Статистика бюросының ресми сайтына 90 миллионға жуық адам кірген
Астанада өтіп жатқан «Ұлттық статистика жүйелерін цифрлық трансформациялау» форумына қатысқан Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси еліміздің статистика саласындағы жетістіктері туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Қазақстанның статистикалық жүйесі соңғы жылдары айтарлықтай жаңғыртудан өткен.
«Цифрлық трансформация ұлттық статистикалық жүйелерді дамытудың негізгі басымдығы болып отыр. Мұндай тәсілдер саясатты дәлелді негізде жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Салли Аксуорси.
Елші Қазақстанның халық санағы тәжірибесін де мысалға келтірді. Оның айтуынша, 2021 жылғы халық санағында 21 миллионнан астам азамат онлайн сауалнамаға қатысқан. Ал 2022 жылы Статистика бюросының ресми сайтына 90 миллионға жуық адам кірген.
«Бұл халықтың ресми ақпаратқа деген қызығушылығы мен сенімінің артқанын көрсетеді», - деді ол.
Қазіргі таңда статистикалық портал арқылы сағатына жарты миллионға дейін сұраныс түсіп отырады. Елші мұны Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының жоғары деңгейде екенін дәлелдейтін көрсеткіш деп атады.
Сонымен қатар Салли Аксуорси Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп өткізілген семинарлар мен сессиялардың маңызын ерекше атап өтті.
«Мобильдік деректерді пайдалану және деректер сапасын арттыру бағытында бірлескен жобалар ортақ мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Айта кетейік, форум Қазақстанның статистика саласының 105 жылдығына орай ұйымдастырылды. Іс-шараға ТМД елдері мен өзге мемлекеттердің жетекші сарапшылары, статистика, экономика және деректер талдауы саласындағы мамандар қатысты.
Форумға сондай-ақ БҰҰ, Еуразиялық даму банкі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық құрылымдардың өкілдері келді.