«Балаларға кәмпит беріп, алдайды»: Алматы полициясы ата-аналарды сабырға шақырды

Автор: Бақыт Шынар

Әлеуметтік желіде қаладағы бір мектептің айналасында күдікті адам жүр деген мәлімет тарап еді

Фото: istockphoto.com

Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, редакция телеграмм арналардың бірінде тараған ақпаратқа қатысты полиция департаментінің түсініктемесін сұраған еді.

«Алматы қаласындағы №117 мектеп оқушыларының ата-аналар чатында мектеп маңында күдікті адам жүргені туралы ақпарат тарап жатыр. Олардың айтуынша, ол балаларға кәмпит беріп, үйлердің кіреберісіне қарай шақырады», - деп жазылған еді ақпаратта.

Полиция департаментінің мәліметінше, ата-аналардан немесе мектеп ұжымынан арыз түспеген.

«Бұл мәселеге қатысты ешқандай өтініштер, арыздар немесе расталған деректер тіркелмегенін хабарлаймыз. Ата-аналар, педагогтер немесе куәгерлер тарапынан осындай ақпаратпен полицияға жүгінген адамдар жоқ. Дегенмен, ықтимал тәуекелдердің алдын алу мақсатында іргелес аумақтар тексеріледі», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Полиция азаматтарды сабыр сақтауға және қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырады.