Екеуі туристің көлігін оталдырып беріп, қонақ үй табуға көмектескен
Қостанай облысында учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Махин Германиядан келген туристке көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, неміс әйелдің көлігі оталмай қалған.
«Кешкі патрульдеу кезінде Мичурин ауылдық округінің бір ауылында учаскелік полиция инспекторы Нұрсұлтан Махин шетелдік нөмірлі автокөлікті байқайды. Рөлде – Қазақстан арқылы транзитпен сапар шегіп жүрген Германияның азаматшасы отыр екен. Инспектор қандай да бір жағдай болса хабарласуына болады деп туристке жеке нөмірін берген», - деп жазады дереккөз.
Турист әйел полиция қызметкеріне ертеңінде-ақ хабарлама жазған екен: түнгі бораннан кейін оның көлігі оталмай қалыпты.
«Полицей мен ауылдық округтің әкімі көлікті жылы гаражға сүйреп апарып, оны оталдырып берген. Сондай-ақ туристке қонақ үйден орын алып берген. Қонақ сапарын жалғастырып, Қазақстандағы полицияның мейірімділігі мен жедел көмегіне риза болған», - деп хабарлайды полиция.