Алматыда ПТР-тесттің тоқтап қалуына Air Аstana кінәлі – Medical Partners Korea
Әуе компаниясы Сеулден жеткізілетін жүкті тастап кеткен
Алматыдағы COVID-19 вирусын анықтайтын ПТР-тест орталығы жұмысының тоқтауына Air Аstana әуе компаниясының жауапсыздығы себеп болды. Күніне 2 500 адамнан коронавирусты анықтау үшін тест алып отырған Medical Partners Korea компаниясының құрылтайшысы Ғалымжан Тоғызбаев Azattyq Rýhy тілшісіне осылай деп мәлімдеді.
Ақпарат агенттігіне сұқбат берген компания өкілі 19 маусым күні «Нұрлы тау» кешені алдындағы лагердің жабылғанын айтты. Оған Оңтүстік Кореядан жеткізілетін қосымша құрал-жабдықтардың уақытында келмеуі себеп болды. Елдегі ірі әуе тасымалдаушы қаладағы ең жүйелі жұмыс істеп тұрған қауіпті инфекцияны анықтау орталығының қажетті заттарын ұшақ бортынан түсіріп кеткен.
«Пандемия оңайға соғып жатқан жоқ. Көріп отырсыздар. Бізге халықаралық әуе рейстеріне қол жеткізу қиын. Air Аstana 22 маусымда өз ұшағынан бізге айтпай жүктерді түсіріп тастаған. Оны тек 23 маусым таңертең хабарлады. Соның кесірінен Сеулден Алматыға ұшып келетін өзге әуе компаниясының рейсінен де айырылып қалдық. Енді ол аптасына бір-ақ рет ұшады. Бұл медициналық жүктің ішінде ПТР-тест тапсыратын аппараттарға арналған жабдықтау құрылғылары бар еді. Сол себептен, біз Алматыдағы тест тапсыру орталығының жұмысын тоқтаттық»,- дейді MPK Qazaqstan компаниясының өкілі.
Суретте: «Нұрлы тау» кешенінің алдандағы тест орталығы
Алматыға жеткізілуі тиіс медициналық жүктің салмағы 297 килограмм. Коронавирус белгілерін растайтын немесе теріске шығаратын тест құрылғыларын үзбей жеткізу адам денсаулығын арашалауға өз септігін тигізеді. Медициналық компания мемлекет үшін де маңызды бұл науқан уақытында салғырттық жасаған әуе компаниясына жағдайды түзету үшін ұсыныс жасап отыр.
«Біз алдын ала жоспарлап, реагенттер, пробиркалардың ұшып келетін даталарын күнтізбеге сәйкес реттеп отырамыз. Сол сияқты бұл қондырғылар да осы рейске жоспарланған болатын. Air Аstana әуе компаниясынан чартерлік рейс ұйымдастыруды сұрап, хат жолдадық. Ескертусіз түсіріп тастаған жүктеріңіздің кесірі халыққа тиіп отыр. Ең құрығанда осы олқылықтың орнын толтыру үшін жеке рейс ұйымдастырыңыздар, шығынның 50 пайызын өз мойнымызға алайық деп отырмыз. Бірақ әуе компаниясы оған келіскен жоқ. Енді тест қабылдау жұмысын қашан бастайтынымыз белгісіз»,- дейді Ғ. Тоғызбаев.
MPK Qazaqstan Оңтүстік Кореядан келетін жүктің ішіндегі реагенттерді, тестке арналған материалдарға бір ай бұрын тапсырыс берген. Заттар сақтандырылған, ал оны Алматыға жеткізу үшін екі апта бұрын логистикалық процедуралар жасалды. Компания өкілдері Алматыдағы ПТР-тест тапсыру аппараттары АҚШ-та жасалатынын, бірақ қосымша жабдықтауыш құрылғылары тек Кореяда өндірілетінін айтады.
Air Аstana әуе компаниясы бұл мәселеге орай ресми жауап берді. Тасымалдаушының өкілдері Сеул – Алматы бағыты бойынша ұшып шыққан әуе кемесі артық жүк көтере алмағандықтан, медициналық жабдықтардың сыймай қалғанын айтады. Пандемияның қатерін есепке алып, Оңтүстік Кореяда қалған бұл заттар таяудағы рейспен жеткізіледі, делінген әуе компаниясының Azattyq Rýhy-на жолдаған хатында.
Скриншот. Air Аstana әуе компаниясының ресми жауабы
«Medical Partners Korea компаниясының тасымалдаушы «Сеул-Алматы» бағытындағы рейстен медициналық жүкті түсіргені туралы хабарламасына Air Astana әуе компаниясы мынадай түсініктеме береді. Бұл жолаушы рейсі Airbus A321 neo толық жүктемесімен орындалған. Ұшақ ішінде 142 жолаушы және 3732 кг жолжүк болған. Жолаушы рейсін орындағанда басымдық жолаушылар жүгіне беріледі. Өкінішке қарай, MPK мүддесіне өкілдік еткен жүк компаниясы әуе компаниясын бұл жүктің медициналық қолданылуы туралы хабарламаған. Air Astana компаниясына жүкті басым тасымалдауы туралы алдын ала өтініш келіп түспеген, сондықтан әуе компаниясы стандарттық рәсімге сәйкес әрекет жасаған. Жағдайдың қиындығын есепке алып, әуе компаниясы жүкті Оңтүстік Кореядан басым негізінде таяудағы рейспен жеткізеді»,- делінген Air Аstana компаниясының ресми жауабында.
Қосымша құрылғылар жиілігі 4-5 айға есептеледі. Компания COVID-19 инфекциясына наурыз айында тест алуды бастаған. Наурыздың 15-мен сәуірдің 4-не дейін 1 мың сараптама тегін жасалыпты. Содан соң мемлекеттік тапсырыс алған.
«Ал мамыр айында ақылы жүргізе бастадық. Барлық шығындарды есептегенде, бір ПТР-тесттің бағасы – 17 500 теңге. Бірақ біз халық үшін 15 500 теңге деген баға қойдық. Негізі, ПТР-дің түрі көп. Бірақ біздің қолданып жатқан әдісіміз әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын түрі»,- дейді орталық мамандары.
Айта кету керек, «Нұрлы тау» тұрғын үй кешенінің жанындағы орталық енді тек жаяу адамдардың тест тапсыруына арналады. Ал көліктен түспей сынама өткізу «Халық Арена» спорт кешенінің алдындағы алаңда ұйымдастырылады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы