Қазақстанның батысында дрон жарылған: қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Автор: Нұргүл Абай

Зардап шеккендер жоқ дейді министрлік

Фото: t.me/uralsk404

Қорғаныс министрлігі Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылғанын растады. Осыған байланысты ведомство әуе кеңістігін бақылауды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелді. Оның қалдықтары елді мекендерден алшақ аймақта табылды. Зардап шеккендер мен материалдық шығын жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеріс шаралары жүріп жатыр», - делінген ресми хабарламада.

Осы оқиғадан кейін қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдаған. Сондай-ақ бұл аппарат тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультация жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Бөрлі ауданының Қызылтал кентіне жақын маңда дрон жарылғаны туралы ақпарат тараған. Куәгерлердің айтуынша, соққының қатты болғаны соншалық, үйлердің шатыры ұшып кете жаздаған.