«Дариғаны жақсы танимын»: адвокат Бадықованың экс-күйеуін сотқа берді

Автор: Темірхан Айжан

Ол Дархан Мұсаевтың сөзінен заңсыздықты көрген 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Актриса Дариға Бадықованың қорғаушысы оның экс-күйеуі Дархан Мұсаевтың үстінен үстінен арыз түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек желідегі парақшасында жариялады.

«Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағида бар. Отбасылық құпияны бұзу - бұл жай ғана әдепсіздік емес, заң алдында нақты қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Күйеуі мұны білмеуі мүмкін, бірақ журналистердің заңнан бейхабар болуы мүмкін емес», - деген адвокат.

Бұған дейін актрисаның бұрынғы жұбайы актер Дархан Мұсаев Нұрсейіт Жылқышыбайға ажырасуы туралы сұхбат беріп, отбасындағы біраз сырды ақтарып тастаған болатын. Ол туыстарының қызын бала күнінде асырап алғанын да айтқан.

«Баланы асырап алу - отбасылық және жеке өмірге қатысты құпия болып саналады. Бұл құпияны жария ету - ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы (Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу) және 146-бабы (Бала асырап алу құпиясын жария ету) бойынша жауапкершілікке әкеледі. Мен Дариғаны көп жылдан бері жақсы танимын. Ажырасу кезеңінде қандай қиындықтардан өткенін де білемін. Сондықтан оның заңды мүддесін қорғаушы өкілі ретінде, Жылқышыбай мен Дарханның әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арызды Алматы қаласының Ішкі істер департаментіне ресми түрде жолдаймын. Бұл жағдай тек жеке адамның ар-намысына ғана емес, бүкіл қоғамдағы журналистік этика мен заң үстемдігіне қатысты мәселе», - деді Айгүл Орынбек.

Адвокат барлық бұқаралық ақпарат құралдарын медиа заңнамасын қатаң сақтауға, жеке тұлғалардың жеке өміріне қол сұқпауға шақырды.

«Журналист - ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін адам. Сондықтан рейтингі үшін біреудің тағдырын талқыға салу - кәсіби абыройға көлеңке түсіреді», - дейді Айгүл Орынбек.