бастысы – бақылаудан бұрын перзентіңізбен қарым-қатынас орната біліңіз дер ем. Сонда ол өз мәселесін жасырмай айта алады.
МАҢЫЗДЫ: Клептомания медициналық диагноз болғанымен, ол адамды қылмыстық жауапкершіліктен автоматты түрде босатады дегенді білдірмейді. Қазақстанда мұндай жағдайлар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі аясында адамның психикалық жай-күйін ескере отырып қаралады. Дегенмен «клептомания» деген анықтаманы кез келген «ұрлықшы» да ала салмайды. Ол арнайы мамандардың тексеруімен, қажет болған жағдайда сот-психиатриялық сараптама арқылы дәлелденуі тиіс. Егер осындай сараптама адамның өз әрекетін толық бақылауда ұстай алмағанын немесе психикалық бұзылыстың әсері болғанын анықтаса, сот бұл жағдайды жаза тағайындау кезінде ескеріп, оны жеңілдетуі мүмкін. Дегенмен қандай жағдайда да әр іс жеке қаралады және диагноздың өзі жауапкершіліктен толық құтқара алмайды дейді заң қызметкерлері.