АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесін өзгерткен қазақ қызы халыққа үндеу жолдады

Автор: Темірхан Айжан

Ол шетелде жүрсе де Қазақстанның мүддесіне жұмыс істеп келеді 

Фото: facebook.com/ainur.aiypkhanova

Индиана штатының денсаулық сақтау жүйесіне IT жаңалық енгізген қазақ қызы отандастарына үндеу жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Доктор Айнұр Айыпханова кейінгі кезде өзі туралы қате ақпарат тарап жатқанын айтты.

«Кейбір ақпарат құралдары мені «елден біреулер кетірді» немесе «елде бәрі нашар болған соң кетті» деген сыңайлы хабар таратып жатыр екен. Ал шындығында, мен күтпеген жерден грин-карта ұтып алғаныма байланысты кеттім. Денсаулық сақтау министрлігінен өз еркіммен жұмыстан шықтым. Әлем қазір жаһанданған, сондықтан мен жаңа елде, жаңа ортада өз білімім мен тәжірибемді сынап көргім келді», - деп түсіндірді ол.

Ғалым шетелде жүрсе де Қазақстанның мүддесіне жұмыс істеп жүргенін айтты. Ол Дүниежүзілік банктен елімізге 200 000 АҚШ долларын алып берген.

«Сондай-ақ «IT бағдарламасы «клиникаларда» енгізіліп жатқан жоқ, «штат деңгейіндегі мемлекеттік органдарда» іске асып жатыр. Мен қазіргі күні елімнің мүддесі үшін бірнеше жобаны атқарып жатырмын. Басшылықтың рұхсатымен, жұмыс уақытынан тыс кезде айналысамын. Мысалы, өткен жылы мен жазған гранттық өтінім байқауда жеңіп, Қазақстанға Дүниежүзілік банктен шамамен 200 000 АҚШ доллары көлемінде кіріс кірді.  Алдағы желтоқсанда үш күнге демалыс алып, Чикагода келіссөздер жүргіземін және медициналық қызметкерлердің білімін бағалау саласында тағы бір қазақстандық ұйым мен олардың америкалық серіктесі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды жаңалауға барамын», - деді Айнұр Айыпханова.

Айта кетсек, ол бұрынғы әріптесі, экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың сотында куә болған еді.

Доктор Айнұр Айыпханова 2023 жылы Индиана штатындағы Денсаулық сақтау департаментінің қатерлі ісік тізілімі (ISCR) бөлімінің директоры болып тағайындалған. Ол келген соң, штаттың денсаулық сақтау жүйесінде үлкен өзгеріс болды. Айнұр Айыпханова ескі қолмен өңдеу жүйесін жаңа цифрлы бағдарламаға ауыстырды. Нәтижесінде 76 мыңнан астам іс қысқарды, штат бюджетін 511 мың долларға үнемдеді. Халық денсаулығын қорғау жөніндегі басты ғылыми және бақылаушы орталық (CDC) қазақ қызы енгізген жаңалықты АҚШ стандарттарына сай жоғары сапалы деректер ұсынатын жүйе ретінде мойындады.