Бір қыз комаға түсіп, тағы бір әйел көз жұмған: Астанада пластикалық хирургке қатысты іс қозғалды (ВИДЕО)
Ол екі пациенттің мұрнына операция жасаған
Астанада мұрынға пластикалық ота жасайтын дәрігердің қолынан 60 жастағы әйел қайтыс болып, 22 жастағы қыз жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК арнасы мәлім еткендей, екі жағдай әр уақытта және әртүрлі жеке клиникаларда болған.
Полиция дерегінше, биыл сәуір айында 22 жастағы қала тұрғыны жеке клиникалардың бірінде мұрнына пластикалық ота жасатқан. Алайда операциядан кейін пациент комаға түскен. Маусым айында 60 жастағы әйел дәл сол хирург жүргізген пластикалық отадан кейін көз жұмған. Бұл жолы ота басқа лицензиясы жоқ клиникада жасалған. Медициналық орталық заңсыз жұмыс істеген.
Құқық қорғау органдары екі факті бойынша да Қылмыстық кодекстің «Медициналық қызметкердің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Пластикалық отадан аман қалған пациент қазір ем қабылдап жүр. Ал ота жасалған клиниканы Денсаулық сақтау министрлігі әлі тексермеген. Ведомство тек алдағы аптада тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.
Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, қылмыстық іс қозғалды.