Нью-Йорк мэрі Қазақстанға Республика күніне арнап ерекше сыйлық табыстады

Автор: Темірхан Айжан

Манхэттеннің қаржы орталығында Қазақстанның Мемлекеттік туы көтерілді

Фото: gov.kz

Нью-Йорк мэрі Эрик Адамс Республика күніне орай 23 қазанды «Қазақ мұрасы күні» деп жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Манхэттеннің қаржы орталығында Қазақстанның Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті. Сол жерде Эрик Адамс Республика күніне орай Нью-Йорк қаласындағы Бас консул Рауан Тлеулинге ресми прокламацияны табыстады.

«Қазақстан Орталық Азиядағы мемлекет. Оның аумағы батыстағы Каспий теңізінен шығыстағы Қытай мен Ресей шекарасындағы Алтай тауларына дейін созылып жатыр. Бұл ел көне Жібек жолының бойында орналасқандықтан, Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени және сауда байланыстарын нығайтуда маңызды рөл атқарған. Қазақстан - кең даласы, шөлдері, таулары мен көлдері бар көркем табиғаты мен бай табиғи ресурстары, әртарапты экономикасымен және өнер мен мәдениеті тоғысқан дәстүрімен ерекшеленетін мемлекет», - делінген құжатта.

Сондай-ақ прокламацияда Қазақстанның Республика күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған, тәуелсіздік жолының басталғанын еске алатын мереке екені жазылған.

«Ал бүгін таңертең Манхэттеннің тарихи Боулинг Грин саябағында өтетін рәсімде, біз өз елдеріміз арасындағы достық пен серіктестікті тағы бір мәрте растаймыз және Нью-Йорктің көпұлтты мәдени өміріне үлес қосқан қазақ-америкалықтарды құрметтейміз.Сондықтан мен, Эрик Адамс, Нью-Йорк қаласының мэрі, осы арқылы 2025 жылғы 23 қазанды Нью-Йорк қаласында «Қазақ мұрасы күні» деп жариялаймын», - делінген құжатта.