Жомарт Ертаевтың рақымшылық туралы құжатына түрме басшысы қол қоймаған болып шықты

Автор: Бақыт Шынар

Соттың баспасөз қызметі мәселеге қатысты комментарий берді

Фото:Жомарт Ертаевтың парақшасынан

Алматы облыстық соты апелляция тәртібімен экс-банкир Жомарт Ертаевқа қатысты рақымшылық қолдану туралы істі қарап, бірінші соттың шешімін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Алматы облысы Алатау қаласының соты 2025 жылғы 2 қыркүйекте қаулы шығара отырып, Ертаевқа рақымшылық жасаған ежі.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабы 6-тармағына сәйкес, оған 11 ай 16 күн өтелмеген жаза мерзімі бойынша рақымшылық жасалған болатын. Аталған рақымшылық тармағына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, жағымсыз мінез-құлқы жоқ, өтеуге қалған жаза мерзімі 1 жылдан аспайтын сотталғандарға жазаның өтелмеген бөлігі қысқартылады», - деп түсіндірген істің мән-жайын Алматы облысының соты.

Бірақ, апелляция сатысындағы сот материалды зерделей келе, Ертаев рақымшылыққа ілінетіндей, жазасының тиісті мерзімін өтеген жоқ деген қорытындыға келген.

«Ертаев екі үкіммен сотталған: 2020 жылғы 16 қарашадағы және 2021 жылғы 3 наурыздағы. 2021 жылғы 25 маусымдағы Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының қаулысымен бұл үкімдер жиынтығымен түпкілікті жаза мерзімі белгіленген. Алайда, аталған қаулыда бірінші үкім бойынша өтелген жазаны есептеу мәселесі қарастырылмаған. Сонымен қатар, Ертаевқа жаза мерзімі қай үкімнен бастап есептелетіні көрсетілмеген. Алатау қаласы сотының қаулысымен №14 мекеменің анықтамасы арасында өтелмеген жаза мерзімі бойынша алшақтықтар бар», - деп хабарлайды сот.

Сондай-ақ, Алматы облысының соты хабарлағандай, оның рақымшылыққа ілінетіні турады анықтамасына түрме бастығы қол қоймаған екен.

«Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты, сотталған Ертаевқа рақымшылық актісін қолдану туралы сот қаулысы күшін жойып, өтінішін қанағаттандырған жоқ», - деп хабарлайды Алматы облысының соты.