Санаэ Такаити бірінші турда жеңіске жеткен
Жапония үкіметін тарихта алғаш рет әйел басқаратын болды. Бүгін Либералдық-демократиялық партияның төрайымы Санаэ Такаити парламентте премьер-министр болып сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Japantimes басылымына сілтеме жасап.
Либералдық-демократиялық партия мен Жапон инновациялық партиясы бірлесіп, Такаитиді премьер-министр ету үшін коалиция құрған. Такаити тәуелсіз депутаттардың дауысымен бірінші турда-ақ Үкімет басына сайланды.
Ол 237 дауыс жинаса, Жапония Конституциялық-демократиялық партиясының лидері Ёсихико Нода 149 дауыс алды.
Сайлауалды науқан кезінде Такаити билікке келген жағдайда әйел депутаттарды көбірек тағайындайтынын айтқан.
Консервативтік көзқарастағы Санаэ Такаити билікке келуімен Жапонияда оңшыл саясат күшеюі мүмкін.