Қазір жыртқыштың қайдан келгені анықталып жатыр
Бүгін, таңғы сағат 5:30-да жергілікті тұрғындар Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында арыстан жүргенін хабарлады, деп жазады Орман шарушылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
«Полиция департаменті мен Маңғыстау облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жыртқыш аңды аулауға шықты. Мамандар арыстанды ұстап, қазір «Қошқар ата» аймағында бақылауға алды», - жазды ол.
Баспасөз хатшысының сөзінше, арыстанның жасы шамамен, бір-бір жарымда, жынысы - еркек, Африка арыстандарының бір түрі. Адамдардан қорықпайды екен. Соған қарағанда, жыртқыш қолда өскен болса керек.
Жыртқыш СИТЕС конвенциясы тізіміне (жабайы фауна мен флораның жойылып бара жатқан түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция) енгізілді.
«Иесінің жеке басын анықтап, құжаттарды тексергеннен кейін арыстанның тағдыры шешіледі», -деді ол.