«Әйелі сал, балаларына адам шошырлық әрекет жасаған»: Петропавл полициясы күдікті ер адамды қамады

Автор: Аягөз Құрмаш

Екеуінің 4 жастан 17 жас аралығында бес баласы бар 

Фото: https://www.instagram.com/nemolchikz_official/

Петропавл қаласының тұрғыны өз туысы жайлы сұмдық оқиғаны баяндап берген. Оның айтуынша, ол әйеліне ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көрсетіп келеді. Соның салдарынан әйел сал күйге түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Немолчи.кз» қоғамдық қорына хабарласқан әйелдің туыстары «отбасыдағы бір баланың қайда екенін білмейміз, күйеу баламыз оны ешкімге көрсетпейді, қайда екенін айтпады» деп дабыл қағып, көмек сұраған. Ал үйдегі басқа балаларына адам шошырлық әрекет жасайды дейді. 

«TikTok-та ер адам өз қыздарымен бірге түскен көп қорқынышты видеолар жариялаған. Ол бейнелерде оның жағдайы психикалық тұрғыдан тұрақсыз екені байқалады. Әйел күйеуінен қатты қорыққандықтан арыз жазудан бас тартқан. Бірақ дәрігерлер оның жағдайынан зорлық белгілерін анық көріп отыр», - деп хабарлады «НемолчиKZ» қоры.

Бұл ақпаратты растау үшін редакция полиция департаментіне сұрау жолдады. Полиция департаментінің баспасөз қызметі бір күн ішінде мынандай жауап ұсынды: 

«Петропавл тұрғынына қатысты әлеуметтік желіде жарияланған құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат бойынша полиция тексеру жүргізді. Бұған дейін бұл факті бойынша ішкі істер органдарына ешқандай өтініш түспеген. Отбасының тұрғылықты жеріне полиция қызметкерлері қамқоршылық және қорғаншылық органдарының мамандарымен бірлесіп шұғыл түрде барды. Уәкілетті органдар 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың тұру жағдайына тексеру жүргізді. Көршілерден жауап алынды», - деп хабарлады полицияда.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары балалардың анасының тұрғылықты жері де анықтаған. Әйел бұл жолы күйеуінің үстінен арыз жазған. Оның үстінен әзірге әкімшілік іс қозғалды. Сот оны қамау, тергеу жүргізуге қатысты қандай да бір үкім шығарғанша, ол  изоляторда отырады. Қосымша тексеру шараларының нәтижесі бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданбақ. Полиция бес бала қазір анасының қасында екенін хабарлады.