«Өртеніп кетсеңдер де, су бергізбеймін»: Алматы облысында мыңдаған гектар егіс алқабы қурап жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Шелек ауылындағы шаруалардың жанайқайы

Коллаж: Жанар Жумабекова

Алматы облысының шаруалары биыл өнімсіз қалуы мүмкін. Еңбекшіқазақ ауданының 150-ге жуық шаруа қожалығына қажетті мөлшерде су берілмегендіктен, егіс алқабы қурап, күннің ыстығында күйіп барады. Шаруалар мыңдаған гектар жерге соя, жүгері, бидай, жоңышқа егіпті. Бұдан бөлек, өрік, алма өсіретін ондаған бау-бақша тағы бар. Жерден емген ел диқандары Бартоғай бөгеніне жиналған судан жаз бойы егін сауарып, қажетті суды сатып алады. Алайда, қоймадағы су мөлшері «азайып кетті» деген желеумен, «ҚазСу шаруашылығы» берілетін су көлемін күрт қысқартып тастаған.

«1150 гектар егістік жеріміз бар. Бидай, соя, жүгері, бау-бақшамыз бар. 48 шаруа қожалығы біріккен.  Біріншіден, судың бағасын ең қажет кезде көтеріп тастайды. Екіншіден, алдын ала қажетті судың мөлшері белгілі болса да, сол тапсырысты орындамайды. Каналда су жоқ дейді. Су бар, бірақ оны Алматы жаққа жіберіп жатыр. 48 шаруа қожалығы қажетті өнімді алу үшін секундына 2 текше метр су берілуі қажет. Қазір бізге 1,3 текше метр су ағады. Ол тастақ жерге сіңіп, күннің ыстығында буланып, егінге су мүлдем жетпей қурап жатыр», - дейді «Масақ су» кооперативінің төрағасы Ербосын Жақабай. 

«КРЫШАСЫ» ЖОҚТАР СУ АЛА АЛМАЙ ОТЫР»

Жағдайды айтып, шырылдаған шаруалар шенділердің жауабын естіген соң, тіптен түңіліп кеткен. «ҚазСу шаруашылығы» мекемесінің басшылары «Алқапты аман алып қаламын десеңдер, егілген егін мен жердің жартысынан бас тартыңдар» деген көрінеді.

 «Егіншілікпен айналысып жатқаныма 30 жыл болды. Былтырғы су биыл да бар, каналға сыймай жатыр су. Мен басқаратын шаруашылықта 400 отбасы жұмыс істейді, яғни кемінде 1200 адам осы жермен жан бағып отыр. 3500 гектар жерге егін егілген. Біреуі несие алып егін салды, бірі қарызданып соя екті. Енді жаз ортасында су бермей отыр. «Судың жетіспейтінін неге бізге наурызда айтпадыңдар» десек, жауап жоқ. Су жоқ емес, бар. Қоймадағы суды Алматы жаққа, прокуратурада, салықта ағалары, көкелері бар бизнесмендердің егіні қурамасын деп жіберіп жатыр. Сонда «крышасы» жоқтар су ала алмай отыр. Су қоймасының бастығы кеше бізге «Шелектіктер, өртеніп кетсеңдер де, сендерге су бергізбеймін» деді. Дөкейлердің халыққа, шаруаларға деген қарым-қатынасы, міне, осындай, масқара!  Жердің жартысын тастап, жартысын құтқарып қалсаңдар, соған рахмет айтыңдар дейді судың қожайындары. Алқап күйіп жатыр»  - деп ашынды «Авангард» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрайымы  Арзыгүл Қабашова.

«АЛМАТЫ – ҚОРҒАС ТАС ЖОЛЫН ЖАБАМЫЗ»

Ауданда Сөгеті, Шелек, Асы, Қорам, Масақ сынды барлығы 24 ауылдық округ бар. Олардың ішінде 10 ауылдың шаруалары Бартоғай бөгетіне жиналған су арқылы жерлерін суарып, жан бағады. Тек бір ғана Нұрлы ауылдық округіндегі 51 шаруа қожалығы 2400 гектарға тұқым тастаған. Халық су азайып қалды дегенге сенбейді. Дәлел ретінде арнасынан аса 5 метр тереңдікпен ағып жатқан Қонаев каналындағы суды да көрсетті. 

«Жанымыз қысылып, баратын жеріміз қалмады. Конаев атамыздың каналы суға толы. Бізге міне, аяқ астынан «су бітті» дейді. Іле ауданынан 1 мың гектар, Қарасай, Талғар аудандарынан бәлен мың гектар егін еккен тағы біреулер шыққан. Олар алсын, алмасын демейміз. Бірақ мына жердегі судың, даланың иесі осы халық қой. Неге өз халқы өз жерінде сарқырап жатқан  суды ала алмайды? Бастықтар каналдың суын сол жаққа жіберіп жатыр.

Нанын жер тырмалап тауып отырған халыққа егіннің жартысын тастаңдар деп ақыл айтады. Біз не істеу керек екенін білеміз, тек бізге су берсін!  Жаздың ортасында су бермегені қалай? Болмаса, ертең автобанды (авт. Алматы – Қорғас тас жолы) жабамыз. Бізге жан бағу керк. Басқа баратын жеріміз жоқ. 50 гектарға жүгері, 15 гектарға бидай ектім. Оны алмасам, бала-шаға, немерем аш қалады, малым қырылады. Тұқым, тыңайтқыш, трактор, бәрі қымбат. Соның бәрін тауып, егіп қойғанда, енді келіп су жоқ дегендері ақылға қонымсыз. Бұл – қастандық», - деді шағын шаруа қожалығының иесі Ырыскелді Жақабаев.  

«Зейнеткер болсам да жермен айналысып жатырмыз. Біздің ауылда 51 қожалық бар. Бәрінің күнкөрісі осы. Ауданның басшылары неге осыны реттей алмайды? Егін өсе бастағанда суды құртып жібереді. Каналда секундына 40-50 текше метр су бір ай бостан босқа ағып жатты. Соны неге жинап қоймайды?  Нұрлы ауылы – ауданның ең шеткі елдімекені. Тастың үстінде отыр. Егін тастақ жерге егілгендіктен тез күйіп, су жерге сіңіп жоқ болып кетеді. Үш сағат су берілмесе жер аппақ, болып шыға келеді. Аудан басшылары су жоқ жеп өтірік алдамасын!  Мына қалың адам ерігіп жүрген жоқ. Сонда қалтасы томпақтау, қаржысы көптер күн көру керек те, біз сияқты тіреуі жоқтар шығынға батып жатуымыз керек пе?», - дейді Нұрлы ауылының тұрғыны Ерік Тойбаев.

СУ АҚШАСЫН АЛДЫН АЛА ТӨЛЕП ҚОЙҒАН

Шаруалар өлшеммен жіберілген әр текше суға 33 тиын төлеп келсе, бұдан былай 44 тиын төлемек. Асан Асылбеков 400 гектар жері үшін суға 5 миллион теңге төлеуі тиіс. Алайда, ақшаның жартысын алдын ала төлесе де, су қажетті мөлшерде берілмегендіктен, еккен егіні сарғая бастаған.

Ашынған шаруалар мемлекеттің  өнім көлемін көбейт деген тапсырмасының орындалуына жергілікті билік кедергі келтіріп отыр деп санайды. Бір гектар жерге соя өсіруге шамамен, 150 мың теңге шығын шығады екен. Ал мыңдаған гектар жерге миллиондаған қаржы шығарған. Сусыз қалғандар «ҚазСу шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы филиалының бөлімшесіне келді.

«Бартоғай су қоймасына сәуірде 295 миллион текше метр су жиналса, қазір ол бөгетте 100 миллион текше метр су қалды. Судың тапшы болуы мұздақтардан келетін еріген қар суының мөлшеріне байланысты. Қоймаға таңертең секундына 34 текше метр су ақса, қазір, міне, түсте 7-8 текше метр келіп жатыр. Таудың салқын болуынан су аз ағып жатыр. Каналмен басқа жақа кетіп жатқан суға мен жауап бермеймін. Шелек бөлімшесіне секундына 41 текше метр су керек болса, 28 текше метр көлемінде су бөліп беріп жатырмын. Бұл Құдайдың ісі болса біз қайтеміз?!», -  деп айқайлаған филиал директоры  Нұрғожа Жусанбаев кабинетіне кіріп кетті.

Шаруалардың сөзінше, сояға сұраныс жоғары. Сапалы өнім алу үшін жаз мезгілінде алқапты кемінде 8-9 рет суару қажет. Ал олардың кейбірі әлі толыққанды бірде-бір рет су жібере алмаған. Шаруалар мол суды еркін пайдаланған «крышасы» мықты кәсіпкерлер күзде бітік шыққан өнімді қымбатқа сата алады дейді. Ал, Шелек тұрғындары мына түрімен шығынға шаш етектен батуы мүмкін.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы