Қазақстаннан 7 млн масканы заңсыз алып шықпақ болған

Автор: Azattyq Rýhy

Шекарадан жалған құжатпен шыққысы келетіндердің де саны артқан

Пандемия кезінде шекара арқылы заңмен тыйым салынған заттарды алып шығу әрекеттері тыйылмай тұр. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі өкілдері хабарлады.

«Біз елден 7 миллион маска, 20 мыңнан аса респиратор, 3 мың қорғаныс костюмі, 4 млн-ға жуық қорғаныс қолғабын алып өтпек болғандардың жолын кестік», - деді жұма күнгі брифингте ҚР ҰҚК Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары Олег Фисенко. 

Сонымен бірге елден заңсыз құжатпен шығуға талпынатындар да көп. Пандемия кезеңінде 22 азамат жалған жүргізуші куәлігімен, 4 адам басқаның құжатымен өтуге әрекеттенген. Шекарадан бағалы заттарды заңсыз өткізуге ұмтылған 23 азамат ұсталған.

Шекарашылардың сөзінше, қазір карантиндік шектеулер аясында елдегі 1001 шекаралық-өткізу пунктінің 12-сі жабық тұр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан